Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық етік кисең, ем іздемейсің

0 658

«Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген қазақ аяқ киімге мән бергені о бастан-ақ белгілі. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деп ырымдайтын қазақ, әрине, бұл сөзді тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында қолданып тұр. Дегенмен де келін түскен үй табалдырыққа жұмсақ тері төсеп қоятын ырым бар. Ол «келінімнің аяғынан сыз өткізбей қадірлеймін» деген құрметі болса керек. Не болса да, қазақта жалғыз аяқ киім ғана емес, жалпы ұлттық киім үлгілерінің өзіне тән ерекшеліктері болғаны анық.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Біз ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында қазақтың ұлттық етіктері туралы мақала жазбақ болып іздендік. Нақты бір аражігін ажыратып беретін шеберді де немесе білгішті де таппадық. Бірақ ізденісіміз де ізсіз қалмады. Жалпы етік дегеннің не екенін сұраса, былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім деп кім болса да айтатыны анық. Алайда көбі ары қарай тосыла береді. Оған себеп, біздің күнделікті тұрмысымызда қолданбауымыз болса керек. Бірақ қазақ қара өлеңдерінде немесе ән мәтіндерінде мынадай жолдар кездесетіні бар: «Аяғыма кигенім былғары етік, табанымнан барады ызғар өтіп» деп келеді немесе Мұқағали өлеңінде «Аяғыңа киіп ап саптама етік, талайларды кетуші ең аттап өтіп» деп әспеттегендегі саптама етік – байпақ салып киетін қысқа арналған аяқ киім екені белгілі, яғни ішкі астары бар былғарыдан тігілген. Сонымен қатар етіктің мынадай түрлері бар. Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік. Қайқыбас етік – көбінде балуандар киген, кейде сәндік үшін лауазымды адамдар да киген басы қайқылау келген жайлы етік. Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі. Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім (аңыздарда «Ер Төстік көлге келген аққудың кебісін алып қалады» деп келеді). Мәсі – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім. Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім. Ал ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз, қазір былғарыдан да салынып жүр. Қазақ жолым ашық болсын деп ұлтарақ салғанда, басын ортасынан тіліп қоятын ырымы да бар. Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім. Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім. Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім. Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ матаның аты. Пима – жүннен басылған жылы, қонышы ұзын қыстық аяқ киім. Міне, осындай етіктің көптеген түрлері мен атаулары бар. Олардың жасалуы туралы етікшілерден жеке-жеке сұрағанымызда, Төлепхан Шораұлы атты шебер әркімнің әртүрлі жасау жолы бар екенін айта келе, үлкендерден естігені бойынша жасап жүрген етіктер туралы былай түсініктеме берді.

– Саптама етік – етіктің төресі деп айтылады. Саптама етіктің қонышы ұзын, тізенің астына келген жерден бір түйін тастап бүктеп қояды екен. Бұл енді бір жағы кездік, қамшыны қонышына тығып қою үшін болса керек. Тарамыстармен қайып жасалады. Оны қаю тарамыс деп атайды. Оны малдың алдыңғы, артқы жіліншігінен алып кептіреді, бірақ өте қатты қылып жібермей, құм сағыз болғанда тоқпақпен ұрып-ұрып жұмсартып, түтіп, содан тарап алып, бізбен былғарыны тесіп тігеді. Анығырақ айтсақ, алдымен сұқпа біз, артынан ілмек бізбен тігеді. Табанының астына бір былғары, ортасына қайыңды жұқалап салып, сыртына қатты шәм қылып тігіп тастайды екен. Ол оңайлықпен тозбайды. Көксауыр етікті мырзалар киген. Теріні көктарғыл қылып жасап, тігісті тарамыспен тігеді. Яғни тігісі сыртына қаратылып тігілген сияқты болып, қайыстан гүл шығарып, сыртына тігіспен өрнек салып тігеді. Тағы шетік етік деген болады. Ол жалаң табан, кішкене ғана өкше салып, шолақ қоныш етіп тігеді. Өкше болғанда, ол бір қабат қайыс салады, болды. Қайыңнан шеге жасап, өрік ағашының желімін қайнатып, соған бір малып алып қағып жасайды. Ал рабат етік – іші тақыр былғарыдан жасалған, жалаң табан, бірақ оны қайың шегемен ұстатпайды, тек тарамыс арқылы тігетін, оң-теріс деп бөлінбейтін етік. Құрым етік «қос табан, қонышын қайырып тастаған» дегендегі етік, қос табандап, басы қисық жасалады. Қазіргі темір салатын жеріне қайыңды жұқалап салған екен. Халық арасында «Аяғымда етік бар шежемейлі, арғымақ қарны ашқанда не жемейді» деп келетін өлең жолы бар. Сондағы шежемейлі етік – ол әйел адамдарға арналған, етіктің сыртқы бетіне күмістен шеге қағып, оны тарамыспен айналдыра гүл жасап тігеді. Ал шақай деген аяқ киімді қия бетте жүргенде тайғақ келгендіктен, табанына төрт таға қағып киетін болған екен, – дейді Төлепхан Шораұлы.

Жалпы бұлардың тігілумен қатар, түсінің де ерекшелігі болған деуге болады. Мысалы, қазақта «Көн етігің тұрғанда көк етікке көз сүзбе» деген бар. Мүмкін әр жерде әрқалай айтылар, кей жерде бұл сөз «көне етікті» деп ескірген деген мағынада қолданылып та жүр. Бірақ қазақта сал-серілер, әнші-жыршылар көк етік киген көрінеді, бояуына, түсіне қарай солай аталса керек. Ал «көне етікті» дегеннен гөрі біз «көн етікті» деп алғанды жөн көрдік. Себебі қазақта «көн етік» деген де болған, яғни ол – теріден жұмысқа арналып тігілген аяқ киім. Демек, «қарапайым өз адамың тұрғанда, сырттағы елге көз сүзбе» деген нақыл шығып тұрған жоқ па?!

Біз осыдан біраз бұрын әскери орындарға барып, әскерге шақырылған балалар көбінде қандай аурумен ауыратынын сұрағанда, олар бірден «майтабан ауруымен ауырады» деген болатын. Біздің осы жазып отырған мақаламыздағы сөздің арқауы қазақтың ұлттық етіктері және оның денсаулыққа пайдасы жайында болғандықтан, біз арнайы аяқ ауруларын емдейтін мамандармен де пікір алмасқан болатынбыз. Ол туралы Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының ортопед-травматологы Ренат Оспанов:

– Майтабан дегеніміз – табан дөңесінің қалыңдауынан туындайтын табан пішінінің өзгерісі. Ол – ең жиі таралған деформация. Статистика бойынша бұл патология мектеп жасына дейінгі 11-14% балада және мектеп жасындағы 7-9% балада кездеседі және соңғы жылдары көрсеткіш артып келеді. Майтабан табанның амортизациясын азайтып, «серіппелі» қызметін бұзады, сондықтан жүрген кезде буындарға қосымша жүктеме түсіріледі, атап айтқанда, тізе және жамбас буындары, нәтижесінде артроз болуы мүмкін. Сонымен қатар табан дөңесінің бұзылуы омыртқа ауруына себеп болуы мүмкін. Алғашқы белгілері – аяқтың шаршауы және жүрген кезде, кешке қарай балтыр бұлшық етінің ауыруы. Бала өскен сайын ауру белгілері күшейе бастайды, тұрғанда, жүргенде аяғы ауырады, басы ауырады, әлсіз бола бастайды, үлгерімі төмендеуі мүмкін. Бұл аурудың ерекше белгілері: табанның ұзаруы, табанның орта бөлігінің кеңеюі, табан дөңесінің қалыңдауы, өкшенің сыртқа қисаюы. Майтабанмен ауыратын балалар аяқ киім табаны мен өкшесінің ішкі қырын басып жүреді. Бұл дерттің алдын алуға қарағанда, оны емдеу әлдеқайда қиын. Сондықтан барынша осы патологияның алдын алуға көңіл бөліп, ең алдымен ыңғайлы аяқ киім кию, яғни аяқ киімнің табаны қатты, өкшесі аздап биіктеу және бекіткіш қырлары болуы керек, – дейді.

Бұрынғы қазақтарда неге майтабан ауруы болмаған? Ол туралы ешбір халық емшілігі туралы жазылған кітаптарда неге айтылмайды? Демек, бізді қызықтырған мәселенің бірі қазақ етіктерінің денсаулыққа пайдасы қандай? Біз осы сұрақтардың жауабын іздеу барысында бұл күнде нағыз қазақы етіктерді заманауи үлгіде, әр аларманның өз айтуы бойынша дәстүрлі етік тігу үлгісімен бірлестіріп тігіп жүрген Тараз өңірлік университетінің дизайн кафедрасының лаборатория меңгерушісі Нұрболат Нұрланұлынан сұрағанымызда: «Археологиялық қазбалардан алынған үлгілеріне назар аударсақ, қазақ жерінде етіктің тарихы V ғасырдан басталады. Яғни нақты етік болмаса да, етік типтес тігілген заттар табылған. Олардың етіктері шикі теріден жасалған. Әрі ол замандарда әр әулеттің өз мәртебесіне қарай киімі болған деуге болады. Мысалы, ер адамдар қонышымен жасалған етіктерді киген. Өйткені олар ат үстінде көп жүретін болғандықтан, балтыры қажалмасын деп ұзын қоныш етіктерді киген. Қарапайым үйде жүргенде мәсі киген болмаса қозы жүнінен жасалған киізден байпақтар киген. Шаруалар қалың киізден жасалған пима, яғни қазақша атауы мөкі деп атаған, мәсі дегеннен шықса керек. Олар қалың киізден қабатталып жасалған, табанына шикі тері қолданып, өкшесін темірден жасап киген. Ал әйел адамдар көбінде кебіс киген. Егер ол ақсүйектің тұқымы болса, тұмсық сірісі мен артқы сірілерін күміс жіптермен көмкеріп, әртүрлі оюлар салған. Ер азаматтардың етігіне мықи деп атау беріп, әйел адамдардың етігін сафиян деп атаған. Ол кезде етік тігуді қолөнер ретінде өте жоғары бағалаған деуге болады. Мысалы, бір отбасы етік тіктірсе, оны арнайы үйіне алдырып, бір ай ма, бір жарым ай ма қонақ қылып жатқызып, сол етіктерін тіктіретін болған. Ал біз XІX ғасырдан бастап орыстармен, немістермен, яғни басқа халықтармен араласа бастадық. Сол кезде біздің қолөнерде де өзгерістер пайда бола бастады. Яғни кебісіміз калошқа айналды дегендей. Кебістің ішінен мәсі киеді. Етіктің ішінен киетін қозы жүнінен жасалған етіктерді аяқ етік дейді. Етікшілер теріні өздері өңдеп, оны былғарыға айналдырып, оларға рең беріп отырған. Біз өзіміздің жаңашылдығымызды енгіземіз, яғни әр ою-өрнектің ұсынатын мән-мағынасы бар. Мысалы, ер жігіттердің етігіне көбінде қошқар мүйіз ою қолданылады. Қошқар мүйіз төрт жаққа қарап тұрады. Яғни «төрт құбылаң тең болсын» деген мағынада. Ал қыз балаларға гүл іспеттес және құсқа ұқсас ою-өрнектер қолданылған. Құс еркіндіктің, гүл нәзіктіктің символы деген танымнан шыққан дүние болса керек. Ал біздің жұмыс жасап отырған орнымыз университеттегі ғылыми-өндірістік бөлімше болып табылады. «Технолог» аты берілген. Мұнда Никонов Федор Викторович деген аяқ киім шебері екеуміз жұмыс жасаймыз. Бізде көбінде студенттер практикадан өтеді. Бізде лазерлік қондырғы, ою-өрнек басатын, ағаштарды, былғарыларды ойып шығаратын аспаптар – бәрі толық. Бірақ, бір өкініштісі, осы кәсіпті жалғасам дейтін жастар жоқтың қасы, тіпті үйренуге мүлдем құлықтары жоқ. Сонымен қатар қазір біздің қоғамда аяғында ауытқуы бар азаматтар көп. Мысалы, Қазақстанға 98 пайыз сырттан аяқ киім келеді екен. Оның бәрі стандарттарға сай келмейді. Ол аяқтың табан ортасындағы күмбезінің жұмыс жасауына кері әсерін тигізеді, яғни біздің табанымыз жүргеннен бөлек, белгілі дәрежеде басқа да іс-әрекет жасауы керек. Ал қазіргі аяқ киімдер адамдарда жалпақтабандылықты пайда қылуда, яғни жасөспірімдер сол аурудың зардабын көп тартуда. Өйткені бізге дәрігердің айтуы бойынша арнайы аяқ киім тіктіруге жастар көп келеді. Сосын бірден-бір мән беретін нәрсе – біздің қалыптағы аяқ өлшемдеріміз өзгеріске ұшыраған. Яғни бұрынғы аяқ өлшемдері стандарттарға сай келмейді. Ал бізге сондай аяқ ауытқуы бар адамдар келгенде, біз олардың аяқ өлшемін арнайы аппаратпен сканерлеп алып, сол аяқ негізінде біз оған қалып жасаймыз. Сосын барып сол кісіге ыңғайлы аяқ киімді тігуге кірісеміз», – дейді.

Расында, өкшесін көтеріп тұрған адамның қан айналымы жақсарады деп айтады кейбір медицина мамандары. Ал қазақтың ерлері де өкшелі аяқ киім киген деген сөз де әр жерде айтылады. Өйткені қазақ жауынгерлері ат үстінде көп жүргендіктен, аяғы үзеңгіден өтіп кетпеу үшін өкшені қолданған делінеді. Мүмкін медициналық жақтан да пайдасын ерте білген шығар дана халқымыз. Әрі өкшені сәндік үшін де қолданған деген болжамдар бар. Өйткені күміс, басқа да сәндік шегелерді, қаптамаларды осы өкшесіне әр адам өзінің дәрежесіне қарай қолданған дейді. Мүмкін дәрежені өкшемен өлшеген болса, қазақтың аса жақсы емес бір атау бар «жезөкше» деген. Демек, мұнан жеңіл жүрісті адамдардың да өз белгісі ретінде олардың арнайы сондай өкшелі аяқ киім кимегеніне кім кепіл? Аяқ киім о бастан жүріс-тұрыстың да, иба-әдептің де көрінісі болған. Егер ол көрінісі болмаса, қазақта «аяғын алшаң басты» деген сөз тіркесі де болмас еді, тіпті «қолыңнан келсе, қонышынан бас» деп кекірелер ме еді? Болмаса Сегіз сері «Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң» деп ән салар ма еді? Ал Естай «Басасың аяғыңды некей-некей» деп тамсанар ма еді? Демек, қазақ қыздары жүрісіне де аса мән берген. Әрине, жүрісі сұлу болу үшін аяқ киімі де епті болғаны анық қой. Мейлі қалай болсын, аяғымыз қисық болса да, жүретін жолымыз лайым түзу болғай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.