Қалалық қоғамдық-саяси газет

Газ құю бекеттерінен келер қауіп қандай?

0 434

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен шаһар аумағындағы заңсыз орналасқан газ құю бекеттерінің мәселелері бойынша келелі кеңес өтті.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, қалалық прокуратура мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан жиында әуелі Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров баяндама жасады.
– Тараз қаласының аумағында 70 газ құю бекеті орналасқан. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатер деңгейін бағалау критерийлеріне сәйкес, жанар-жағармай және газ құю стансалары аумағына қарамастан қауіптілігі жоғары топқа жатады. Сондықтан оларға профилактикалық бақылау және қадағалау жыл сайын жүргізіледі. Автожанармай және газ құю станцияларының өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 17 тамыздағы №405 бұйрығымен бектілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінде және 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидаларында» регламенттелген. Сонымен қатар Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 1357-1402 тармақтарында жанар-жағармай және газ құю стансаларын күтіп ұстау тәртібі айқындалған. Оқыс оқиғаларға жол бермеу мақсатымен Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы жоғарыда аталған заңдық құжаттарда белгіленген талаптарды орындауды, яғни жанар-жағармай құю стансаларында ашық отты қолдануға, қолдан жасалған жылыту аспаптарын пайдалануға тыйым салуды, қызмет көрсетуші персоналды минималды өрт-техникалық оқудан өткізуді, сондай-ақ жанармай және газ құю бекеттің өртке қарсы қорғаныс жүйелері мен құралдарын үнемі жұмысқа жарамды жағдайда ұстап күтуді және басқа да өрт қауіпсіздігі ержелерін қатаң сақтауды ұсынады, – деді Ербол Шалхарұлы өз сөзінде.
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дина Раманқұлова заңсыз газ құю станцияларын анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды.
– Бөлім тарапынан өткен жылдың басынан бері қала аумағында орналасқан автомобиль газын құюмен айналысатын жанармай станцияларын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдардың рұқсат құжаттамасынсыз жобалау, құрылыс, санитарлық, адам денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, өртке қарсы талаптарды сақтамаған 34 нысан анықталды. Оларға шаһар аумағында автомобильдік газды жанармай станциясын орнатуға тиісті рұқсат берілмеген. Алайда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімнің құзыретіне қадағалау-бақылау функциялары кірмеуіне байланысты қала әкімі орынбасарының атынан шара қолдану бойынша өкілетті органдарға хаттар жолданған болатын. Сондай-ақ арнайы құрылған жұмыс тобы заңсыз нысан иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хабарламалар да ұсынды. Дегенмен бұлардың ешқайсысынан нәтиже болмай тұр, – деген Дина Аятқызы заңсыз газ құю бекеттерін жауапты мекемелердің құзыреттілік шегінде қадағалап, шұғыл түрде қолданыстағы заң аясында тиісті шара қолдануды сұрады.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі аталған мәселенің тез арада шешімін табу қажеттігін баса айтты.
– Бүгінде қалада газ құю бекеттері өте көп. Зерделеу нәтижесі көрсеткендей, олардың барлығы дерлік тұрғын үй немесе кәсіпкерлік нысандардың маңында орналасқан. Ал бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Оның үстіне арнайы заң нормасын сақтамайтындары да күрделі мәселеге айналып отыр. Сондықтан олардан келер қауіп мол. Абайсызда өрт шығып, газ құю станцияларының біреуі отқа оранса, орны толмас өкінішке соқтырады. Бұл нысандар шағын кәсіпкерлікке жататындықтан, Мемлекет басшысы жариялаған мораторий оларды жан-жақты тексеруге мүмкіндік бермеді. Енді биылдан бастап бұған ешқандай тосқауыл жоқ. Сол себепті күні ертең сан соғып қалмас үшін кешенді шараларды қазірден бастап қолға алуымыз қажет. Бұл бойынша жүргізілетін жұмыстар менің тікелей назарымда болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.