Қалалық қоғамдық-саяси газет

Этносаралық саладағы мемлекеттік саясат

0 603

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1014 Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілген болатын.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизм, азаматтық тең құқықтық, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі, «Бірлігіміз – әралуандықта» идеясы, ұлттың ұдайы жаңғыруы, сондай-ақ интермәдениеттілік саясаты қағидаттары негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысуын қамтамасыз ету.
Осы орайда облыс орталығындағы этносаралық қатынастардың дамуы жайында Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматілдаевамен тілдесудің сәті түскен еді.

– Гүлназ Есенғалиқызы, «этносаралық қатынастар» деген ұғым нені білдіреді?

– Этносаралық қатынастар сөздің кең мағынасында әр түрлі салаларда – саясатта, мәдениет пен тағы басқа да халықтардың өзара іс-қимылы ретінде түсіндіріледі.
Бұл этностардың өмір сүруінің материалдық және рухани жағдайлары, олардың қажеттіліктері мен мүдделерін іске асыру жөніндегі қатынастар. Тар мағынада – бұл әртүрлі ұлттардың тұлғааралық қатынастары, өйткені олар түрлі қарым-қатынас салаларында – еңбек, отбасылық-тұрмыстық, сондай-ақ көрші, достық және басқа да бейресми қарым-қатынас түрлерінде болады.

– Жалпы, мемлекетіміздегі этносаралық қатынастардың моделі қалай құрылған?

– Қазіргі уақытта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемде табысты модельдердің бірі деп танылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығымен Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылып, елдегі этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіру жүктелген болатын.
2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, онда оның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің Нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
Осы жылдардан бастап, мемлекеттік бағдарламалар мен даму тұжырымдамалар арқылы Қазақстандағы этносаралық келісімнің қазақстандық моделі жетілдіре бастады.
Этносаралық келісімді нығайту саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылы ұйымдастырылды.
Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігері біріктірілді.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблея туралы ереже бекітіләп, онда Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалды.
2018 жылдан бастап Ассамблеяның инфрақұылымы нығайтылды, оның азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік билік органдары жүйесіне интеграциялану қамтамасыз етілді.
Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы құрылса, 2015 жылы өңірлік деңгейде «Қоғамдық келісім» КММ құрылып, жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының қарамағына берілді.

– Этносаралық қатынастардағы мемлекеттік саясатты іске асыруда жергілікті атқарушы орган ретінде өзіңіз басқарып отырған бөлімінің жұмысы туралы айта кетсеңіз…

– Біріншіден, этносаралық ахуалдың қаншалықты тұрақты екенін біліп отыру және арнайы іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында бөлім тарапынан жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жоспарланып, жүргізіледі. Екіншіден, бөлім жергілікті атқарушы орган Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясымен және оның құрылымдық бөлімшелерімен қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған өзара іс-қимылды ұйымдастырып қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, жыл сайын ішкі саясат бөлімі тарапынан этносаралық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған мемлекетттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған конкурстар ұйымдастырылады. Аталған жобалардың орындалуы Тараз қаласы әкімдігінің жанынан құрылған үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қарастырылады.
Бүгінгі күні Тараз қаласында этностар бөлінісі бойынша 427 631 адам, оның ішінде қазақтар – 252 048 (68,7%), орыстар – 57 612 (15,65%), дүнгендер – 1 469 (0,40%), түріктер – 5 179 (1,41%), өзбектер – 23 951 (6,51%), кәрістер – 6 684 (1,82%), күрділер – 2 209 (0,60%), әзірбайжандар – 990 (0,27%), татарлар – 5 113 (1,39%), қырғыздар – 5 050 (1,37%), немістер- 1 912 (0,52%), украиндар – 1 009 (0,27%), ұйғырлар – 838 (0,23%), шешендер – 545 (0,15%), гректер – 603 (0,16%), белорустар – 128 (0,03%), тәжіктер – 572 (0,16%) және тағы басқа этностар – 2 181 (0,59%) құрап отыр.
Жалпы Тараз қаласында 24 этномәдени бірлестіктер ресми тіркелген, ішкі саясат бөлімі тарапынан этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, этнос аралық жағдайлар бөлім тарапынан бақылауға алынған.
Этнос өкілдерінің ішінде беделді тұлғалардың тізімі әзірленген. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің паспорты жаңартылды (этнос саны, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен белсенді мүшелерінің аты-жөні, атқаратын қызметі).
Этносаралық келісімді нығайту мақсатында, 30 қаңтар күні «Қоғамдық келісім» КММ-де Тараз қалалық прокуратураның үйлестіруімен этносаралық араздық пен алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ведомствоаралық кеңес отырысы өтті.
1 наурыз күні «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі, «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы аясында этномәдени бірлестік өкілдерімен «Қоржын» қайырымдылық іс-шарасы, «Алғысымыз шексіз!» атты концерттік бағдарлама, «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» атты шығармашылық көрме ұйымдастырылды.
Тараз қаласындағы өзекті және проблемалық мәселелердің және оларды жүзеге асырудың жолдары бойынша карта әзірленді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 1 жоба қарастырылып, конкурс жарияланды.
Ағымдағы жылы этносаралық тақырыпта қалалық «JAMBYL TARAZ» басылымында 3 мақала жарияланып, «Jambyl», «77 ТВ» және «Taraz 24» телеарналарынан 3 сюжет көрсетіліп, әлеуметтік желіде 1 ролик орналастырылды.
Бүгінгі күнге этносаралық ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да этносаралық тұрақтылықты нығайту бағытында жұмыстар өз жалғасын табады.
Қорыта келгенде, мемлекетіміздің ұлттық саясаттағы негізгі қағидасы – барлық ұлттардың бірдей құқығын сақтау, жұмыс істеуіне бірдей жағдай жасау. Осының арқасында осы кезеңде қаламызда этникалық негізде бірде-бір саяси ереуілге жол берілген жоқ. Қазақстанның заң актілерінде ұлттық немесе діни сеніміне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген десек артық емес.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.