Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есептің майын ішкен (Ардагер қаржыгер Шубай Шағыров туралы)

0 454

Мектеп бітіру кешінен кейін сыныптастарды қайда, қандай оқу орнына баратындарын талқылап жатқан. Әркім өз жүрек қалаулары мен таңдауларын ортаға салып жатыр.

– Мен Нархозға барамын, – деді Шубай кезек өзіне келгенде. Нархоз деп отырғаны – Алматы халық шаруашылығы институты.
– Сон-о-оу Алматыға апаң жібере қояр ма екен? – деді күмәнданғандай болған достарының бірі.

– Жібереді! – деді Шубай нық сеніммен.

Солай болды да. Басында «жұрттың баласы мынау тұрған Жамбылда-ақ оқып жатыр ғой» деп ауылға жақындатқысы келген Ханшайым апа баласының алған бетінен қайтпайтынын аңғарып: «Мейлі ғой, өзің білесің де. Қайда жүрсең де ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңда болсын!», – деп ақ батасын беріп, ақ жол тілеп ауылда қала берген. Шубайы қаласа аспандағы айды алып беруге дайын Ханшайым апа қалай қарсы шықсын?!

Жыртық үйдің Құдайы бар, талапкер Шубай Шағыров Алматы халық шаруашылығы институтының есеп-экономика факультетіне түсіп кетті. «Ғайыптан тайып емес, білімінің күшімен. Мектепте есеп-қисапқа қатысты пәндерден жақсы оқыған. Оның үстіне сенетін, сүйенетін ешкімі болмаған соң, қабылдау емтихандарына жатпай-тұрмай дайындалғаны тағы бар. Ауылда Жаратқаннан жалғызының жолын ашуын тілеген Ханшайым апаның ақ ниеті қабыл болған да шығар, бәлкім.

Бүкіл қазақ жастарының арманы болған Алматыдағы студенттік күндер төрт-ақ жылда өте шығып, Үшаралға дипломды маман болып оралған. Ол кезде Одаққа аты шығып дүрілдеп тұрған «Талас» асыл тұқымды мал зауытынан бұғалтырлық орын қайдан тие қойсын, Шубайға есептеуші қызметі бұйырған. Талабы таудай, табақтай дипломды маман үшін «барып кел, алып келдің» жұмысы көңіліне олқы көрінгенімен, екі жылдай сол қызметті атқарды. Шубайдың ондай ойында шаруасы шамалы, Ханшайым апа баласының пәпкі қолтықтап, қалам жүзінде қызмет атқарып жүргеніне мәз.

Сөйтіп жүргенде, Қаратау қаласындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатынан бухгалтерлік жұмыстың хабары шығып, Шубай сонда тартты да кетті. Әңгімелесу кезінде баладан бірдеңе шығатынын байқаған Нишай Нұрлыбаев бірден қызметке қабылдаған. Шубай Шағыров – тері, былғары өндеу цехының бухгалтері.

Бала кезімізде асықты, ләңгіні жақсы ойнайтын балаға «асықтың майын ішкен» немесе «ләңгінің майын ішкен» деп баға беріп жатушы едік қой. Сол өлшеммен алғанда, Шубай нағыз «есептің майын ішкен» болып шықты. Цехтың кіріс-шығысын тура есептеп, бір тиынды шашау шығарған жоқ. Оның жоғарыға тапсырған әрбір есебі тап-тұйнақтай. Жас маманның тиянақтылығына бәрі де риза.

Уақыт талабына сай комбинаттан «Сүлейменсай» тері, былғары өңдеу және тон тігу фабрикасы бөлек отау тігіп бөлініп шыққанда, директор Кеңесхан Ахаев бас бухгалтерлікке Шубай Шағыровты таңдаған. Ол осы қызметті 10 жыл мінсіз атқарды. Осында шопандарға арналған шолақ тон тігуден бастаған жұмыс жандана келе, мұнда тонның бірнеше түрі, тері күртешелер дайындау да қолға алынған. Өнім сапалы. «Сүлейменсайдың» тондарына сұраныс жоғары. Фабриканың тасы өрге домалап, атағы дүркіреп жүре берген. Пайда шаш-етектен. Қызметтік бәсекеде әріптестерінен басып озып, салада үздік атанып, бірнеше рет ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған. Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің (ВДНХ) күміс медаль иегері. Қарапайым жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер арасында мемлекеттік наградалармен марапатталғандары да бар.

Осылай атағы алысқа кеткен кәсіпорынның толағай табысы мен жоғары көрсеткішінде «тиынға тіс сындырып» жұмыс істеген бас бухгалтер Шубай Шағыровтың да қосқан үлесі бар. Оның қаржыны үнемдей білуінің арқасында өңдеу цехын өз қаражаттары есебінен қайта жаңғыртуға қол жеткізілгенін айтсақ та жетіп жатыр.

Осы жерде бір шынайы шындық айтылуы керек, ол кезде есеп қызметкерлері ескеріле бермейтін. Негізгі марапат иелері – өндіріс озаттары, қарапайым еңбеккерлер. Есепшілер ұжымның дүниесі түгел, есеп-қисабы дұрыс болғанына риза. Солардың қатарында бас бухгалтер де бар.

Барлық жерде нарықтық экономика өз үстемдігін жүргізіп, кәсіпорындар мен шаруашылықтар тарап жатқан тұста заманға сай бейімделген Шубай уақыт ыңғайына сай әрекеттеніп, «Байжансай» полиметалл комбинатының Қаратау қаласындағы қабылдау-өткізу базасын ашқан. Өзі база директоры. Бірнеше адамды еңбекпен қамтып, мемлекеттің жұмыссыздықты жою жөніндегі саясатын жүзеге асыруға үлес қосқандардың бірі.

Білген істің берекесі бар, 2004 жылы мамандығына қарай ойысқан Шубай Шағыров облыстық қаржы бақылауы басқармасына бас маман болып орналасқан. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты. Ол осы қызметте мемлекеттік мекемелерде бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына бақылау жасауда біліктілігі мен тәжірибесін көрсетті. Бәрін айтып тауыса алмаспыз, кәсіби біліктілікпен талай жерде мақсатсыз жұмсалған мемлекет қаржысының қайтарылуына қол жеткізді. Қолды болған, жемқорлар жымқырған халық қазынасының орнына қойылуына үлес қосты. Әрине, ол жемқорларға жақпағаны даусыз. Есесіне мінсіз қызметі басқарма тарапынан бағаланбай қалған жоқ, жоғарыдан Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттардан да құралақан емес.

Бүгінде 70-тің желкенін керіп, өмір-өзен ағысында алға жүзіп бара жатқан Шубай Шағыров – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Өмірлік серігі Өзипаның асыл жары, Мереке, Динара, Мақжан сынды ұл-қыздарының арқасүйер асқар тау әкесі, Шәріп, Жібек, Мәдина, Маржан, Әлия, Әмина, Мансұр, Даниял, Рахым атты немерелерінің сүйікті атасы. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың, немерелерінің ішінде Рахым «мырза» ыстық. Өзі қылықты-ақ. Оны басқаларына қалай айтсын, өкпелеп қалады ғой. Сондықтан бәрін бірдей санайды.

Міне, Шубай дос – осындай адам.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.