Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеңімпаздар анықталды

0 250

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Үздік ғылыми жоба» байқауы мәресіне жетті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Байқаудың ережесіне сәйкес оқушылар ғылыми жобаны Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арнады. Марапаттау рәсімінен байқағанымыз, мектеп оқушылары «Кел, балалар, оқылық» деп қазақ балаларын оқу-білімге шақырған педагогтың еңбегін түрлі қырынан көрсете білген. Солардың бірі №44 мектептің 11-сынып оқушысы Ерасыл Ешмахан Ы.Алтынсаринді зерттеу арқылы өзінің білімін жетілдіріп қана қоймай, ағартушының еңбегі арқылы өмірлік ұстанымын қалыптастырғанын айтады.

– Меніңше, байқауда жеңіске жеткендер тек жеңімпаздар ғана емес, барлық қатысушылар деп ойлаймын. Себебі осы арқылы замандастарым алға қойған мақсатына жетуге, бастаған нәрсесін аяқтауға күш салды. Ғылыми жоба жазу арқылы мен Ыбырай Алтынсаринді сан қырынан таныдым. Оның қазақ қоғамын бірігуге, білім алуға шақырғанының өзі – бізге үлгі. Түсінгенім, білім кез келген қарудан күшті, – дейді Ерасыл Ешмахан.

Байқауға бас-аяғы 31 мектептің оқушылары қатысып, соның ішінде 12 оқушы іріктеу кезеңінен өткен. Оқ бойы озық шыққандар ғана өздерінің жұмыстарын қорғағаннан кейін үздік атанды. Жас зерттеушілер сайысының марапаттау рәсіміне қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қатысып, жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табыстады.

– Бүгінде еліміз дамып, көркейіп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Соның ішінде білім беру саласы да кенжелеп қалмады. Ұлы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығының Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі де тарихи сәт деп білеміз. Байқауға тыңғылықты дайындалып, жұмысын ұсынған оқушылардың қатары көп болды. Ендігі кезекте топ жарған оқушылар қарымын республикалық байқауда тағы бір байқатса деген тілек бар, – деді Алмас Садубаев.

Сонымен, байқау қорытындысына тоқталсақ, 9-шы сынып оқушыларының арасында №50 мектептің оқушысы Алмат Қалыбек бірінші орын алса, №45 мектептен келген Ділназ Серікмаханбек екінші орын еншіледі, үшінші орын №11мектептің оқушысы Айгерім Тұрысбекке бұйырды. Ал бітіруші сыныптар арасында бірінші орынды ғылыми жобасы үздік деп бағаланған №48 мектептің оқушысы Айым Сабырбаева жеңіп алса, №33 мектептің оқушысы Севера Ташмұхаметова екінші, №44 мектептің атын қорғаған Ерасыл Ешмахан үшінші орын алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.