Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерліктің ерен үлгісі

0 858

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл. Осы атаулы күнге орай шаһарда Ауған соғысының ардагерлері ардақталып, бірқатар шара барысында майдангерлерге құрмет көрсетілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Ю.Ким

1979 жылдың 27-желтоқсанында басталған сұм соғысқа Қазақстаннан 22 мың сарбаз қатысқан. Олардың қатарында 2 мың жамбылдық азамат болса, 600-ге жуығы Ауғанстанның аптабына Тараз шаһарынан аттанған. «Қанды соғыс ерге сын» деп, бөтен елдің аспанының астында, аждаһа соғыстың сұрапыл сынынан өтіп, қаптаған қалың оттың ортасынан ерліктің ерен үлгісін танытып оралған жауынгерлерге көрсетілетін құрметтің орны ерекше. Биыл атаулы дата қарсаңында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың бастамасымен Тараз қаласында тұратын Ауған соғысы ардагерлеріне және олардың аналары мен жесірлеріне арнайы әлеуметтік көмек көрсетілді. Шаһар басшысы ең алдымен майдан даласында дұшпанға танкімен оқ жаудырған Қайрат Үшбаевтың шаңырағына ат басын бұрды. Сұм соғыстың салдарынан соңғы жылдары арбаға таңылған Қайрат Құралбайұлы майданда бастан өткерген сәттердің күні кешегідей көз алдында тұрғанын айтады.


– 1984 жылы әскерге алынып, алты ай Түркіменстанда танк айдауды үйреніп, сол жылдың қарашасында Ауғанстанға табанымыз тиді. Бараки елді мекенінде №56 бригадада борышымды өтедім. 1986 жылы мамыр айында елге оралдым. Сол жылдары Жамбыл облысынан 8 адам бірге майданға қатыстық. Қазір 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 2 немере сүйіп отырмын. Үлкен ұлым ізімді қуып әскери адам болды. Ауған соғысының ардагері ретінде осыдан 6 жыл бұрын баспаналы болдым. Мұндай қолдаудың біздер үшін маңызы зор. Өзімнің қарулас жолдастарымды, ардагерлерді сұм соғыстың аяқталғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Бейбіт елде күн кешіп, ұрпағымыздың өсіп өнгенін бірге көрейік, – деді майдангер. Ғалымжан Райылұлы майдангерді атаулы күнмен шын жүректен құттықтап, ұзақ та мәнді ғұмыр тілеп, келесі шаңыраққа бағыт алды.


Омаровтар әулетінің ұлы Нұрлан Амангелдіұлы дәл соғыс аяқталар тұста жолдастарын жау оғынан аман алып қалып, өзі көлігімен құздан құлап қаза тапқан. Марқұмның жанұясы жыл сайын ерлік көрсетіп, өмірден өткен ұлын аза тұтып, құран бағыштайды. Ұлдарының ерлігін ұрпаққа өнеге етіп келе жатқан батырдың ата-анасына шаһар басшысы ерекше ризашылығын білдірді.


– Қазақта «атамайлатсаң атамайлат, ботамайлатпа» деген аталы сөз бар. Ұлдарыңыз келешек ұрпақ алдында ер азамат ретіндегі борышын зор ерлікпен өтеді. Ер есімі әрдайым ел есінде. Сіздер арамызда перзентіңіздің шырағын сөндірмей, өшпес ерлігін өскелең ұрпақтың жадына құйып келесіздер. Осы бір тағылымды істеріңіз үшін барша тараздықтар атынан сіздерге рақмет айтқым келеді, – деді Ғалымжан Әбдірайымов.


Ауған соғысы ардагерлерін ардақтауға арналған шаралар легі қалалық әкімдікте жалғасты. Мұнда шаһар басшысы сұм соғысты көзбен көрген азаматтарды арнайы қабылдап, бірқатар интернационалист жауынгерге алғыс хат пен қалалық маслихаттың құрмет грамотасын табыс етті.
Бүгінгі таңда өңірдегі Ауған соғысы ардагерлерінің саны 1000-нан аса болса, оның 466-сын тараздықтар құрап отыр. Биыл соғысқа қатысқан жауынгерлерге, олардың аналары мен жесірлеріне бір реттік көмек көрсетуге қалалық бюджеттен 28 миллион 200 мың теңге бөлінген. Ал өткен жылы ардагерлер мен мүгедектердің санаторий мен курорттарда ем алуы үшін 130 жолдама берілген. Қала әкімі Ғалымжан Райылұлының айтуынша шаһарда ардагерлердің қолайлы өмір сүруіне көмек беру жалғасын таба бермек.


– Ауған соғысы ардагерлерінің мұң-мұқтажы ескеріліп 2005 жылдан бері «Астана», «Бәйтерек» шағын аудандарынан 74 пәтер берілді. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады. Баршаңызға белгілі, былтыр Тараз қаласында «Қала күні» мерекесіне орай 20 жаңа нысан ашылып, «Жеңіс» саябағында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерді. Жас ұрпақ сұм соғыстың суығын, батырлардың ерен еңбегін осы ескерткіш алдына келіп еске алып, ерлердің рухына тағзым ететін болады, – деді қала әкімі.


Ардагерлерді ардақтауға арналған салтанатты шаралар легі Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде жалғасып, майдангерлердің кеудесіне арнайы төсбелгі тағылды. Шаһардағы ардагерлерге қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Қорғаныс істері жөніндегі департамент тағайындаған «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» атты мерекелік төсбелгіні табыстады. Медальға ең бірінші кезекте Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің аналары мен әкелері ие болды.


Бұл соғыстың елімізге аз қайғы әкелмегені белгілі. Талай боздақтарымыз жат жерде өздерінің интернационалистік парыздарын орындау жолында қаза тапты. Тараздықтар сол боздақтарды еске алу үшін «Ерлік» мемориалдық кешенінде жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне жиналып, гүл шоқтарын қойды. Көпшілік бұйрық орындап жүріп бақилық болған жауынгерлердің рухына тағзым етті. Еске алу шарасына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, ауған соғысының ардагерлері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері қатысты.
Жамбыл облысы және Тараз қаласы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп, ерегескен дұшпанның есін жидырмай, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген сарбаздарды еске алған халыққа ризашылығын білдірді.


– Ауған даласынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай өңірде 40-тан астам шара ұйымдастырылды. Мұндай жиындардың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін мән маңызы жоғары. 2238 күн бойы дұшпанға дес бермей, Отан қорғау жолында бақилық болған боздақтарды жыл сайын еске алып келе жатқан жерлестеріме ризамын,– деді Дүкенбай Ермеков.
Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған қорытынды шара Тараз қалалық мәдениет үйінде өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, ауған ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бекболат Серікбекұлының айтуынша, Ауғанстандағы соғысқа елімізден 22 269 сарбаз аттанған. Өкінішке қарай оның 924-і қан майданда қаза тауып, 1015 сарбаз елге мүгедек болып оралған.


– Үш онжылдық өтсе де Ауған соғысының жаңғырығы, оның ауыр зардабы әрдайым ел есінде сақталып келеді. Сұм соғыс мыңдаған шаңырақты шайқалтып, талай боздақтың өмірін қиды. Жамбыл облысынан Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға 2 236 жерлесіміз қатысты. Тау мен тасты таса еткен атыс кезінде 71 жерлесіміз әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты Біреуі із-түзсіз, хабарсыз кетті. Олар Әскери антына өмірінің ақыр соңына дейін адалдық танытты. Жалындаған жас шағында 63 жерлесіміз мүгедек болып оралып, қабырғаны қайыстырды, – деді ол.
Жиын барысында бірқатар ардагерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын және «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерін шығуына 30 жыл толуына арналған» төсбелгілер табысталды. Сондай-ақ, бірқатар азамат Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің грамотасымен марапатталды.
– Бүгінгі шара Ауғаннан аман оралған жауынгерлер мен елге жете алмай, дұшпан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына жасалған тағзым деп есептеймін. Қанды соғыстың ізі қалған Ауған жерінен елге орала алмаған қаруластарымыз мәңгілік жадымызда. Біз барда, біздің ерлігімізді дәріптейтін ұрпақ барда бұл соғысқа қатысқан ешбір азамат ұмытылмайды. Мұндай зұлмат елімізде ешқашан болмасын деп тілеймін. Балаларымыз бейбіт күннің бағасын біліп, білімді болуға ұмтылып, тәуелсіздік берген зор мүмкіндіктерді пайдалана білуі тиіс, – деді ардагер Дәулет Баймаханов.


Отан алдындағы борышын Ауғанстанның аптап ыстығында, бөтен мемлекетте, оқ пен оттың ортасында өтеп келген жауынгерлерге бюджет тарапынан қаржылай көмек те көрсетілді. Сұм соғыстың куәгерлеріне 60 мың теңге көлемінде қаражат табысталды.


Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен жерлестеріміз жиын барысында өздеріне көрсетілген құрмет пен қошеметке ризашылық білдіріп, көздеріне жас алды. Салтанатты жиында әрі қарай көпшілік өңір өнерпаздарының әскери оркестрмен бірлесіп дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.