Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерлікті дәріптеген ерекше саябақ

0 421

Өр қайратын намысқа қазық қылып, бодандыққа қарсы бұлқынған Қайрат Рысқұлбековтің есімімен бірге ойымызға өжеттік пен ерлік деген ұғымдар қатар оралады. Теңдікті аңсап, еркіндікке ұмтылған, қар жамылып, мұз жастанған Желтоқсан қарлығаштарының өшпес батырлығы егемендікке баспалдақ болып, алғашқы дәнін септі. Солардың арасында қараңғыда жол көрсеткен темірқазықтай Қайраттың жұлдызы жарқырап тұрғаны шындық. Азаттықтың алтын таңында алаңсыз күн кешіп жүрген біз секілді жас буын бүгінде Қайраттай өр рухтың иесіне тағзым етеді, өмірінен өнеге алып, тағылымын санасына тоқиды. Аядай ғана ауылдан шыққан жас қыран күллі әлемді уысында ұстаған алып державаның іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтты. Осылайша азаттық дейтін арайлы таңды атырып, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтті.
Тозақтың тар құрсауын таптап өтіп, азаптың қабырғасын қақыратқан қайсар ұл осыдан бірер жыл бұрын туған жерінің төрінде тұғырына қайта қонды.

Бодандыққа қарсы бұлқыныс

Шаһардың орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп, адам танымастай кейіпке енді. Саябақтың жалпы аумағы алты жарым гектарды алып жатыр. Жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайтын нысанның эскиздік жобасын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Осында бас сұққандарды әуелі қаймықпай жалынға қарсы жүгірген батырдың бейнесі қарсы алады. Мүсін постаменттің биіктігі 2,2 метр болса, ескерткіштің биіктігі 2,8 метрге жетеді. Негізі, облыс орталығында бұрын Қ.Рысқұлбеков ескерткіші болған. Алайда денесінің жоғары жағы ғана тұғырға жабысып, бар-жоғы білінбей, елеусіз тұратын. Ал мынау ескерткіш біртуар перзентті халқымен қайта қауыштырғандай әсер сыйлады. Ал саябақтың кіреберісінде жазылған Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов сияқты алып тұлғалардың нақыл сөздері де еліміздің ұлы мұратын барша жұртқа айғақтап тұрғандай. Сонымен қатар аталған нысан ішінен «Jeltoqsan, 86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен Ардагерлер үйі, «Ғибрат» орталығы және «Шахмат» алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар балалар ойын алаңшасы, спорт алаңдары да көпшілікке қуаныш сыйлауда.
Айталық, «Тәуелсіздік ұшқыны» стеласының ұзындығы – 4,6 метр. Мұнда қазақ халқының азаттыққа ұмтылысы, жастардың қайсар рухы бейнеленсе, «Ғибрат» орталығы ұлттық құндылықтарымызды, төл сусын, дәмдерімізді дәріптеп, жастардың бойына ата дәстүрді сіңіруде.
Биыл саябақты көгалдандыруға да ерекше назар аударылып, «Жасыл желек – жердің көркі» атты акциясы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары Қ.Рысқұлбеков саябағына 700-ге жуық тал көшетін отырғызды.

Қаралы күндердің шежіресі

Көне шаһардың көркін арттырып тұрған саябақтың ішінде орналасқан нысандардың бірегейі – «Jeltoqsan, 86» орталығы. Мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз Жамбыл облысында ғана бар. Тарихи оқиғаға терең мән-мағына үстеу жолында ашылған аталмыш мекемеде жүректі езгілеген сол оқиғадан ақпар беретін түрлі деректер, тарихи фотолар, желтоқсаншылардан алынған жәдігерлер, құжаттар мен хаттар, кітаптар жиналған. Әсіресе желтоқсан айында келушілердің қарасы қалыңдап, өткенге үңіліп, аға-әпкелердің ерлігін санаға түюге студенттер, оқушылар, қала тұрғындары арнайы келеді. Айта кететін жайт, мұнымен қоса үш залдан тұратын орталықта қанды оқиғаға қатысқан желтоқсаншылар туралы деректер базасы жинақталған. Орталық меңгерушісі Ләззат Қабылбекованың айтуынша, мұнда 148 желтоқсаншы тіркелген. Ал, шындығына келгенде, ресми тіркелмеген желтоқсаншылардың саны қала бойынша 200-ден асып жығылады. Орталыққа бас сұқсаңыз, алғашқы залда оқиғаға жалпы сипаттама берілген. Көзіңіз бірден «Әр халыққа – өз көсемі», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!» деген лозунгқа түседі. Бұл – сол кездегі жастар алаңға өздері жазып, қолдарына ұстап шыққан сөздер. Мұнымен қоса залда Желтоқсан оқиғасының аты аталып жүрген төрт бірдей құрбаны –Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанованың суреті қойылған.
Мұндағы ең ерекше жәдігер – тас мүсінші, суретші Қали Қораласбаевтың «Желтоқсан желі-86» еңбегі.
– Өміріме әсер еткен оқиға шығармашылығыма да қатты әсер етті. Сол себепті туындыларымның барлығының тақырыбы өте ауыр болып келеді. Ал Желтоқсан оқиғасына арнаған «Желтоқсан желі-86» тастан жасалған мүсіндік жұмысым Тараз қаласындағы «Желтоқсан, 86» орталығы музейінің төріне қойылды. Табиғи тастан жасалған еңбегімді 1986 жылы ел тағдыры үшін құрбан болған жастарға арнадым. 2015 жылы басталған осы мүсіндік композициямды 2018 жылы аяқтап, музейге табыстадым. Ол тас мен үшін сөйлеп тұр. Сол бір 86-ның қаһарлы ызғарын сездіріп тұр. Елдің әрбір азаматы 16-17 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадында ұстап әрі тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуі шарт. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткен күн ретінде атап өтіп әрі Желтоқсан құрбандарына тағзым ете жүру де керек, – дейді мүсінші.
Екінші залда Желтоқсан оқиғасына қатысқан желтоқсаншылардың тізімі мен фотосуреттері ілінген. Орталықтың осы бөлімінде суретші Қалаубек Әділханның «Желтоқсан ызғары» атты картинасы көзге оттай басылады. Бұл тағдырлы картина туралы қанды оқиғаға куә болған қылқалам шеберінің өзі асқан тебіреніспен былай деп әңгімелеп берген болатын.
– 17 желтоқсан күнгі халқы үшін қалқан болғандар туралы көп айта аламын. Қыздардың ерліктері Тұмар патшайымның батырлығына пара-пар болды. Қол ұстасып, қасқайып, қызыл жендетке қарсы тұру үшін ұлттық рухтың жоғары болғанын дәлелдеудің қажеті шамалы болды. Осы көтерілістен соң оқудан шығып, ауылға қайтып келген соң, қазақ халқының болашағы мен тәуелсіздігін армандап, жүрек түбіндегі ұшқыр қиялымды жүзеге асыру үшін елімнің тарихына арнап «Желтоқсан ызғары» атты картинаны салдым. Бүгінгі таңда «Желтоқсан, 86» орталығының төрінде экспонат ретінде тұрған бұл картинаның мазмұнын 3 бөлікке бөлдім. Ортаңғы бөлігі қазақ жастарының тәуелсіздікке деген ұмтылысы мен құштарлығын бейнелейді. Картинаның оң жағында сол 1986 жылғы 16-18 желтоқсан күндерін күнтізбе арқылы бейнелей отырып, бұл күндердің де болашақта тағылымы зор тарих болып қалатынын көрсеткім келді. Картинаның сол жағында ауылда қалған ата-анамыз бен ата-әжеміздің алаңда жүрген перзенттерін уайымдап отырғанын бейнеледім. Адам қолының көкке ұмтылып тұрғанын салғандағы ойымыз – біз армандаған тәуелсіздіктің таңы атады, атып қана қоймай, төрткүл дүние мойындайтын іргелі елге айналатындығымызды сеніммен сомдау еді, – дейді Қалаубек Үшкемпірұлы.
Желтоқсан дегенде ойға оралатын оғландардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Осы оқиғаның басы-қасында болған, ізінше тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбанына айналған қазақтың қаһарман перзенті Жамбыл топырағының тумасы болатын. Орталықтан бейкүнә оққа ұшқан жерлесімізге бір бөлме арнамау елдігімізге сын болар еді. Мұнда Халық қаһарманының өзі қолданған заттары, киімдері, мектеп формасы, абақтыдан үйіне жолдаған хаттарының көшірмесі орналастырылған. Бөлмеге бас сұққан әрбір адам бұл жерден Қайраттың рухын, болмысын терең сезініп, жазықсыз құрбан болған тепсе темір үзетін, маңдайға сыймай кеткен перзентіміздің ерен ерлігін өн бойынан өткізіп шығады.
Аталмыш орталықта Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен қатар, Брежнев алаңына алшаң адымдап барып, жастар ұстанымын анық білдіріп, Желтоқсаннан ілгеріде «Қара машина» өлеңі үшін қудалауға ұшыраған жуалылық ақын Бауыржан Үсеновтің суреті қатар ілініп тұр. Ақынның үзеңгілесі Амангелді Әбіл алаңға бара жатқан досының: «Бұл жүз жылда қайталанбайтын ұлы ерлік, көресің, тәуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады», – деген сөзін әлі күнге дейін таңданыспен еске алып отырады. Барлық мағынасында да желтоқсанның ызғары өткен ақынның бірі де осы Бауыржан Үсенов еді. Жоғарыдағы тіркес ақын Қайрат Рысқұлбековке ауыр жаза тағайындалғанда, асқан күңіреніс үстінде өмірге келген «Құдайға мұңын шаққан ана зары» өлеңінен үзінді. Осындай толғаныс кезінде шайыр «Желтоқсан» атты поэманы өмірге әкеледі. Бұл отты жырлар ақынның тек ақын ғана емес, күрескер азамат екенін де айғақтай түскендей. Сондай-ақ Бауыржан Үсенов ақынға тән көрегенділікпен «Түсімде ылғи бір биіктен көрінеді бөрілі байрақ» деп те қалам тербеген. Отаны бастан өткерген әрбір тарихи оқиғаны өзінің тағдырымен жыр арқылы ұштастырған ақын Желтоқсан оқиғасы кезінде қос бүйректен өткен суықтың зардабынан небәрі 31 жасында, бабалар аңсаған тәуелсіздік таңының атуына 4 ай қалғанда өмірден өтіп кеткен.
Ал орталық алдында қасқайып Қайрат Рысқұлбековтің тас мүсіні тұр. Бұрынғы жобасында батырдың тек бюсті болған. Ескерткіштің биіктігі – 2,8 метр, постаменттің биіктігі – 2,2 метр. Желтоқсан айы туғанда ескерткіштің алды қызыл гүлге толады. Қаланың келбетті бөлігінен орын тепкен нысан өзінің тарихи маңыздылығы жөнінде ешбір ғимараттан кем болып тұрған жоқ.

Еліміздегі ең ұзын субұрқақ

Бұдан бөлек, саябақта «Желтоқсан толқыны» субұрқағы мен аллеясы ашылған болатын. Айта кетейік, бұл нысан еліміздегі ең ұзын субұрқақ болып саналады. Ұзындығы – 220 метр. Алғашқы толқыны «86» деген қастерлі саннан басталады. Субұрқақтың екі жағында пырақтың, барыстың және самұрықтың мүсіндері орналасқан. Толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда, тәуелсіздікті белгілейтін күн мен бүркіттің бейнесіне айналып, егемендікке ұласып отыр.
Бүгінде саябаққа келетін жас буынның қарасы қалың. Олардың барлығы шыңырауға құлаған шындықты құтқарамын деп жалғандыққа қарсы атылған жебедей болған аға буынның ерлігінен ғибрат алуға асығады. Бүгін біз «Желтоқсан оқиғасы тарихтан өзінің лайықты орнын ала алмай жатыр» деп қанша аһ ұрғанымызбен, асқақ рухтың жарылысын жасаған сол күндердің шынайы бағасын тәуелсіздік құшағында тербелген өскелең ұрпақтың берері хақ.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.