Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерекше балаларға – айрықша білім

0 335

Бүгінгі күннің айдарындағы басты мәселе – бала тәрбиесі, оның ішінде маңызды орын алатын ерекше қажеттіліктері бар балғындардың тәрбиесі. Тәрбие мен оқыту – өмір жолындағы үзіліссіз үрдіс. Тәуелсіз еліміздің болашағына өз үлесімізді қосқымыз келсе, балабақшадан бастау алып, әрбір баланың бойына танымдық дағдыны дарыту, сонымен қатар ұлт өнерін өркендетуші сапалы, салауатты, парасатты ұрпақ тәрбиелеу – барша педагогтың басты міндеті.

Инклюзивті білім беру – барлық бала өздерінің физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген және мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытылатын оқыту және тәрбиелеу процесі.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқытудың әр түрі қолданылады. Олар: үйде оқыту, қашықтан оқыту, арнайы мектептер, жалпы білім беретін мектептердегі түзету сыныптары, ресурстық кабинет, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері. Осылардың ішінде Тараз қаласының білім беру мекемелерінде балалар инклюзивті білім (яғни жеке қаралыммен), үйде оқыту және арнайы сыныптарда оқу түрлерімен қамтылған. Сонымен қатар түзеу жұмыстарын жүргізу мақсатында №20, 25 және 14 орта мектептердің базасында 3 педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті орналасқан.
Аталған кабинеттер емдік дене тәрбиесі залымен, монтессори, психолог, логопед, сурдопедагог, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу кабинеттерімен жабдықталып, арнайы дефектолог, логопед, педагог-психолог, сурдопедагог, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, медбике-массажист, әдіскер мамандарымен қамтылған.
Мұнда әр балаға жеке түзету бағдарламасы да құрылған. Соған сәйкес, аптасына 2-3 рет орталықта 1-2 сағат көлемінде түзету жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі ерекше білімді қажет ететін балалардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесіп, балалардың жеке шығармашылық әлеуетін ашуға көмек көрсетуде.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар түрлі байқауларға да жылда белсенді қатысып, облыстық, республикалық кезеңдерде жүлделі орындарды иеленуде.
Бала болашағымыз десек, оларға жүйелі білім беріп, ынта-ықыласын дұрыс бағыттауды, қабілет-қасиеттерін дамытуды балабақшадан бастауымыз керек.
Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған мектептер және бөбекжай бақшалар үлесі – 98,4, жекеменшік балабақшалар 15,3 пайызды құрайды. 2021-2022 оқу жылы Тараз қаласы бойынша ерекше білім беруді қажет ететін – 3 255, 2022-2023 оқу жылын – 3 279, 2023-2024 оқу жылында 3 437 бала тіркелген. Яғни жылдан-жылға бала санының өсу динамикасы байқалады.
Мектепке дейінгі білім беру стандарты мектепке дейінгі тәрбие топтарында педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Балабақшада жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты – оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық технология элементтерін пайдалана отырып, жан-жақты, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу. Педагогикалық технологияда ең маңызды жағы – білім беру мен тәрбие жүйесінде ересектер мен балалардың қарым-қатынасы. Мектеп жасына дейінгі ерекше қажеттіліктері бар баладан шығармашылық қабілетті талап етпестен бұрын, оны соған үйреткен жөн. Сонымен қатар баланың шығармашылық белсенділігін арттыруда ата-аналар мен тәрбиешінің қолдау жағдайы дұрыс болуы қажет.
Жаңа дәуірдің жан-жақты дамыған адамын тәрбиелеу оңай емес, ол үшін тәрбиешіге үлкен ізденудің, оқытуды ізгілендіру аспектілерін пайдаланып, жүзеге асырудың мәні зор.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығын дамыту әрекеті оқу мен тәрбие үрдісі өзара тығыз байланысты жүргізілгенде ғана жүзеге асады.
Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі ерекше қажеттіліктері бар бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап,бүгінгі күнге дейін жетістіктері – шығармашылықтың нәтижесі. Әр жас ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткізген жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді.
Ең бастысы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды сапалы оқыту мен тәрбиелеуде, олардың денсаулығына зиян келтірместен жүзеге асырылуы керек, керісінше, оның нығаюына ықпал етуі керек, педагогикалық процесті театрлық іс-әрекеттегі түзету және дамыту жұмыстарының міндеттері денсаулық сақтау технологияларын енгізумен үйлестіре ұйымдастыру керек.
Ерекше қажеттіліктері бар баланың шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз баланы ойлай білуге үйрету екені сөзсіз.
Мектеп жасына дейінгі ерекше қажеттіліктері бар бүлдіршіндердің осындай шығармашылығын ұйымдастыра отырып өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігін пайдаланатын шығармашыл, құзыретті тұлғаны тәрбиелеудің маңызы зор болмақ.

Раушан Қожамжарова,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.