Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ердің жасы – елу

(Ер-аға туралы сыр)

0 2  073

Өмір ағысы асау өзен секілді. Қас-қағым сәтте жағаға ұрып, болмаса толқынымен биікке көтеріп тастауы мүмкін. Алайда, бір анығы сынаптай сырғыған уақытқа әмір жоқ. Өмір өз дегенін жасайды. Десе де қамшының сабындай қысқа ғұмырда артыңнан өшпес атыңды, өлмес мұраңды қалдырып жатсаң, бақыт деген осы. Жамбыл журналистикасында өзінің айқын орны бар Ерман Әбдиевтің мол мұрасы бүгінде кейінгі буынға бағдаршам болып отырғаны даусыз. Қарымды қаламгер сансыз шәкірттердің қанатын қатайтып қана қоймай, құнды жинақтарымен де жазушы ретінде танылды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Шонатанушы» Ерман Қанжанұлы биыл міне, ердің жасы елу жасқа келіп отыр.

Ұстаздық жол

Ерман Әбдиев журналистика саласындағы алғашқы ұстаздарымның бірі. Қалалық «Жамбыл-Тараз» газетіне алғаш келгенімде Ер-ағадай білікті басшы, талантты журналистен тәлім алу бақыты бұйырды. Сол тұста қалалық басылымды белгілі қаламгер, драматург, журналист, марқұм Болат Бекжанов ағамыз басқарып тұрған болатын. Ер-аға бас редактордың орынбасары ретінде талап пен тәртіпті бірінші орынға қойды. Өңірге ғана емес, елімізге танымал журналистің сенім үдесінен шығу үшін әрбір сөзді сүзгіден өткізіп, мақаланы ұқыпты жазуға тырыстым. Білмегенімді сұрап, үйренсем, жазсам деп ұмтылдым. Ер-аға жас тілшінің бетін қақпай, белін буып отырды.
«Жамбыл-Тараз» газетіндегі алғашқы жұмыс күндерімнің бірі болатын. Бас редактордың орынбасары тілшіге тығыз тапсырма беріп, ықшамауданда ауыз сусыз отырған тұрғындардың жанайқайын жазып келуге жолдады. Жауапкершілік жүгін сезініп, тұрғындардың шағымын толықтай қағаз бетіне түсіріп келдім. Оның ішінде «Гуля апай ауыз судың кранын ашыңызшы, сусыз отырғанымызға екі күн болды», «Тұрғын үй сіздің жекеменшігіңіз ба?» деген сынды халықтың ашу-ызасы толықтай көрініс тапқан. Ол аз десеңіз, журналистің келгенін естіп, іздеп келген билік өкілдерінің ақталғанын да сөзбе-сөз мақалада көрсеткенмін. Содан мақаланы оқып шыққан Ерман аға мұндай жағдайда тараптарды теңдей сөйлету қажеттігін, тұрғындардың айқай-шуын сөзбе-сөз түсірмей, көркемдеп жеткізуді ұғындырды. Сол мақаламның соңы тұрғындар үшін оң шешіліп, ағайынның алғысын алып, журналист ретінде өзімді алғаш сезіндім.
Тағы бірде жұмысқа бір азамат алаяқтарға алданғанын айтып келді. Қолында үшбу хат арызы бар екен. Содан Ер-ағаға көз салып едім, «айналыс» дегендей ымдап, қолдауын білдірді. Сол жолы да бір бетке басылардай көлемді мақала жаздым. Бас редактор Болат Бекжанов және Ерман ағаммен ақылдаса отырып, мақаланың тақырыбын «Апама жездем сай» деп қойдық. Себебі шағымданушы арызында ерлі-зайыпты азаматтарға алданғаны туралы жазған. Ертесіне ойда ешнәрсе жоқ жұмысқа келсем, есік аузынан бір ер адам күтіп алып, жағамнан ала түсті. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген басым «Ойбай, сіз кімсіз?» деп, көзім шарамнан шығып кете жаздады. Сөйтсем жағамнан алып тұрған кісі: «Мен мақалаңдағы жездеңмін. Мынау қасымдағы кісі – апаң» дегені бар ма?! Сасқанымнан «бастыққа барыңыз» деп қолын жағамнан жұлқа алып, бөлмеме қашып кіріп кеттім. Бұл мақаланың да соңы айқай-шу болып, әйтеуір басылды. Сол кезде де Ерман аға қасыма келіп, «Қорықпа, шындықты жазатын журналист болам десең, мұндай жездең мен апаңның әлі талайын көресің» деп арқамнан қағып, қарқылдап күлгені есімде.
«Жамбыл-Тараз» газетінде жұмыс істеген жылдарымда басымнан мұндай оқиғаның талайы өтті. Себебі сол кездегі басшылықтың талабы мен ұстанымы шымбайдан шымшып, шындықты шырылдатып жазу болатын. Бас редактор, бас редактордың орынбасары Ерман ағаның бұл бағыттағы қолдаулары мен сияқты жас журналистерді жігерлендіріп, жазуларына салған қамшы болды. Бірде «Халық сауын сиыр емес» деген мақала жаздым. Жергілікті тасымалдаушы компания басшыларын сын садағына алып, тіпті орыс тілді басылымдар мақаламды аударып басты. Сол кезде жекеменшік компания басшылары ұялы телефоныма қоңырау шалып, қоқан-лоққы да көрсетті. Алайда Болат пен Ерман ағалар бастаған әріптестерім қолдау білдіріп, «Егер журналисімнің басынан бір қыл шашы түсетін болса, ісім сендермен болсын» – деп қорғап қалды.
Иә, бұл алғаш ұстазымның маған тигізген ілтипаты мен шарапаты. Санаға сіңген сол тәліммен бүгінде бір басылымның редакторы болып отырмыз. Алма-кезек өмір-ай. «Сен ертең осы газетке редактор болатын азаматсың. Мақалаларыңды болашақ редактордың көзімен жаз» деп үйреткен Болат пен Ерман ағамның айтқаны келіп, бүгінгі «Jambyl-Taraz» газетінің тізгінін ұстадық. «Ұстаз тілеуі» деген осы шығар.

Ағарту саласындағы абыройлы жылдар

Ерман аға журналистика саласына келгенге дейін талай жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелегенін біреу білсе, біреу білмес. Өткен күнге сәл шегініс жасасақ, Ерман Әбдиев 1973 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында жарық дүние есігін ашқан. 1990 жылы Ойық орта мектебін бітірген соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын 1993 жылы Ақкөл ауылындағы орта мектептің мұғалімі болып бастайды. 1996 жылға дейін осы мектепте ұстаздық етсе, кейіннен Байзақ ауданындағы Көктал ауылдық мектебіне ауысады. Мұнда бір жыл абыройлы қызмет етіп, 1997 жылы еңбек жолын бастаған Ақкөл орта мектебіне қайта оралып, 1998-2000 жылдары Талас аудандық білім бөлімінде инспектор болады. Осы жылдары ғалым Марал Жанпейісованың «Қазақстандық модульдік оқыту технологиясы» әдістемелігін ауданда алғаш қолданысқа енгізген маман ретінде еңбегі ерекшеленген.
Ерман Қанжанұлы 2000 жылы оқу-ағарту саласына қайта бет бұрып, 2004 жылға дейін Ақкөл орта мектебінде мұғалім болды. Осы он бір жылдың бедерінде Ерман Әбдиев ұстаз деген ұлы ұғымға кірбің түсірмей, ұрпақ тәрбиелеуде аянбай талай шәкіртті түлетіп ұшырды. Олардың дені бүгінде қоғам өміріндегі маңызды салаларда еңбек етуде. Қатарында журналистер де аз емес.
Ер-ағаның осы ұстаздық саласындағы мейірімі, білгеніммен бөліссем, үйретсем деген қасиеті журналистік жолында да қанмен бірге құйылып келген сияқты. Себебі журналист қаламын ұстаған жылдардан бері де талай тілшіні қанаттандырды. Олардың қатарында Хамит Есаман, Жанат Қапалбаева, Есен Өтеулиев, Нұржан Туғанбай, Сәндібек Піренов, Нұржан Қадірәлі, Арайлым Шабденова сынды бүгінде республикалық және өңірлік басылымдарда абыройлы қызмет етіп жүрген журналистер бар.

Жазушылық қыры

Ерман Әбдиев журналистикадан бөлек, жазушылық қырымен де танылған жан. 2004-2008 жылдары Жамбыл облыстық «Aқ жол» газетінде тілші, 2008-2018 жылдары Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Сондай-ақ 2009-2020 жылдары республикалық «Айқын» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, 2011-2018 жылдары салалық «Қазақстан теміржолшысы» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін істеді. 2018-2020 жылдары Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінде бөлім меңгерушісі болса, күні кешеге дейін ата газетке деген адалдығын танытып, аянбай тер төкті. Осы тұста айта кетерлігі, теміржол саласына екінің бірі қалам тербей алмайтыны анық. Себебі тынысы мен жұмысы сан тармақты саланың оң-солын танып, тіршілік тамырын тап басып жазу тек білікті журналистердің қолынан келетін дүние. Міне, Ер-аға осы сенім үдесінен шығып, бүгінгі таңға дейін «Қазақстан теміржолшысы» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Ерман Әбдиевтің жазған мақалаларын теміржол саласының мамандары ғана емес, қалың оқырман сүйсіне оқуда. Ол талай жылғы тәжірибесінің арқасында болатжолмен байланысты саланың танымын түбегейлі өзгертіп, жаңалықтары мен өзекті мәселелерін көпшілікке көркем тілмен жеткізуде. Сондай-ақ саланың еңбек адамдарының ерлігін де түрлі жанрда түрлендіріп, орамды ойы мен пайымды пікірлерімен түсінікті тілде танытуда. Журналистік шеберліктің шыңы деп осыны айту керек.
Ал жазушылық қырына келсек, Ерман Әбдиевті соңғы он жылдың бедерінде әдебиеттанушылар кітап жинақтаушы, құнды мұраларға жанашыр азамат ретінде тани бастады. Ер-ағаның ең әуелі 2014 жылы «Шоқ тілді Шона» атты Шона Смаханұлының жалынды сөздері, есімдері елге кеңінен танылған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, сондай-ақ көзін көрген туыстарының, дос-жарандарының шағын естелік-эссе, әңгімелері жинақталған еңбегі жарық көрді. Оқырманның ыстық ықыласына бөленген жинақтың артынан «Танымал әннің тарихы», 2015 жылы «Нарша деген…», 2016 жылы «Серік деген…», 2018 жылы «Әзімбек деген…» сынды кітаптар да оқырманға жол тартты. Бұдан бөлек Ерман Әбдиев композитор Мэлс Өзбековтың «Мэлстің музасы», Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітап», Қаратай Адамбаевтың «Жылдар, ойлар» сынды бас-аяғы 25 кітапты құрастырып шығарды. Кейінгі ұрпақ үшін қалдырған осындай құнды еңбектері ел көлемінде жоғары бағаланып, мүйізі қарағайдай қаламгерлердің де қолдауы мен таңданысын тудырды. Ерман Қанжанұлы қазір «Жамбылда Шәмшінің ізі қалған» атты кітабын жинақтау үстінде. Жинақ жақын арада жарық көреді деп күтілуде. Бұл сөз жоқ, кейінгі ұрпақты рухани сусындату жолында жасалып жатқан игі іс екені даусыз.

Жанашыр аға, үлгі тұтар тұлға!

Жалпы Ерман ағаның елге сіңірген еңбегі хақында көп жазуға болады. Ерман Әбдиевтің асабалығының өзі бір төбе. Үлкен бір жол. Алғаш журналистика саласына қадам басқанымда ұстазым тамадалықтың да қыр-сырын танытты. Ондағысы сөз қадірін ұғынып, тілі қазақы таныммен жаттықсын дегені. Оны да жылдар өте түсіндік. Сондықтан Ер-ағам екі саланың да тілін санаға сіңіріп, жадыма жаттатқан ұстазым десем, артық айтқаным емес.
Ерен еңбегінің арқасында Ерман аға талай құрметтің құшағында болды. 2013 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін иеденсе, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы», 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталды. 2016 жылы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен құрметтеліп, 2018 жылы Д.Қонаевтың 105 жылдығына шығарылған медаль марапаттар санын толықтырды. Осы жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де кеудесінде жарқырады.
Ерман Әбдиев ұстаз ғана емес, жанашыр аға, кейінгі буын үлгі тұтар тұлға. Қай кезде болмасын жас журналистерді демеп, жігерлеріне жігер қосып келеді.
Бүгінгі жеткен ердің жасы – елу жасыңыз құтты болсын! Жаратқан ұзақ ғұмырды өзіңізге және жақындарыңызға нәсіп етсін! Еткен еңбегіңіз әрдайым ел есінде, жұрт жүрегінде қалсын!
Мәңгілік ұстаз, мәңгілік аға, мәңгілік тұлға болып қалғайсыз!

Саятхан Сатылғанов,
«Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.