Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ер Шона

Халқының тіліне қамқор болған қайраткер-қаламгер өмірінің шындығы

0 407

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Жамбыл облысының Талас ауданындағы «Ленин жолы» газетінде (бүгінде «Талас тынысы») тілші боп жүрген кезім. Тілшіліктен бөлек, кеудемде «болашақта елге белгілі жазушы болсам» деген арман да бар. Алматыдан ақын-жазушылар ат басын бұрса, тік тұрып қызмет етіп, қастарына ілескім, әңгімелерін естігім кеп тұрады. Бірақ олар онша көп келе бермейді. Ал зәуде бір келе қалса, қол жетпейді. Өйткені партия комитетінің хатшылары мен кеңшар директорларының құрметінен қолдары тимейді, ауыздары да босамайды.

Ал Шона аға елге келсе, алдымен аудандық газеттің шаңырағына бас сұғатын. Сол жолы да аудандық газеттің бөлім қызметкерлерімен әңгіме-дүкен құрып көп жүрді. Басшыларымыздың қайда кеткенін білмеймін, түскі үзілістің дәміне фототілші Үлгібай Райымов екеуі шықты. Редакцияның іргесіндегі думанхананың дастарқанында біз: ақын Серік Томанов, жазушы-журналист Телғара Үсенбаев және мен бар – үшеуміз отырғанбыз. Біздікінен жоғарырақ тұрған үстелге Шөкең мен Үлгібай аға кеп жайғасты.
Мен ағаларға қарағыштай бердім-ау деймін, ақкөңіл Үлгібай аға астың алдында алып қою үшін арнайы құтыға құйғызып алдырған «ақаңды» көрсетіп: «Қалайсың?» дегендей ым қақты. Мен өтірік ұялуды жөн көрмей:
– Шона ағаның сарқытын ішкен де бақыт қой, – деп қалдым.
Тапқыр сөзді ұнататын Шөкең күлді де:
– Менің сарқытымды ішсең, жаман болмайсың, інім. Айтпақшы, сарқыт демекші, бір әңгіме айтып берейін, – деді жазу мәшіңкесінің тықылдаған үніндей құлаққа жағымды нақ-нақ естілетін дауысымен.
Бірде Шөкең «Қаламгер» кафесіне бас сұқса, анандай жердегі үстелде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен тағы бір ақын-жазушы «ақ қайнардан» ұрттап қойып, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Шона аға батыр Баукеңе жанары түскен соң інілік ізетпен: «Ассалаумағалейкүм, Бауке!» – деп сәлем береді. Батыр болса: «Уағалейкүмәссалам, кел, төрлет, «№2 ұлы», шампан іш», – деп дастарқанына шақырады. Шөкең табан астында: «Ұлылар» сарқыт ішпейді!» – деп сарт еткізеді. Сонда тапқырлыққа тәу ететін Бауыржан ағамыз даяшыға ашылмаған шампан алдырып, Шөкеңнің бокалына өз қолымен толтыра құйып берген екен.
Шөкеңмен екінші кездесуім облыстық «Еңбек туы» (бүгінде «Ақ жол») газетінде болды. Бұл жолы да ол алдымен облыстық газетке келді. Тіл мен ұлт жанашыры, журналист Рахметбек Өзбеков (топырағы торқа болсын!) екеуміз мәдениет бөлімінде бірге қызмет істеуші ек, Шона аға бізбен әңгімелесіп отырып облыстағы қазақ мектептері мен балабақшаларының жайын сұрады. Біз жетпісінші жылдармен салыстырғанда қазақ мектептері мен балабақшаларының қарасы әжептәуір көбейіп қалғанын айтып, қуанышымызды жеткіздік. Шона аға кәдімгідей көңілденіп қалды. Сөйтті де: «Алматыда да қазақ мектептері көбейіп келеді», – деп қойды. «Мен аштырдым» деп мақтанып, мардымсыған жоқ. Сосын кітапқұмарларды, кітапханасы бай қарапайым адамдарды іздеп жүргенін, солардың бірін тауып, жазғалы жүргені туралы әсерлене әңгімеледі.

***

Шона ағамыз дүниеден өткеннен кейін көп ұзамай үйіндегі екінші жеңгеміз Аманкүл Үсіпбекқызы Тараз қаласына көшіп келіп, Жамбыл облысының телерадио комитетінде мәшіңке басушы боп жұмыс істей бастады. Шөкең жайлы ақиқатты енді сол жеңгеміздің өз аузынан естідім. Қолында Шөкеңнің архивтері де баршылық екен. Шона ағамыздың Алматыдан қазақ мектептерін ашуды сұрап билікке жазған хатының, сол кездегі оқу министрінің жауабын, «Жас кәззап» атты аяқталмаған хикаятының қолжазбасын және Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі болған күндері жан дүниесінің астан-кестеңін шығарған жанайқайы жазылған күнделігін ұсынып, маған: «Шөкеңді қадірлейтін оқырмандарға жеткізетін болсаң, саған берейін», – деп қолыма ұстатты.

Аманкүл жеңгем аманаттаған Шөкең дүниелерінің бір қастерлісі – хаттары. Шона ағамыз халқыма болсын дейтін қайсар мінезіне басып, сонау 1976 жылдан бастап КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевтан бастап, министрге дейін хат жазыпты.

«КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі,
Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші секретары,
Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Д.А.Қонаев жолдасқа;
Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі С.Б.Ниязбеков жолдасқа;
Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі Б.Ә.Әшімов жолдасқа;
Қазақ ССР Оқу министрі Қ.Балахметов жолдасқа
Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің бір топ ата-аналарынан

ӨТІНІШ

Бұл мектептің құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, кеңейтілгеніне екі-ақ жыл болды. Партия мен үкіметіміздің қамқорлығымен мектеп бір мың оқушы сыярлықтай етіліп, өткен жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Қаланың шеткі ұсақ аудандарынан келетін төменгі класс оқушылары үшін 200 балалық пансионат-интернаты да бар. Мұның бәрі – жақсы.
Әйтсе де, оқушылардың тең жартысынан көбі – 600-ге жуық оқушы қаланың шеткі, ұсақ аудандарынан келетіндіктен, олар күніне ары-бері 25-30 км жол жүреді. Әрбір оқушы күніне үш-төрт сағатқа жуық уақытын автобус күтумен және автобус үстінде өткізеді. Олардың мектепке келгенше және үйіне жеткенше көретін азабын айтып жеткізу қиын.
Мұнымен қатар Алматы микроаудандарында балаларын ана тілінде – қазақ мектебінде оқытқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан да, осы объективті жағдайға байланысты микроаудандардың бір қолайлы жерінен үлкен қазақ орта мектебін ашуды сұраймыз.
№12 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің председателі, жазушы Ш.Смаханұлы (Және он шақты ата-ана қол қойған)».
Шона Смаханұлы ұйымдастырған бұл хатқа көп ұзамай министр К.Балахметовтен жауап келеді. Оны да оқиық.
«Заведующему Алма-Атинским гороно тов. Жакупову А.Э.
Копия: г. Алма-Ата, ул. Калинина 24, тов. Смаханулы Ш. и другим.
В ЦК КП Казахстана, Президиум Верховного Совета Казахской ССР, Совет Министров Казахской ССР, Министерство просвешения Казахской ССР обратились члены родительского комитета казахской средней школы №12 с просьбой об открытии в городе Алма-Ате в одном микрорайоне еще одной школы с казахским языком обучения.
В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свои предложения нам сообщить к 15 декабря с. г.
Министр К.Б.Балахметов. 19.ХI. 76.».
Міне, көрдіңіздер ме, Шөкеңнің: «жаңа қазақ мектебін ашу керек» деп шырылдап тұрып ана тілінде жазған хатына министр орыс тілінде жауап берген. Оның үстіне: «В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свой предложения нам сообщить к 15 декабря с. г.», – деп бар жұмыс пен жауапкершіліктің жартысын ақынның өзіне де жүктеп қояды. Бірақ Шөкең оған намыстанбайды. Қазақ мектебінің тағдыры үшін министр жүктеген жұмысты тап-тұйнақтай атқарады. Дегенмен көңіліне күдік алған ақын Д.А.Қонаевтың қабылдауына жазылып, Алматыдағы №12 қазақ мектебінің жағдайын өз аузымен түсіндіреді. Бұл туралы Аманкүл жеңгем:
– Министрдің жауабынан секем алған соң, Дінмұхамед Қонаевқа барып жолықты. Жеке басының қам-қарекеті үшін барған жоқ, әрине. Қазақ мектебін ашуды сұрап барды. Сонда үлкен кісі: «Құдайым-ау, маған осы жылдар ішінде өстіп бір адам келді ме?! Сіздер, ата-аналар қолдарыңызды қойып, өтініш хаттарыңызды әкелсеңіздер, баяғыда-ақ аштырып беретін едім ғой», – деп ағынан жарылыпты, – деген еді.
Сонда Шона Смаханұлынан басқа Алматының ауасын жұтып жүрген қазақтың небір атақты, аузы дуалы бірде-бір академигі, жазушысы, ақыны, композиторы бірінші басшының алдына барып, ана тілінің мәселесін көтеріп, қазақ мектептерін аштырайық демеген боп тұр ғой. Неге? Өйткені Шөкең Д.А.Қонаевқа кіргеннен кейін ғана министрден дені дұрыс хат алады. Оны да оқиық:
«Г. Алма-Ата, ул. Калинина, дом 24. Т. Смаханулы Ш. и другим.
Министерство просвещания Казахской ССР, изучив вопрос о возможности открытия средней школы с казахским языком обучения в одном из микрорайонов г. Алма-Аты, сообщает, что в казахской средней школе №12, расположенной в центре города, в настоящее время обучается 1057 учащихся, из которых 231 проживают в юге-западном районе г. Алма-Аты, в. т. ч. посещают 1 класс – 23 ученика, 2 класс – 29, 3 класс – 19, 4 класс – 14, 5 класс – 15, 6 класс – 19, 7 класс – 17, 8 класс – 26, 9 класс -22, 10 класс – 44.
Исходя из этого, городской отдел народного образования планирует в новой школе №86, расположенной в шестом микрорайоне, открыть 1-10 классы с казахским языком обучения с начала 1977-78 учебного года.
Министр К.Балахметов. 21. ХІІ. 76.».
Міне, қазақ халқының Алматыдай әсем қаласында қазақ мектептері мен балабақшалары осыдан кейін көктемгі жаңбырдан кейінгі көктей көбейе бастағаны белгілі. Аманкүл жеңгемнің айтуынша, Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күндері Шөкеңді МҚК (КГБ) тергеуге алады. Жеңгемнен қалған естелік-әңгімені дәлме-дәл келтірейін.
– Бір күні үйге белгілі журналист Марат Тоқашбаев келіп, Шөкеңе: «Мені КГБ шақыртып, біраз тергеді. Сізді де шақыртып қалар», – деді. Айтқанындай, «үш әріп» Шөкеңді де шақырып, тергей бастады. Бірақ Шөкең тергеуден келген соң мені қорқытпайын дей ме, әйтеуір: «Мені жердің астына (подвал.- К.С.) түсіріп, қуыс-қуыспен алып жүріп, бір бөлмеге апарып әбден тергеп-тексерді», – дейді. Бірақ қанша дегенмен ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, өзі де кәдімгідей қорқақтап жүрді. Себебі оның алдында «қазақ мектептерін аштырамын» деп шарқ ұрып жүрді ғой ағаң. Сөйтіп, «Ақсай», «Орбита», «Көктем» шағынаудандарынан және «Саяхат» жақтан біраз мектептің ашылуына бас болды. Балабақшалардың ашылуы үшін де тынбай жұмыс істеді. Орыстілді баспасөздер «ұлтшылдар ашқызды» деп дауылдатқан «Ертөстікті» де Шөкең марқұм аштырып еді…
Өзім білетін бір оқиғаны айтып берейін. «Көктем» жақтағы балалар бақшасын ашарда ата-аналарды ағаң өзі жинады. Сөйтсек, ешқайсысы жоқ. Бұлар қайда кеткен десек, мотоциклмен келген милициялар бәрін қайтарып жіберіпті. Сосын Шөкең бастаған жанашырлар милициялардың қоқан-лоқысына қарамастан ата-аналарды қайта жинап, балабақшаның ашылу салтанатын өткізді.
Сол кездегі биліктің жарамсақ өкілдері Шөкең аштырған қазақ мектептері мен балабақшаға байланысты «Ржавщина» («Тот») деген авторсыз фельетон жазып, оны сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне жариялау үшін редакцияға нұсқау береді. Ол мақала газеттегі ұлтым деген журналистердің қолына түсіп, Шөкеңе телефон шалады. Содан Шөкең жазушы Софы Сматаевқа хабарласып (жазушы С.Сматаев сол кезде ҚКП ОК қызмет істеген екен), ол кісі аққа күйе жаққан қара мақаланың жарияланбауына күш салады…
Аманкүл жеңгеміздің әңгімесі осылай жалғаса беретін. Кейін ізденіп жүріп сол атышулы «Тот» деген мақаланың көшірмесін тауып, Шона Смаханұлына қатысты жерлерін оқып, жағамды ұстадым. Сіздер де оқып көріңіздер.
«1986 жылдың август айында Алматы газеттерінің бірінде «қазақ кластарын ашуды созып отыр» деген желеумен №118 орта мектеп және қалалық ағарту бөлімінің басшыларын сынаған фельетон жарық көрді.
Бірнеше күн араға салып, 1 сентябрьде бұл ашылым өтті де. Алайда жаңа кластардың табалдырығын тұрғылықты ұлттың балалары осы мектептің өзге оқушыларынан ерекше, оркестр сүйемелдеуімен, арнайы сценарий бойынша аттады. Бұл программаның айырықша гүлтәждеріндегі жолашарлар қалаға танымал жазушылар есімдерін әйгілеп тұрды.
Сол салтанат куәгерлеріндегі сияқты оқырманымызда да осынау етіміз үйренген кәдімгі кезекті оқиға әлдебір жеңіс желпіні, педагогикалық коллективтің емес, фельетон авторы сатирик-ақын Шона Смаханұлының маңызды жетістігі ретінде көрінгені несі деген сауал тууы мүмкін.
Мектептер мен балабақшалардың барлығында бірдей қазақ тілін оқыту идеясы коммунист-жазушыны баурағанына бір жыл ғана толған жоқ. Несі бар, бұл қажетті және жан-жақты қолдау табатын және жұрт назар аударатын саясатпен де үндеседі.
Егер Смаханұлы ұлттық тілді оқытуды жақсартуды тілге тиек етіп, орынсыз өкпешілдік танытып, өзін әділдікті қорғаудың тым қызғаншақ қызғышы ретінде көрінбегенде, сатирик-жазушы уақыттан озып, бұдан бір жыл бұрын интернационалдық тәрбиенің көкейкесті мәселелеріне мойын бұрды деп айтуға болар еді. Ол үшін, мәселен, халық ағарту жұмысындағы «әттең-айлар» мен оралымсыздықты әлдекімнің тұрғылықты ұлт балаларына туған тілін оқып-үйретуде жасаған кедергісі деп түсіне салу ештеңе емес.
Осы бір нәрселердің құны соқыр жармаққа да татымайтын секілді көрінгенімен, Смаханұлы қазақ мәдениеті, тіл дәстүрінің дамуын қолдан тежеп отырған адамдар бар деген сезік тудыруға тырысты.
Қазақ кластарын ашудың қарапайым оқиғасы неліктен салтанатқа, халық мүддесін қорғаушылардың ірі жеңісін марапаттауға айналғанын, ал шын мәнінде, өстіп өздеріне бедел жинауға тырысқан алаяқтардың пайдасына жаратқаны енді түсінікті болып отыр.
КПСС Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысында аталып өткеніндей, мұндай көңіл-күй ауаны ұлттық томаға-тұйықтық тенденциясын күшейткеннен басқа ештеңе емесін айтудың өзі қажет пе?
Бұдан бір жыл бұрын Шона Смаханұлының бұл қылығына ешкім айрықша назар аудармағаны, оның тарапына айтылған көпірме қошемет сөздер түпкілікті бас айналдырғаны рас. Міне, осыған масаттанған ол қазақ кластарын ашуға кедергі болып отыр деген желеумен №51, 65 орта мектептердің әкімшілігі мен педагогикалық коллективіне бұл жайлы газетке жазамын деп, т.с.с. неше түрлі қоқан-лоқы көрсетті.
Мұнда да ол әдеттегідей, осы мәселемен «Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен шұғылданып жүрмін» деп бұл ұйым басшыларының есімдерін бүркенді. Жазушының осыншама жоғары өкілеттігінен тайсақтаған педагогтар оған қазақша оқитындарға бөлінген кластарын көрсетуге асығып, қалай ұйымдастыратындарын жалықпай және түбегейлі түсіндірді. Сонымен бірге бұл іспен ешкімнің қатысуынсыз айналысып жатқандықтарына да түсінік беріп отырды. Бірақ Смаханұлы әркез: «Жарайды, мұның бәрін қалай орналастыратындарыңды тағы да тексереміз!» – деп мәлімдеді.
№65 мектепте ата-аналардан жүздеген құлақтандырулар мен тұрғылықты ұлт адамдарын ата-аналар жиналысына шақыртуға арналған телеграммаларды көбейтіп басатын машинисткаларға ақша жиналды.
Бұл шараға алдын ала үлкен дайындық жұмысы жүргізілді. Балаларды қазақ кластарына жазуға заңды негізде шыққан мұғалімдердің соңынан туған тілді сақтау жолындағы «күрестегі» өздерінің басты міндетін тағы бір мәрте көрсету үшін өз-өздерін сайлаған ата-аналар комитетінің өкілдері аттанды. Олар қазақ класына оқуға шақырған хабарландыруларын жөней іле берді. Егер кімде-кім бағанадағы құлақтандыруды жұлып тастаса, бұл халықтың ұлт жауы ретінде бағаланғанынан-ақ осының бәрі қандай жағдайда жүзеге асқанын өздеріңіз біле беріңіздер.
Сәл болмағанда бүкіл қазақтың атынан сөйлеу құқын өздеріне таңып алған жиынды ұйымдастырушылар бірқатар ведомстволардың басшыларына, халық ағарту министріне және басқаларға поштамен ресми түрде шақыру телеграммаларын жолдады. Барлық «жиын» мүшелерінің саны үш жүзге жуықтады. Олардың ішінде тек 50 адам ғана өз балаларының қазақ тілін үйренуін қалады. Бұған тиісті деңгейде жауап қайтару мақсатымен жиынды ұйымдастырушылар орындықтарға ұлы ойшылдардың туған тілдің маңызы мен рөлі жөніндегі ұлағатты сөздерін қаз-қатар жайып тастады. Жиналғандардың назарына әлдеқайдағы «бір сатирик» айтты деген: «Егер нәресте өзінің туған тілін білмейтін болса, онда оның бір шәрігі жетпейді. Егер үлкен адам туған тілін білмесе, оның жүз шәрігі жетіспейді», – деген афоризмі ұсынылды. Жүз шәрігі жетіспейтінін мойындаушылар табыла қоймады.
Шығып сөйлеуші халық ағарту жүйесінің өкілдеріне өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік болмады. Залдан әлсін-әлсін айқай-ұйқай, жанама сөздер, қобалжулар естіліп тұрды. Смаханұлы сөйлеген жоқ. Ол шешенсудің пайдасыз, ал жасырын түртпектеудің қауіпсіз екенін жақсы білді…».
Міне, «Тот» атты ұзақ мақала осылай Шөкеңді «әшкерелеумен» басталып, қазақ халқының тағы бірнеше зиялы ұлдарына «ұлтшыл» деген жала жауып, ғайбаттаумен аяқталады. Фельетонсымақты ұйымдастырушылар КГБ-нің «құлақтары» мен ҚКП ОК жандайшаптары екенінде дау жоқ. Абырой болғанда, редакция қабырғасы сыртында дүниеге келген мақала-фельетонға ешбір журналист қол қоймағандықтан, жастар газеттеріне жарияланбай қалады.
Биыл 5 қазанда аса көрнекті ақын, көптеген белгілі ән сөздерінің авторы, ойы өткір сықақшы, ана тілінің дарабоз жанашыры, қоғамның күрескер-қайраткері Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Олжас Бектенов ақын, жазушы Шона Смаханұлының мерейтойын республика деңгейінде атап өтуді қамтамасыз етіп, оның туған өңірі Жамбыл облысында Шона шығармашылығы мен қайраткерлігіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге, қаламгердің толық шығармалар жинағын шығаруға, сықақшы ақын, жазушылар арасында Шона атындағы бәйге ұйымдастыруға ұйытқы болып, орындауды тиісті министрліктерге, қоғамдық ұйымдарға, жергілікті билікке тапсырса, олар оны ойдағыдай атқарса, еліміздегі мәдени-рухани мәні мен маңызы үлкен бір иігілікті іс болар еді.
Жылжыған жылдар, адымдаған айлар, құлдыраңдаған күндер өткен сайын ер Шөкеңдей ана тілі жанашырының күреспен өткен ғұмыры аңызға айналып, кейінгі ұрпақтарға ғибрат ретінде үлгі бола беретіні даусыз. Өйткені ана тіліне қамқор болған қайраткер-қаламгер Шона ағаның еңбегі туған халқының жадынан ешқашан өшпек емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.