Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ер есімі — ел есінде

0 760

Меркі ауданында №20 Балалар, жасөспірімдер спорт мектебінде, еркін күрестен ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, меркілік Ілияс Жұмайды еске алуға арналған, 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында, еркін күрестен республикалық турнирдің ашылу салтанаты болып өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, Жамбыл облысы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Мадиярбек Төлегенов, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қырықбайұлы, Ілияс Жұмайдың анасы Айжан Сейтбекова және т.б. қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Берік Дүйсенбайұлы аталған турнирді ұйымдастырудағы мақсат – жас болса да ел намысын әлемдік додаларда қорғап, туымызды желбіреткен Ілиястай батыр ұлымызды ұлықтап, оның жеңістері мен жетістіктерін өскелең ұрпаққа насихаттау екенін жеткізіп, турнирді ашық деп жариялады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев жарыстың қатысушыларына сәттілік тілеп, жарысқа қатысушы жасөспірімдердің де Ілияс Жұмайдай биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Одан кейін Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сол алды. Ол: «Бүгінгі мерейлі Меркі жерінде өтіп жатқан республикалық турнир Меркі өңірінің тумасы, жастайынан жарқылдап, еліміздің атын әлемге танытқан, халықаралық ареналарда Қазақстанның намысын лайықты қорғай білген батыр ұлымыз Ілияс Жұмайды еске алуға арналады. Міне, бұл іс-шара өскелең жас ұрпаққа өнеге болып, оларды үлкен спортқа баулуға зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Ілияс өзінің еңбекқорлығымен, патриоттығымен үлкен жеңістерге жетті. Ол туған елінің батыр ұлы. Сондықтан, Ілиясты еске алуға арналған турнирлер өз жалғасын табады деп сенемін. Жарыстың ұйымдастырушыларына алғыс айта отырып, Ілиястың отбасына қуаныш, бақыт, тек жақсылық тілеймін. Біз Ілиясты ұмытпаймыз», – деді.

Сондай-ақ, турнирдің ашылу салтанатының арнайы қонағы, Ілияс Жұмайдың анасы Айжан Сейтбекова сөз алып, турнирдің барша ұйымдастырушыларына аналық алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Аталған турнирге көрші Өзбекстан елінен және Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарынан, сонымен қатар Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент қалаларынан келген жалпы 400 спортшы қатысуда.

Жарыс үш күн бойы жалғасын тапты. Меркі ауданы әкімдігі мен №20 спорт мектебі тарапынан жарыстың қатысушыларына экскурсия ұйымдастырылып, Меркінің тау шатқалы және киелі жерлері таныстырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.