Қалалық қоғамдық-саяси газет

Электронды қызмет жүйесі түбегейлі өзгерді

0 612

Елімізде пандемия басталып, мекемелердің дені қашықтан жұмыс жүйесіне көшкен кезде электронды қызметтер көрсету сапасы артты. Яғни бұрындары азаматтар әр мекеме табалдырығын тоздырып, басшысына кіру үшін сағаттап күтіп отыру керек болса, қазір бәрі түбегейлі өзгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, барлық мемлекеттік мекеме басшылары ашықтық форматына көшіп, әлеуметтік желілерде белсенді болуда. Соның арқасында қазір өзекті мәселелер бірінші басшылардың қатысуымен шешілуде.

Пандемия кезіндегі өзгерістердің тағы бірі – электрондық сандық қолтаңбаны қашықтан алу. Бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай, бұқараға ыңғайлы болу үшін egov.kz арқылы онлайн ЭСҚ-ны қалай алуға болатынын анық көрсететін бейнероликтер және нұсқаулықтар жасалды. ЭСҚ алу үшін сіздің телефон нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркеліп, NCAlayer қосымшасы орнатылуы керек. Егер сізде сұрақтар туындаса, 1414 байланыс орталығына хабарласып білуге болады.
Соның арқасында орталыққа келетін қызмет алушылар саны азайды, үйден немесе жұмыста отырып электрондық сандық қолтаңба алуға халық бейімделуде. Ендігі кезекте сол электрондық сандық қолтаңбаға деген тәуелділікті жойып, барлық мемлекеттік қызметтерді бір реттік СМС арқылы алатын жолдары қарастырылуда. Қазірдің өзінде жүзден аса мемлекеттік қызмет бір реттік СМС жүйесіне көшкенін айта кеткен жөн.

Еркін ЖАПАРОВ,
Халыққа қызмет көрсету бойынша
Тараз қалалық №2 бөлім басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.