Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел мұңына ғасыр бойы үн қоса, «Aq jol» біздің келіп отыр жүз жасқа!

0 1  343

Өткен жылдар Жамбыл облысының ақпарат құралдары үшін үлкен жаңалықпен есте қалғаны сөзсіз. Осы жылы облыста тұңғыш рет «Aulieata-media» ЖШС құрылып, ақпарат айдынында өзіндік өрнегімен көш бастады. Үш облыстық газеттің басын қосқан бұл серіктестіктің алдында үлкен белестер тұрды.

«Көш жүре түзеледі» деген. Содан бері «Aulieata-media» ЖШС қалыптасу кезеңінен өтіп, бүгінде аяғына нық тұрды. Облыс басшылығы ақпарат саласына үлкен қолдау көрсетіп, қалам ұстаған ағайындардың еңбегін үнемі бағалап, құрметтеп отыратынын көпшілік жақсы біледі. Осы қолдаудың арқасында облыс- тық басылымдардың жағдайы жақсарып, қазіргі заманға сай келбетпен жарық көруде. Өткен жыл «Aulieata-media» ЖШС қызметкерлері үшін берекелі жыл болды. Ұжым жалақысын да, сыйақысын да уақытылы алып отырды.
Міне, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газеті өзінің ғасырлық мерейтойын осындай сүйінші жаңалықтармен қарсы алуда. Алла қаласа, мамыр айының бірінші жұлдызында «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толмақ. О баста осы газеттің тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, содан бері бұл басылым бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, ғасырға жуық уақыт ішінде «Aq jol»-дың аты мен заты сан мәрте өзгеріп, заманына сай түрлі бағытта қалам сілтеген, сөйте тұра өзінің ең басты міндеті – халыққа қызметін жалғастырудан еш танбаған басылым. Уақыт талабына сай атауы өзгеріп отырған қасиетті қара шаңырақ бүгінде мемлекеттік саясатты елге кеңінен насихаттап, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды.
Басылымның батылдыққа толы жолы жылдар бойы жалғасып келеді. Коммунистік режимнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Aq jol» болатын.
Жүз жылға жуық тарихы бар газеттің өткені мен бүгінін айта берсе, таусылмайтын деректер мен дәйектер жетерлік. Қазыналы қарттың жасын жасаған бүгінгі «Aq jol»-дың бағындырған белесі биік, алда әлі талай асудан өтуіне Алла жар болсын.
Өткен жылдың соңында облыстық «Aq jol» газеті баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұл, әрине, ынтымағы жарасқан еңбекқор әрі берекелі ұжымның әділетті жеңісі еді. Және бұл «Aq jol»-дың жылдар бойғы өркендеуі мен өсуінің арқасында мүмкін болды.
Осылайша ақжолдықтар үшін мерейтой, қуанышпен басталды. Басылымның мерейтойына орай биыл жыл бойына түрлі іс-шаралар өтуде. Әрдайым жолымыз ақ болып, ұжымның еңбегі жемісті бола бергей! Лайым, «Aq jol»-дың жүз жылдық мерейтойы елдің есінде жақсы үлгі- өнегесімен қала берсін!

Оралхан ДӘУІТ,
облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.