Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел күткен үміт ақталды

0 116

Өткен жылдың наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты кезектен тыс Жолдауын жариялаған еді. Бұл ресми құжатта елімізде жаңа даму кезеңі басталғанын білдіретін тарихи межелі мәнге ие саяси реформалар пакеті көрініс тауып, ауқымды өзгерістер мен институционалды бастамалар ұсынылды.

Қаңтар оқиғасынан кейін халқымыз түбегейлі өзгерістерді күткені жасырын емес. Сондықтан да елдің үміті орасан зор болды. Азаматтар тек қана жыл сайын болатын әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардан бөлек, іргелі саяси реформаларды күтті. Сол үміт ақталды. Қос палата депутаттарымен қатар ресми тұлғалар, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де қатысқан жиыннан жаңа бастамалар мен тың серпілістің лебі есті. Ендеше, Қаңтар оқиғасының бағасы беріліп, түйіні шешілген Жолдаудан түйгеніміз: «Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолы» басталды деуге болады

Мемлекет басшысы өз Жолдауын Қаңтар оқиғасына баға беруден бастады. Парламент қабырғасында құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берген арнайы тыңдауды жоғары бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмағанын атап өтті. Бұл Қаңтар оқиғасына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін білдіреді.

– Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақытылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз, – деген еді Президент. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекемеаралық шұғыл тергеу тобы да айналысуда. Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Мемлекет басшысы ел алдына шыққан мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығын білдірді. Одан соң Қаңтар оқиғасының ащы шындығын жариялады.

– Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың нара­зы­лық шеруін басқа арнаға бұрып, жұрт­ты қасақана арандатты. Лаң­кес­тер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғи­мараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бір­ге боламын деп ашық айттым, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкпесіз барлығын баян етіп.

Расында да, бабаларымыз «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаса керек-ті. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында жоғары лауазымға ие елімізге белгілі адамдар да болған. Олар мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. Президенттің «Осы орайда бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлық­пен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін. Сондай-ақ азаматтарымыз ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атса­лыс­ты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматқа алғыс айта­мын. Кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қан­дай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін», – дегені осыны айқын аңғартады.

Расында да, Президент жария етіп отырған саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Өйткені бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде, әрине мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ біз бір орында тұрған жоқпыз. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ болуы тиіс. Бұл туралы «Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді. Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде алдымен басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қа­ғидатын басшылыққа аламыз», – деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға да енгізілді.

Президент Жолдауындағы реформалық тағы бір өзгеріс – Сайлау жүйесіне қатысты. Осыдан 16 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшкенімізді мысалға келтірген Мемлекет басшысы 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлауға көшкенімізді атап өтті. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Өйткені партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Со­ның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. «Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орында­маған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партия­лардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондай-ақ Президент партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктеріне де тоқталып кетті. Айталық, енді партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегі 4 есеге, 20 мыңнан 5 мың адамға азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1 000-нан 700 адамға кеміді. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізуге және филиал­дарды құруға берілетін уақыт көбейді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандыруда. Осының нәтижесінде өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жет­кізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болды. Олардың біразы Парламент Мәжілісінінің депутаттық мандаттарына  ие болды. Бұл сайлау үдерісін жаңғыртуды да талап етпек.

– Көптеген ел дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. Байланыс технологиялары қар­қынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Ал аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек, – деп Президент құнды құжатта айрықша атап өтті.

Реформалық мәнге ие жаңа бастамалар барысында сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын да ескеру қажет. Осы тұрғыда еліміздегі соңғы уақыттары жасалып жатқан өзгерістердің сабақтастығы ретінде атап өткен Президент халыққа аумақтық өзгерістер туралы қабылдап отыр­ған қуанышты шешімін жеткізді. Ол Семей аймағында Абай, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облыстарының құрылуы. Президенттің осы аумақтық мәселені дамыта отыра айтқан тағы бір ұсынысы жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру туралы болды.

– Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді. Сондай-ақ олардың мен­шік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады, – деп қадап айтты Президент.

Берік тұғыры, қуатты қолдауы болмаса және жан-жақты ойластырылмаса, ұлы идеялар да жарға жығатынын айғақтайтын тарихи бір тәмсіл бар. XVII ғасырда айналасындағы бай-бағландардың өзін асыра дәріптегеніне масай­рап, масаттанған Швеция королі Густав II Адольф әлем­дегі ең үлкен соғыс кемесіне қол жеткізуге ынтығады. Оның сыртқы сипаты мен шама-мөлшерін де өзі анықтайды. Тіпті желкендерінің биіктігі мен орнатылатын зеңбіректердің көлемін де өзі белгілеп береді. Бұл жетістікті ешкім қайталай алмауы үшін кеме құрылысын тағы екі палубаға биіктетеді. Сын айтқанның барлығы «сыбағасын» алғасын, паң патшаға кім қарсы келсін? Кеме жасаушылардың икемсіз құрылымды сәл де болса жеңілдету үшін жасаған ұсыныстары да ескерусіз қалады. Король әулетінің құрметіне «Васа» аталған осынау кемені жасауға екі жыл уақыт шығындалады, мыңнан астам мәуелі бәйтерек кесіледі. Ақыры 1628 жылғы тамызда Стокгольм айлағында теңізге түсірілген алып кеме бар-жоғы 2 мың метрге зорға жүзіп барып, суға батып кетеді.Теңгерімге келтірілмеген «ауырлық орталығы» жоғарғы палуба жаққа ауып кеткендіктен, бүйірден соққ ан дүлей дауыл кемені оп-оңай аударып жіберген болатын. Осылайша, аса қымбат әрі король флотының ұлы жорықтарда жол бастар флагманына айналуға тиіс болған «Васа» конс­трукция­сындағы қателіктердің кесірінен алғашқы сапарын абыройсыз аяқтап, теңіз тұңғиығына жол тартады. Оның тағдыры кейінгі ұрпаққа сабақ болды.

Осы тәмсілге сай «Айлағын анықтай алмаған кемеге қума желден де қайыр жоқ» деген даналықты айтқан Сенека заманынан бері ғұламалар мемлекетті алып кемеге теңейді. Демек «мемлекеттік құрылыс та, оның кейін әлемдік айдында еркін жүзуі де, дүлей дауылдарға төтеп беруі де ел тізгінін ұстаған көшбасшыға тікелей байланысты болады», дейді философтар. Ол кеменің болашақта қайда жүзіп, қай айлаққа, қалай тұрақтайтыны да сол тұлғаға байланысты. Мемлекет мықты, мемлекеттілік мәңгілік болуы үшін оның ауырлығы да бір тұсқа шоғырланбай, теңгерімді түрде тең бөлінуі шарт. Қ.Тоқаевтың Қазақстанды суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік елге айналдыруға бекінуі, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыруы саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түсті. Осылайша, жоспарланған жан-жақты реформаларды жүйелі жалғастыру үшін билік Қазақстан халқының жаңа сенім мандатына ие болады. Бірақ бар өзгеріс осымен аяқталмақ емес, саяси жаңғыру алда практикалық жұмыстарға ұласа береді. Халықпен кеңесе отырып, елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеру, оның бәрін табысты жүзеге асыру – билік үшін басты міндет болмақ. Президент айтқандай, мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тың бастаманы ойластырып отырғанын және оны сайлаудан кейін жария ететінін мәлім етті.

Жолдау игілігі мен тиімділігі бір жылдың шеңберінен асып, ұзақ жылдарға ұзайтын, ұрпаққа ұласатын ауқымы кең, мазмұны да ерек құжат болды. Дегенмен онда қойылған басты міндеттер бір жылдың ішінде-ақ негізінен орындалғанына куә болып отырмыз. Біріншіден, Конституциялық кеңес жойылып, оның орнына 90-жылдардағы халықтық демократияның бір элементіне айналған Конституциялық сот қайтадан құрылды. Мұның не айырмашылығы бар? Конституциялық кеңес негізінен биік лауазымды тұлғаларға, ығай мен сығайға ғана қызмет етті. Ата Заңымыздың 2022 жылғы 6 маусымдағы референдумға дейінгі ескі редакциясының 72-бабына сәйкес, Конституциялық кеңеске тек Президент, Үкімет басшысы, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, соттар, сондай-ақ әрі кетсе, жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі біріксе, Парламент депутаттары ғана өтініш жолдай алатын. Ал Конституциялық сот халыққа мейлінше жақын. Оған заңның әлдебір бабы өзінің конституциялық құқығын бұзды деп санайтын кез келген азамат жүгіне алады. Бұдан бөлек, Бас прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де ел Конституциясына қайшы келе­тін заңдарға, заңды күшіне енген сот актілеріне, нормативтік-құқықтық актілерге, әкімдердің шешімдеріне наразы­лық танытып, осы соттан әділдік іздеуге мүмкіндік алды. Ағымдағы жылдың жылдың ақпан айының соңындағы жағдай бойынша Конститу­циялық сотқа азаматтардан 1,5 мыңдай өтініш түсіпті. Мыңнан аса өтінішке түсініктеме берілген, тағы 400-дейі қарастырылып жатыр. Өтініш беру­шілердің 49 пайызы соттардың шешімдерімен келіспейді. Тағы 23 пайызы нормативтік-құқықтық актілерді немесе олардың жекелеген ережелерін конституциялық емес деп тануды сұраса, 3 пайызы ақпаратқа қол жеткізу, 2,5 пайызы еңбек және зейнетақымен қамсыздандыру, 1,7 пайызы қылмыстық-атқару жүйесі және өзге де мәселелер бойынша шағымданған.

Жолдауды жүзеге асыру аясында ел Президенті өткен жылғы 26 қарашада «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы арқылы құзыры кем, қызмет өрісі тар Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды. Жолдаудағы іргелі өзгерістер мемлекетті орнықты әрі басқаруға икемді етуге бағытталды. Мемлекет басшысы бүкіл құзыреттің бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі өз тиімділігін жоғалтқанын баса айтқан еді. Өйткені мұндай жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы қоғамды топтастыра да, ұйыстыра да алмайды. Сондықтан ел Президенті Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертуге кірісті.

Өткен жылғы наурыздағы Жолдау тарихи бетбұрысқа бастады. Қазақстанда саяси монополиямен күрес белең алды. Бұған дейін бар билік бір қолда шоғырланғандықтан, барлық мәселенің шешімі де Президентке келіп тірелетін. Бұл жасампаздық пен бастамашылдықты алға бастырмас тосқауыл болды. Министрлер де, әкімдер де Мемлекет басшысы міндет қоймаса, өз бетімен жаңа іске, тың жобаға мұрындық болмай, бас шұлғып, бұйығы отыратын. Себебі әкімнің шешімі көңіліне жақпай қалса, Президент оның шығарған актісін жоя алатын еді. Салдарынан жергілікті билік дербестігін жойды. Бұл Қазақстанның қарқынды өрлеуін тежеп, дамыған елдер көшіне қосылуына кедергі келтірді. Сондықтан да мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесін биліктің қосымша мүмкіндіктерінен, уақытша ықпалынан биік қойған Қ.Тоқаев өз өкілеттіктерінің бір бөлігінен өз еркімен бас тартты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыс, мегаполис әкімдері шығарған актілер мен шешім­дердің күшін жоя алмайды, оның қолданысын уақытша тоқтата да алмайды. Егер ол шешім заңсыз болса, Бас прокуратура наразылық білдіріп, сот арқылы жоюы мүмкін. Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босату құқығынан айырылды. Оларды халық сайлайды, ендеше орнынан да халық алып тастай алады. Ел тізгінін ұстаған тұлғаға жақын шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол бермеу үшін Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұның сыртында қаңтар оқиғасының туындауына себеп болған келеңсіздіктерді жою, соның ішінде экономикалық қызметтің монополиялануын болдырмау, экономика салаларын олигархиядан тазалау, олар заңсыз иеленген мемлекеттік меншікті кері қайтару, шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару сияқты сан түрлі салаға мультип­ликативтік әсері бар Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру жалғасып келеді. Бұл бізді алда тұрған асқаралы асуларды еңсеруге рухтандырып, сер­пінді сенімділік пен қуатты күш береді. Осы жолдан айнымасақ, бірлігіміз бен берекелі тірлігімізден жаңылмасақ, талай биіктерге еліміздің басы аман, бауыры бүтін болып жетері сөзсіз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.