Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел экономикасын тұрақтандырудың жолы

0 849

Қазақстанда ауыл шаруашылығына инвестиция салу тиісті кезеңмен салыстырғанда анағұрлым артты. Бұл келешекке салынған қаржы есебінде агроөнеркәсіп кешенінің болашағынан үміт күттіретінін білдіреді. Сарапшылар Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі өсімнің мұнай шикізат өнімдерін экспорттауға қатысы болмағанын, бұл Ұлттық экономика министрлігінің есептеу методикасындағы ерекшеліктер мен индустриалды-инновациялық бағдарламаны орындаудағы оңды нәтижелердің жемісі деп атап көрсетеді. Қалай болғанда да, осының барлығын оңды көрсеткіш ретінде болашаққа үмітпен қарауға негіз қалайды.

Бірақ сарапшылардың атап көрсеткеніндей, бүгінгі өсімді ұлғайту үшін экономикада үлкен құрылымдық өзгерістер талап етіледі. Бірқатар депутаттар экономиканы банктің несиелендіруі төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, тұтынушылық несие көлемінің нақты жалақы көлемінен екі есе асып түскенін мәлімдеді. Бұл тәуекелі көп қадам экономика өсіміне айтарлықтай әсер етпейді. Соңғы уақытта Қазақстан экономикасының осал буындары туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айта бастады.
Мемлекет басшысының айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолжетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.
Президенттің пікірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады. Мемлекет басшысы әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты.
– Қаржы реттеушісінің мәліметінше, экономиканың әр секторының 50 пайыздан астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар? Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қорыта айтқанда, осының барлығы Қазақстан экономикасы үшін таяу перспективада атқарылатын міндеттер қатарына жатады. Ол өсімді жеделдетіп, халықты өнімді жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жолдасбек Ақсақалов,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.