Қалалық қоғамдық-саяси газет

Экстремизм ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді

0 266

Экстремизм – «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағынаны береді. Бұл ұғым қоғам ішіндегі жеке тұлғаның немесе топтардың жалпы тәртіпті мойындамауы, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауы сипатында көрініс табады. «Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі – «радикализм». Ал «терроризм» – сол экстремизмнің барар нәтижесі.

Экстремистік пікірлер түрлі салаларда орын алуы мүмкін, соның ішінде дін саласындағы экстремизм анағұрлым қауіпті. Себебі діни экстремизмде көпшілік құрметтейтін дін атын жамылу бар. Діни экстремизм деумен белгілі бір дін меңзелмейді, яғни жалпы барлық дінді ұстанушылардың ішінде экстремистік ойдағылардың табылуы неғайбыл. Исламнан өзге дінді ұстанушы кей азаматтардың да экстремистік ой-пікірлерінің барлығын жоққа шығара алмаймыз. Алайда олар көп жағдайда Ислам атын жамылғандардың көлеңкесінде қалып қояды.
Қазіргі таңда қоғамымызда Ислам дінінің атын жамылып, Алланың жіберген орта жолынан ауытқып жүргендер көптеп кездеседі. Олар кез келген жаңа істі, дінге қайшылығы болмаса да, бидғатқа балап, ананы харам, мынаны ширк деп жұрттың шырқын қашыруда. Осындай экстремистік пікірлермен уланған әлгілердің арасынан террористердің шыққанын да білеміз. Нәтижесінде, терроризмнен тіксініп, лаңкестіктен лоқсыдық. Соның кесірінен елімізде исламофобия, яғни Ислам діні мен оның құндылықтарына шекеден қараушылық пайда болғанын да жасыра алмаймыз.
Ал негізінде Ислам – орта жол, ал мұсылмандар сол орта жолды ұстанушылар. Бұл орайда Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 143-аятында: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік», – деп исі мұсылманның «орта жолды ұстанушылық» сипатына назар аудартып отыр.
Демек, Ислам – тек қана орта жолды ұстануға шақыратын дін. Ислам дінінде орта жолдан шетке ығысуға жол жоқ. Мұны біз пайғамбарымыздың мына бір хадисінен де көре аламыз: «Бірде үш кісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үйіне келеді. Олар Алланың Елшісін үйден таба алмай, сыртта тұрып пайғамбардың жұбайларының біріне Алла Елшісінің үйдегі амалы туралы сұрақ қояды. Оларға пайғамбардың үйдегі жасайтын амалдары айтылғанда, бұл істерді азсынып: «Біздің жағдайымыз пайғамбардай емес қой, оның бұрынғы әрі келешектегі күнәлары кешірілген», – дейді. Содан іштеріндегі бірі: «Мен өмір бақи түнімді құлшылықпен өткіземін, ұйықтамаймын», – дейді. Екіншісі: «Мен өмір бойы ораза ұстап өтемін», – десе, үшіншісі: «Ал мен болсам, әйел затымен оңаша қалмаймын, өмірімнің соңына дейін бойдақ болып өтемін», – дегенді айтады. Бұл жайттан хабардар болған Алла Елшісі әлгілерге барып, алдымен: «Осылай, осылай деп айтқан сендер ме?», – деп сұрап алып, сосын мынандай ой айтады: «Өзіме келсем, Алладан ең қатты қорқатын іштеріңдегі бек тақуа жан мен болам. Солай бола тұра мен (нәпіл) ораза ұстаймын, аузымды ашып та жүремін. Түннің бір уағында ұйықтап та аламын. Әрі әйелдермен үйленемін. Міне, осы – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен алыс» (Имам әл-Бұхаридің «Әс-Сахих» атты сахих хадистер жинағынан).
Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, діни амалдардың өзінде де шектен шығып бара жатқан сахабаларына пайғамбарымыз қалай ескерту жасағанын. Кез келген діни амалдың өзіндік өлшемі бар.
Экстремизм қоғамда екі түрлі сипатта көрініс табады. Біріншісі – идеологиялық насихат болса, екіншісі – экстремистік идеология негізінде қоғам азаматтарына зорлық-зомбылық, қысым көрсету, яғни экстремизмнің терроризмге ұласуы. Соған сай экстремизмге қарсы күрес те екі сипатта болады: ақпараттық күрес және билік күшімен жасалатын күрес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла Тағала Құран арқылы жөнге келмегенді қылыш арқылы жөнге салады», – деген хадисі осыны аңғартса керек.
Әрине, ең алдымен Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Отарынан алыстаған қойды қасқыр жейді» деген хадисінен шабыт ала дана халқымыздың «Бөлінгенді бөрі жейді» деп қысқа ғана қайыра айтқан ұлағатты сөзін басшылыққа алып, экстремизмге душар болғандарға жан ашытқанымыз жөн. Жан ашыту дінге қызыққан жақындарымызға дұрыс жол сілтеумен болады. Ондай жандарды еліміздегі салтымызбен біте қайнасқан дәстүрлі бағытты насихаттаушылар – мешіт имамдары мен ханафи мәзһабын ұстанатын дінтанушылармен жолықтыру ләзім. Әсіресе бойларында қоғамның тарихи қалыптасқан діни ұстанымдарына, салт-дәстүрге қарсы келу сипаты байқалғанда тиісті мамандармен жолықтыру қажет. Мұндай жағдайда енжарлық, немқұрайдылыққа салынбау керек.
Қазіргі таңдағы экстремистік ағым – салафизм-уахабизм ағымы. Себебі олар дәстүрлі бағыттан ауытқыған. Алайда олардың барлығы бірдей емес. Араларында ол идеологияға қатты беріле қоймағандары да бар, олармен жоғарыдағыдай сауаттандыру бағытында жұмыс істеу керек. Сондай-ақ араларында бірбеткей тоңмойындары да бар. Олармен тиісінше жұмыс жүргізген жөн.
Жат ағымға қазірден тыйым салмасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді. Араб елдеріндегідей оларға еркіндік бере алмаймыз, себебі оларда дәстүрлі бағытты жетік білетін мамандар көп. Ал бізде дінді жетік білетін мамандар аз. Қазақстанның көптеген облыстарында маман жетіспеушілігі байқалады. ҚМДБ-ның құрамында өте білікті мамандар бар. Олардың саны тағы да көбею керек. Біздер мешіт имамдары және бірнеше теолог болып, былтыр да, биыл да Атырау қаласы мен облысының барлық аудандарында жүйелі түрде халықпен кездесулер жүргізіп келеміз. Барлық жерде қойылатын бір сұрақ: «Таблиғи жамағатқа тоқтау салды емес пе? Салафит-уахабиттерге мемлекет қашан тыйым салады?». Бұл – халықтың өтініші. Себебі бұл бұрын жеке тұлғалардың проблемасы еді. Ал қазір қоғам дертіне айналып бара жатыр. Бұлар имамдар мен дін мамандарын тыңдамайтын жағдайға жетті. Біздегі тәжірибе бұл ағымдағыларды үгіт-насихатпен кері қайтарудың пайдасыз екенін дәлелдеді. Оларға қатаң іс-шара қолданбаудан басқа жол жоқ. Сондықтан салафизм-уахабизм ағымын экстремистік ағым деп танып, аталмыш ағымға Қазақстанда заң жүзінде тыйым салу қажет.

Қанат Жұмағұл,
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы,
Байзақ ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.