Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екпені ешкім еріккенінен екпейді

Жамбылдықтар қызылшаға қарсы вакцина алудан неге қашады?

0 2  552

Осыдан бірнеше апта бұрын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аппараттық жиында қызылша ауруынан екпе ғана құтқаратынын баса айтып, жауаптыларға бірқатар тапсырма берген болатын.

«Қызылша ауруының алдын алуда Қазақстан бойынша біз соңғы орында келе жатырмыз. Қосымша жаппай иммундау ісін жүргізуде жекеменшік емханалардың жұмысын жандандыру керек. Індеттің таралуына тек екпе ғана тосқауыл бола алатыны жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деген еді Ербол Шырақпайұлы.
Алайда аймақта аталған дертке шалдыққандар қатары сиремей тұр. Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 23 қаңтардағы мәліметі бойынша, аймақта қызылша жұқтырудың 4 079 жағдайы тіркелген.
Қызылша аурушаңдығы облыстың барлық аудандарында таралған. Десе де, орташа облыстық көрсеткіштен 1,6 есеге жоғары сырқаттанушылық Тараз қаласында тіркелген.Мамандардың айтуы бойынша, ауырғандардың 82 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Сондай-ақ эпидемиологтар қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 70 пайыздан астамы екпе алмағандар екенін айтып отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, аймақ қызылша екпесін алудан еліміз бойынша соңғы орында келеді. Мұндай жағдайдың орын алуына не себеп? Екпе егу ісіне көңіл бөлінбей отыр ма, әлде халықтың вакцина алуға ниеті жоқ па?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен ата-аналардың балаларына екпе салудан бас тартуы аурудың ушығуына тікелей себеп болып отыр екен.
– Қызылшаны емдеудің арнайы және тиімді емі жоқ. Қызылшадан сақтанудың жалғыз жолы – вакцинация жасау. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы тиімді әрі қауіпсіз, қызамыққа және паротитке қарсы компоненттері бар вакцина қолданылады. Жамбыл облысында 2023 жылдың 7 қарашасынан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Вакцинацияны 6 айдан бастап 11 айға дейінгі балалар, 2, 3,4 жастағы балалар алады. Сондай-ақ вакцинация мәртебесі белгісіз адамдар үшін толықтыра вакцинациялау жүргізіледі. Бүгінде 70 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды. Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінген және ауыр ілеспелі аурулар болған жағдайда аталған сырқат өлімге әкелуі мүмкін, – дейді Неили Орынбасарқызы.
Алайда ауру қанша жерден күшейіп жатса да, екпе алудан бас тартушылар баршылық. Мұның басты себебі – әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған ақпараттар мен қауесеттер. Таратушылар мүгедек болып қалған балалар мен арбаға таңылғандарды көрсетіп, «Бұлар екпе алып, осындай болып қалды. Сақ болыңыздар!» деп жариялап жібереді. Әрине, әлгі бейнені көрген адам шошып кетеді де, екпеден бас тартады. Дегенмен сол көріністі дұрыстап зерттеп, астарына үңілсек, ол басқа мақсатта түсірілген болып шығады. Сондай-ақ кейбір жалған ақпарат таратушылар «вакцина жеке біреудің бизнесі екен» деп айналасын даурықтырып жүр. Мұның байыбына бармай тағы шулайтындар да жетіп артылады. Осының барлығы айналып келгенде ақпаратты тексермей, тікелей қабылдай салғаннан болып отыр.
Осындай алып-қашпа әңгімеге еріп, баласының болашағына балта шауып ала жаздаған ата-ананың бірі – Мария Омарова. Ол әлеуметтік желіден көрген жазбаға сеніп, сәбиіне екпе егуден бас тартқан.
– Бала туған соң алынатын екпелердің бірін де алмадым. Ол кезде ғаламтордан оқығаным көп еді. Соған сендім. Оған қоса үйдегілер де қажеті жоқ деп тексеріске жібермеді. Мұның арты не боларын білген де жоқпын. Баста бәрі жақсы болғанымен, кейін қызым ауыра бастады. Иммунитеті әлсіреп, ауру жұқтырып алды. Ақыр аяғында ауруханадан бір-ақ шықтық. Мұның барлығы да екпе алмағаннан екенін енді ұқтым, – дейді ол.
Дәрігерлердің айтуы бойынша, мұндай жағдай ата-аналар арасында жиі кездеседі екен. Олардың бірі – ғаламтордың арандатқан ақпаратына сенген жандар болса, енді бірі – екпеге дін бойынша рұқсат етілмегенін желеу еткендер.
Мамандар шаһарда діни ұстанымына қарай екпеден бас тартушылар саны айтарлықтай артып келе жатқанын айтып отыр. Дәрігерлер бүгіннің өзінде дүние есігін ашқаннан бері түрлі жұқпалы аурудан екпе алмаған сәбилер көп екенін айтып, дабыл қағуда. Түрлі себептермен екпе алмайтын балалар сырқаттың жаппай тарауына себеп болуы мүмкін екеніне қарамастан, вакцинациядан түбегейлі бас тартқан ата-аналар көп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде орын алған оқиға қоғамның ойын екіге бөлген еді. Екпе жасатудан ата-анасы бас тартқан жиырма бала туберкулезге шалдыққан болатын. Сонда баласына ауру жұққан ата-ананың біреуі: «Баланың ағзасына дәрі жіберу шариғатқа қайшы деп түсініп, бас тартып едік. Енді өкініп отырмыз», – деген болатын.
Бұл тұрғыда дін мамандары мұндай адастырушы ақпаратқа сенбей, ресми мәліметтерді назарға алу қажет екенін айтады. Мысалға дінтанушы Жалғас Садуахасұлы Ата Заңымыздағы сияқты Исламда да ең құнды нәрсе – адам өмірі екенін, Ислам адам өмірін сақтауға, оны қорғауға әмір ететінін айтады.
– Алла Тағала адам денсаулығына зиян келтіретін нәрселерді арам етіп, пайдалы дүниелерді адал қылған. Екпеге діни негізде қарсылық білдірушілер оны харамға шығаруға тырысады. Әлі болмаған бәленің алдын алу дінге қайшы емес. Керісінше, дініміз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты мұсылмандарға үйретеді. Оған пайғамбарымыздың: «Кімде-кім таңертең (Медине қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді», – деген хадисі дәлел болады. Жеті құрма жеу болашақты болжау болмағандай, екпе егу де болашақты болжау емес. Тазалық – иманнан. Аурудың алдын алып, күтіну керек, – дейді теолог маман.
Қызылша – дұрыс күтімін жасамаса, ажал құштыратын қауіпті ауру. Сондықтан оны «балалар обасы» деп те атайды. Аурудың алғашқы белгілері денені әлсіздік басып, қызу көтеріліп, бас ауруынан басталады. Егер денеде бөртпе байқалса, дәрігерге жүгіну керек. Ауру асқынуының алдын алу мақсатында ересектер немесе жасөспірімдердің емханаға барып, қызылшаға қарсы екпе алуына болады. Ал қызылшамен ауырған, зертханалық расталған ауру белгісі барларға қызылшаға қарсы вакцина алуға тыйым салынады. Сондай-ақ әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата-аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.