Қалалық қоғамдық-саяси газет

Экономикалық интеграцияға мүдделіміз

0 2  131

Мемлекет басшысы Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің кезекті отырысына қатысты.

Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Қырғыз Республикасының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения Пре­мьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Пре­зиденті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы ба­қылаушы мемлекеттерден – Куба Президенті Мигель Диас-Канель, Өзбекстан Премьер-ми­нистрі Абдулла Арипов, ТМД Атқарушы ко­митетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сер­гей Лебедев, сондай-ақ Еуразиялық эко­но­микалық комиссия алқасының төрағасы Ми­хаил Мясникович қатысты.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ға мүше ел­дер­дің президенттері желтоқсан айындағы кез­де­су­лерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қо­ры­тындылап, алдағы кезеңде атқаратын мін­деттерді айқындайтынын атап өтті.

– Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты ай­тарлықтай шектейтін түрлі тыйым, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отыр­мыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақ­тасты­ғы­мыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні ке­лешекке сенім ұялатады. Сыртқы фактор­лар­­дың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы биыл қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 мил­лиард долларға жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақ­­сыздық жағдайында ЕАЭО-ға мүше ел­дердің экономикалық байланыстарды сақтауы және нығайтуы, ортақ қағидаттар мен мақ­сат­тар аясында сауда-экономикалық қаты­нас­тар­ды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осы­ған орай Мемлекет басшысы бірқатар ба­сым мәселені атап өтті.

– Әлемдік инфляцияның елдеріміздің эко­но­микасына кері әсерін азайту маңызды. Ха­лық­аралық ұйымдардың болжамдары көңіл көн­шітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жы­лы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты бол­жамды 2,7 пайызға дейін, Дүниежүзілік сау­да ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осы­ған орай Еуразиялық экономикалық ко­­мис­сияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше ел­дер­дегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айын­да Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайыз­ды құрады. Оның негізгі өсімі азық-тү­лік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұ­ның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қа­­білеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтар­лық­­тай әсер етеді. Белгілі санкциялық шек­теулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің эко­­­номикасына қысым жасайтынын мойын­дау қажет. Сондықтан, біздің пікірімізше, ел­деріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, аталған санк­циялық шектеулердің әсерін жеңілдету жол­дарын ұсынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

саммит

Президент халықаралық экономика­лық ынтымақтастықты дамыту мәсе­лесін екінші басымдық ретінде атап өтті.

– Одақтың сыртқы сауда саласындағы мүд­десі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Қазақстан аталған ба­ғыт­ты қолдайды. Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар ау­дару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сер­бия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдету маңызды. Аталған жұмысты бір­лесе жалғастырған жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз бас­талғанын қолдайды. Бұл бастаманың келе­шегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бес­тіктің» мүддесіне сай келеді деп санай­мын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселе­сіне де тоқталды. Оның айтуынша, интег­рация­лық серіктестіктің тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей бай­ланысты. Оның бірі – тауар қозға­лысының еркіндігі.

– Біздің ортақ кедендік аумағымыз арқылы өтетін қазақстандық және қазақ­стандық қана емес, басқа да жүктердің қозғалысын шектейтін, квота енгізетін, кідіртетін барлық жағдайды жою керек деп есептеймін. Мұндай шектеулер ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақ­тастықтың сипатына да, мақсатына да сай келмейді. Ең бастысы, бұл экономикалық интеграцияның әлеуетін жүзеге асыруды шектейді. Санкциялық шараларға бай­ла­нысты көлік-логистика саласында қиын­дықтар туындаған шақта Жүк тасы­малын қадағалау үшін навигациялық пломбы­ларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестеріне оң әсер етер еді. Аталған келісімде қарастырылған мемлекеттік бақылау шараларын оңтайландыру Эко­номикалық одақтың кәсіпкерлік және кө­лік-транзиттік әлеуетін едәуір арт­тырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жыл­ға дейінгі даму стратегиясы қабыл­данғанын еске салды. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшы­сының пікірінше, стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл.

– ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стра­тегиясын дайындауға, әсіресе ұлттық үкі­меттердің құқықтарын шектеуге қа­жет­тілік жоқ деп санаймыз. Қолданыстағы үлкен Шарттың өзі де, Одақтың барлық құ­қығы да – өзара мәмілеге негізделген ұзақ жылдар бойы жүргізілген келіссөздер мен мұқият сәйкестендірілген ұстаным­дардың нәтижесі. Шарттың инсти­туционалды және мазмұнды бөлігі бар­лық тараптың игі еркі мен экономикалық прагматизмін білдіре отырып, ұлттық және ұлтүсті құзіреттер арасындағы нәзік әрі тиімді тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Одаққа мүше елдер 8 жылдан астам уақыт бойы заманауи сын-қатерлерді бірге еңсеріп келеді. Бұл өзара қолдау мен ұлт­тық мүдделерді құрметтеудің арқасында мүмкін болды. Біз Еуразиялық эко­номика­лық комиссияға, Еуразиялық сотқа, Еура­зиялық даму банкіне жеке­леген құқықтар бердік. Еуразиялық қайта сақтандыру ұйымын құрамыз. Осы уақыт ара­лығында біздің ұзақмерзімді ынтымақ­тастығы­мыз­дың кепілі – тараптар мүдде­лерінің тепе-теңдігі. Сондықтан ЕАЭО ту­ра­лы шарттың институционалдық негіз­дерін ұстануды жалғастыру маңызды, – деді Президент.

Бішкек

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан интеграцияны дамытуға шынайы мүдделі екенін атап өтті.

– Қазақстан тарапынан интеграция­лық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүм­кін емес. Қазақстан, керісінше, Одақ­қа мүше барлық мемлекеттің мүддесін, әрине еліміздің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция про­цесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине Қазақстан халқы да, әсіресе кәсіпкерлеріміз мұндай инте­грацияның пайдасы мен нәтижесін көруге тиіс. Бізді белгілі бір бағыттардағы процестердің «кібіртіктеуі» алаңдатады. Атап айтқанда, Одақтың цифрлық күн тәртібі туралы сөз болып отыр. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледі. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде біз әлемдегі цифрландырылған 30 мемлекеттің қата­рына кіреміз. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы элек­трон­ды форматта көрсетіледі. ІТ техно­логиялар мен инновациялардың дамуы үшін заңнамалық негіздер жасалды. Astana Hub IT стартаптарының халықаралық технопаркі жұмыс істейді. Крип­тоиндус­трия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Бұл тәжірибені интеграцияны дамытуда, жалпы еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауда пайдалануға болады деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз жаңа цифрлық технологиялар, крипто-экожүйелер және финтех сала­сында жетекші рөл атқару деп санаймын. Бұл міндетті орындауға болады. Оған қоса, Ресей, Беларусь, Армения бұл сала­ларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тә­жіри­беге ие. Одаққа мүше елдерді осы ба­ғыт­тағы жұмысты күшейтуге шақы­рамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еңбек миграциясы мәсе­лесіне де ерекше назар аудару қажет деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі.

– Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер ке­рек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек. Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әле­уеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қол­жетімді. Халықтар арасында интег­рация­ны ілгерілетуге жағдай жасайық. Комис­сия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­дылай келе, Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен күш-жігердің ар­қасында қазіргі сын-қатерлердің сал­дарын табысты жойып келетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сө­зінің соңында қырғыз тарапын және Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасы төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтады. Мемлекет басшысы келесі жылы бұл мәртебелі миссия Ресей тара­пына өтетінін жеткізді. Жиын қорытын­дысы бойынша бір­қатар құжат қабыл­данды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.