Қалалық қоғамдық-саяси газет

Экологиялық мәдениет – адамзат үшін

0 612

Адам мен табиғат – егіз ұғым. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Кеңістікте үп еткен жел көбелек эффектісі арқылы қара топырақты табанымен басқан адам біткеннің өміріне әсер етеді. Бұл – талайғы зерттеулердің нәтижесі. Адамзаттың ауыр дертіне айналған экологиялық проблемалар – осының айғағы.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ортақ Отанымыз эволюциялық даму кезеңдерінде өз басынан түрлі табиғи апаттар мен жаңа дүниелердің жаратылысын бастан кешіргенін білеміз. Бүгінде Жер-Ананың жеті қат көкке дейінгі арасында да, атмосферада да экологиялық апаттардың зардабы көбеймесе, азаймай жатқанын күн сайын естіп жүрміз. Табиғат пен адамның арасындағы үздіксіз айналым өмір сүру сапасына сөзсіз әсерін тигізеді. Мысалы, биыл Ресейдегі Сібір ормандарының басым бөлігі тілсіз жаудың құрбаны болды. Нәтижесінде атмосферада оттегі азайып, көмірқышқыл газының мөлшері көбейе түскенін экологтар дәлелдеп, дабыл қақты. Күні кеше шалғай материк Австралияның ормандары түгелдей дерлік от құшағында қалып, миллиондаған жануар тірідей жанып кетті. Бұл адамзат үшін ірі экологиялық апатқа айналып отыр. Жыл сайын теңізге төгілетін мұнай қалдықтары мен қайта өңдеуге келмейтін қоқыстардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан зардабын ойлаудың өзі санаға салмақ.
Әлемдегі ең экологиялық таза елдердің рейтингін жыл сайын Йель университеті жанындағы экологиялық саясат және құқық орталығы (Yale Center for Environmental Law and Policy) жасайды. Рейтинг экологиялық тиімділікті зерттеу, қоршаған табиғи ортаның жай-күйі мен оның экологиялық жүйелерінің өміршеңдігі, биологиялық әртүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету, халық денсаулығының жай-күйі, экономикалық қызмет тәжірибесі мен оның қоршаған ортаға жұмсалатын жүктемесінің мөлшері, сондай-ақ экология саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсететін 10 санаттағы 22 көрсеткіш негізінде есептеледі. Екі жылда бір рет жаңарып тұратын бұл рейтингте Қазақстан 2006 жылы 133-орында болса, 2019 жылы 101-орынға тұрақтап, экологиялық ахуалдың біршама реттелгенін айғақтап тұр. Ал ең таза елдердің алғашқы ондығына Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Люксембург, Австрия, Ирландия сынды елдер жайғасқан. Тізімде АҚШ – 27, Ресей – 52, көршілес Қытай елі бізден кейінгі 120-орында келеді. Ал ең лас елдердің қатарын Үндістан, Бангладеш мемлекеттері толықтырып тұр. Аңғарғанымыздай, экологиялық жағынан өмір сүруге ең қолайлы жер – Еуропа. Кәрі құрлықтағы шағын мемлекеттер бұл көрсеткішке қалай қол жеткізгенін зерттеп көрелік. Бұл – ең әуелі мемлекеттердің экологияға байланысты маңызды құжаттарды, заңнамаға арнайы баптар енгізуінің жемісі. Мысалы, биылғы жылдың басында Германия толықтай көмір тұтынудан бас тартты. Қара отынның ауаға қаупі көп екенін білсек те, елімізде газдандырылмаған елді мекендер көмір тұтынуға мәжбүр. Демек, біз үшін Германия болудың ауылы әлі алыс. Исландия 2018 жылы климаттың өзгеруіне қарсы Ұлт жоспарын бекітті. Құжаттағы негізгі бағыттар бойынша бұл ел 2040 жылға қарай елдегі бензин және дизель отындарын пайдалануды екі есеге қысқартуы тиіс. 2001 жылы «Clean Urban Transport for Europe» бағдарламасы аясында Рейкьявик көшелерде экологиялық таза «Mercedes-Benz Citaro» автобустары сутегі отын элементтерімен жұмыс істейтін қондырғыларды іске қосты. Мұндай автобустар зиянды қалдықтарды шығармайды, олардың жалғыз жанама өнімі – су буы. Гибридті автобустар да ахуалды жақсартуға үлес қосып жатыр. Рейкьявик қалалық кеңесінде 2025 жылға қарай қала аумағындағы жанармай құю станцияларының саны екі есе қысқаруы тиіс деп жоспар бекіткен. Қазіргі уақытта Рейкьявикте шамамен 75 жанармай бекеті жұмыс істейді. Қысқартылатын 35 жанармай құю станциясы дүкенге айналады немесе олардың аумағы тұрғын үй құрылысына беріледі. Қала басшылығы 9 мың мемлекеттік қызметшіге электромобиль сатып алуға төменгі салық тағайындап, тегін автотұрақ ұсынып отыр.
Қоршаған ортаның таза болуына әсер ететін келесі фактор – халықтың экологиялық мәдениетінің жалпыға ортақ сипат алуы. Ең қызығы, олар мемлекет жолға қойған экологиялық бастамаларды салқынқанды қабылдап, оның тиімді жүзеге асуына бұқара болып атсалысады. Мысалы, биыл Лондонда ескі көлік айдайтын жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемі 24 фунтқа – 30 долларға көтерілді. Ағылшындар бұл өзгерісті оң қабылдады. Қарсылық ишарасын білдірген жоқ. Мұның өзін мәдениет деп ұғуға болатындай. Жалпы кәрі құрлықта экологиялық мәдениет өткен ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастады. Қарапайым мысал, халық кептеліс тудырып, түтіннен тарайтын зиянды элементтердің мөлшерін азайту үшін темір тұлпардан велосипед, электросамокаттарға ауыса бастады. Еуропаға жолыңыз түссе, көшелердегі жинақылық пен адамдардың уақытты ұтымды пайдаланатынына куә боласыз. Экологиялық мәдениеттен ширек ғасыр бұрын ғана азаттық алған біздің еліміз де үмітсіз емес. Соңғы жылдары ірі мегаполистерде бірқатар экоқозғалыстар өз жұмыстарын жүргізіп, Тараз сынды шағын шаһарларда да қанатын кеңге жайып келеді.
«Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Нартай Уәлихан – республикалық «Adal Volunteer Club» волонтерлік ұйымының Тараздағы белсенді өкілі. Өзінің ішкі қағидаларына байланысты ол біз күнделікті тұтынатын төрт түлік етінен бас тартқан. 14 жастағы вегетарианды алғаш көрген біз оның бұл ұстанымдарының негізгі себебін өзімен әңгімелесу барысында білдік.
– Еттен саналы түрде бас тарттым. Бізді қоршаған ортадағы фауна әлемі өте ерекше. Жануарлар да тіршілік иесі. Олардың да өмір сүруге, таралуға еркі бар. Табиғат заңына байланысты олардың біздің өмірімізге әсері мол. Мен күнделікті ас мәзіріме етті қоспасам, қаншама жануардың аман қалуына әсер ете аламын. Қазақ болғандықтан, отбасымды түгелдей еттен бас тартқызуға шамам келмейді. Алайда мен осы әрекетіммен өз қатарластарыма әсер етсем деймін, – дейді Нартай.
Ол «Adal Volunteer Club» шеңберінде Таразда «Eco Taraz Bil» экоклубын ашып, өзі оқитын лицейдің дәліздеріне арнайы қоқыс қораптарын орналастырған. Тәртіп бойынша қағаз бөлек жәшікке, пластик бөтелкелер бөлек ыдысқа, полиэтилен пакеттер басқа қорапқа сұрыпталып тасталады. Нартай экология мәселесіне бала кезінен алаңдай бастағанын, осы ойлары оны өз мектебінде нақты қадамдар жасауға итермелегені туралы баяндап берді.
– Барлығы бала кезден ата-анам берген тәрбиеден басталды. Анам әрдайым қоқысты беталды далаға тастамауды ескертіп отыратын. Қоршаған ортаға зиянымыз тимеу үшін арнайы ыдысқа тастауды әдетке айналдырдық. Кейінірек ол қоқыстың қайда баратынын зерттей бастадым. Біздің қалада өзге мегаполистердегідей қоқысты қайта өңдеу зауыттары жоқ екенін анықтадым. Қоқыстың бәрі қаланың сыртынан шалғай бір аумаққа тасталынады екен. Ізденгенімде, қатты қалдықтардан топырақтың эрозияға ұшырап, егін егуге және басқа да мақсаттарға пайдалануға жарамсыз болып қалатынына, пакеттерді мал жеп қоюы мүмкін екеніне көз жеткізіп, өзімнің қоршаған ортаға тигізіп жатқан кесірімді есептеп, жағамды ұстадым. Әлемге зиян жасамауды өзімнен бастауым керектігін түйсініп «Zero Wast Lifestyle», яғни «0 қалдық» өмір сүру стиліне көштім. Бұл стиль заңдылығы бойынша полиэтилен пакеттен, пластик ыдыстардан, қызыл еттен үзілді-кесілді бас тартасыз. Осындай өмір сүру дағдысы негізінде республикалық «Adal Volunteer Club» аясында өз мектебімде «Eco Taraz Bil» экоклубын аштым. Клуб жұмысы арнайы әлеуметтік роликтер түсіру мен мектепте қоқысты сұрыптап тастауға арналған қораптар орналастыруға негізделген. Анамның жұмысынан картон қораптар алып, сыртына «Eco Taraz Bil» деген жазуды жабыстырып, қағаз және пластик тастауға арналған екі ыдысты дәліздерге орналастырдым. Әзірге мектепте 2 қорап бар. Қазір лицей басшылығы картоннан жасалған қораптарды алып тастап, бірнеше жерге пластик ыдыс қойып беруге күш салып жатыр. Бұл қораптарға түсетін қалдықтар мен қоқыстарды «Таза қала» қоқыс қабылдау пунктіне және макулатура қабылдайтын орындарға тапсырамын. Күн жылып, көктем шыққан соң, «Adal Volunteer Club» бірлестігіндегі әріптестеріммен келісімге келе отырып, экомарафондар ұйымдастырмақпыз. Яғни қолымызға қап немесе басқа да ыдыс алып қала көшелерін, саябақтар мен каналдарды қоқыстан тазартуға күш саламыз, – дейді Нартай.
Нартайдың ата-анасы баласының бұл шешімге келуін қуана қабылдаған. Тіпті ұлдарының әлемге, қоршаған ортаға деген жанашырлығына тәнті болыпты. Бүгінде отбасының әр мүшесі дүкенге матадан тігілген шоппер пакетін ұстауға, пластик ыдыстарды қолданбауға тырысады екен. Нартай «осы дағдыларды өзге замандастарым да әдетке айналдыра бастаса, мен үшін бұл үлкен жетістік болар еді» деп көңіліндегісімен бөлісті. Нартайдың құрбы-құрдастары да сейілге шыққанда, мерекелерде өздерінен кейін қалдық қалдырмауға әдеттеніп келеді екен.
– Әлемдегі экоқозғалыстар 1980 жылдары басталды. Біздегі ірі қалаларда қалдық қабылдайтын орындар соңғы 2-3 жылда көбейе бастады. Өзге қалаларда қозғалыс баяу жүріп жатыр. Мен өзімнің өзгелерге қатал көрінгенімен, орындауға болатын қарапайым әдеттерім арқылы айналаға жанашырлықпен қарауды өз ортама үйретіп, бойларына сіңдіргім келеді. Себебі біз жаспыз, көрген нәрсемізге тез үйренеміз. Экологиядан өзге, мен видероликтер түсірумен әуестенемін. Бұл тақырыптардың аясын кеңейтуге маған осы қабілетім көп көмектесті. Қазір барлығы интернетке көп уақыт жұмсайды. Менің жасаған роликтерім ғаламторда баршылық. Болашақта режиссер болғым келеді. Осы мамандық арқылы мен әлемге көп нәрсе айта аламын деп ойлаймын, – деді жас эколог ағынан жарылып.
Қарап отырсаңыз, баланың жасы небәрі 14-те. Көңіліндегі алып армандары оның әлемдік мәселелерді шешуге, өзіндік миссиясын анықтауға, нақты әрекеттер жасауға қанаттандырып отыр. Мектептің 10-сыныбында оқып жүріп-ақ ол ролик түсіруге, жоба жасауға, қала тазалығына атсалысуға, қатарластарын тазалыққа үндеуге үлгеріп жүр. Еріктілер жылына аяқ басқан тұста осындай озық ойлы жас өрендерге жол көрсету, қолдау білдіру – Отанға парыз. Тек Нартай сынды ойлағанынан нәтиже шығаруға асығатын жастарымыз көп болса дейсің мұндайда. Кішкентай кейіпкеріміздің өзі адам мен табиғат арасындағы нәзік айналым бұзылған жағдайда қандай апаттарға алып келетінін аңғарып, түсіндіріп берді. Қазақты еттен айыру мүмкін емес, әрине. Десек те, мұнда пікір таластыруға тұрарлық кереғарлық та жоқ емес. Біздегі бар алаңдаушылық экологияға ауып отыр. Экомәдениетті осындай жастар қалыптастырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.