Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы даланың ұлық тұлғасы

0 118

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынан шыққан көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарымыз бүкіл араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге танылғандары да аз емес. Солардың бірі – Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған дәуір данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби.

Көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісәлі өркениеті мен мәдениеті кең қанат жайған Отырар (Фараб) қаласында 30-ға жуық Фараби өмірге келгендігін айтып жүр. Әбсаттар қажы 1995 жылы Алматы қаласындағы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегінде 11 фарабтық ғалымның өмір жолына тоқталған. Солардың бірі – Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби. Отырарда өмірге келген бұл ғалымның туған жылы белгісіз. Өмірден өткен мерзімі – 961 жыл. Әбу Насыр әл-Фарабимен замандас деп тұжырымдалған.
Араб тілінің көрнекті өкілі болған Әбу Насыр Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари әл-Фарабидің де туған жылы белгісіз. Өмірден өткен жылы шамамен 1002-1008 жылдар деп көрсетіледі. Ол Фарабидің жиені әрі шәкірті болуымен қатар, «Тіл тәжі және ақиқат араб тілі» еңбегін жазған екен.
Фараб қаласының үшінші ғалым перзенті – Мұхаммед бин Хұсейн әл-Фараби. Ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық еңбегіне түсіндірме жазған. Ғалымның артында «Кемеңгерлік меруертіне» түсіндірме», «Афоризмдер» сияқты еңбектері қалған.
Түрік кітапханаларында сақталған он әл-Фарабидің төртіншісі – Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Азди. Оның «Андалусия ғұламаларының тарихы» атты еңбегінің қолжазбасын шығыстанушы ғалым, профессор Әбсаттар қажы Ататүрік университетінің кітапханасынан кездестіргендігін жазған.
Отырардан шыққан бесінші ғұлама Абд әл-Латиф ибн Ахмад әл-Фараби болған екен. Ол «Жаңа араб әлеміндегі ой-пікір және әдеби қозғалыс» атты еңбектің авторы болған әрі осы ғұламалардың ішінде аз зерттелгені екен.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің деректерінде алтыншы Отырар қаласында туған ғұлама ретінде Әбу-л Фадл Таһир бин Мұхаммед әл-Фараби Заһирдің есімі аталады. Ол «Диуан» атты еңбек жазған.
Орта ғасырда «Һидая тәржімасы» атты еңбек жазған Аға Хасан әл-Фараби мен ХІІ ғасырда «Тіл ережелеріне бағынбайтын әйел тегіне (женский род) қолданылатын қалыптар» еңбегінің авторы Бұрһан ад-дин Ахмед бин Әбу Хафс бин Йусуф әл-Фараби араб тілін зерттеуге атсалысқан ғалымдар. Ахмед бин Әбу Хафс бин Йусуф әл-Фарабидің сол кезеңде көп тараған еңбегі «Намазда Құран оқушының шатасуы» деп аталады екен.
Түркия кітапханаларында еңбегі жиі ұшырасатын отырарлық ғалымның бірі – Әбу-л Қасым Махмұд бин Ахмед әл-Фараби (Фарйаби). Ол 1130-1210 жылдар аралығында өмір сүрген. Жинақтары негізінен дін тақырыбына арналған.
Келесі түрік кітапханаларында еңбегі сақталған көрнекті ғұлама Қауам ад-дин әл Итқани әл-Фараби ат Түркістани 1286-1356/57 жылдар аралығында өмір сүрген. Дегенмен өкініштісі сонда, заман ағымымен, дәуірлер көшімен біз бұл ғұламалар туралы там-тұмдап қана оқығанымызбен, еңбектері мен деректерін біле бермейміз. Алдағы уақытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз.
Отырар (Фараб) қаласында туып, күллі түркі жұртына әйгілі болған Әбу Насыр әл-Фарабидің шоқтығы биік. Оның артында қалған мұраларының ешқайсысы да өз маңыздылығын жоғалтпаған әрі жасампаздықтың даңғыл жолына бастар темірқазық іспеттес.
Өткен жылғы тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулы жариялаған болатын.
Ерте дәуірдегі ұлылық пен тектіліктің эталоны қандай болады деген көкейге сауал ұялағанда, көз алдымызға бірден Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың келуі заңдылық. Сол дәуірдегі барша ілім мен білімді бойына жиған, парасат пен пайымы кең әрі маңыздылығын күні бүгінге дейін жоғалтпаған шоқтығы биік туындыларымен күллі адамзат баласының өркениетке басуына негіз қалаған бабамыздың мұралары халқымыздың рухани игілігіне айнала беретініне сеніміміз мол.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі болу керектігін атап көрсеткеніндей, қазіргі дүниені неғұрлым дұрыс танып-білу және адамгершілік пен ізгілікті дамыту біз әр уақытта, әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен тың идеялар мен қағидаларды негізге алғанымыз жөн. Осы орайда, Фарабидің дүниеге көзқарасы мен оның адамның танымына тікелей байланысы туралы идеялары қазіргі біздің ұстанымымызбен сәйкес келеді деуімізге толықтай негіз бар.
Әл-Фараби «Философияны білу үшін не білу керек?» деген еңбегінде нағыз тәрбиеші ұстаздың бойындағы он екі қасиеттің бірі ретінде дүниетанымы кең ұстаз нағыз тәрбиеші бола алатындығын нақтылай түскен. Сондай-ақ баланың ой-санасының дұрыс қалыптасып дамуы үшін айналадағы шындықты танып-білуі маңызды екендігін дәйектеуі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасымен үндесіп жатыр. Әл-Фараби адамның дүниетанымы тек тәрбие мен білім арқылы келетінін тұжырымдай отырып, дүниені мәңгілік деп тануды ұсынған. Ғалым қайда жүрсе де өзінің туған жерге, өлкеге деген сүйіспеншілігін жоғары қоя отырып:
…Айналайын, атам қыпшақ,
Туған жерді сағындым.
Өз атыңа, құрметіңе,
Қайда жүрсем табындым, – деп жазған Фараби трактаттарының әрбірі – маңызы зор бір ғылыми қағида, салмақты дүние. Мысыр қаласында 948 жылы жазылған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы ілімдерін негізге ала отырып, қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімін жазған.
Ғалым трактатында адамның әрбір әрекетінің түпкі мақсаты бақытқа жету екендігін тұжырымдай келе, бұл тұрғыда білім қажет екендігін жазған. Әл-Фараби – адам тәрбиесінің бастау көзі еңбек екендігін ғылыми дәлелдеген алғашқы ғалым. Ғалым еңбектің әр адамның өмірінде алатын орнына терең талдаулар жасап, өнерлі болудың бірден-бір жолы осыдан бастау алатындығын дәйектеген.
Фараби «еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырым жасады. Ол адамды жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның негізі деп санаған. Адам өміріндегі таза еңбек, адал еңбек түрлеріне сипаттама бере отырып, оны тәрбиемен байланыстырған. Фарабидің бұл еңбек туралы жазғандары әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес және болашақта да солай болып қала бермек. Қазіргі таңда да әлемнің әміршісі еңбек екенін барлығымыз жақсы білеміз. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Бұл мәселені сол кездің өзінде Фараби терең талдаған.
Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк тұрғыдан қолдау туралы бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтылған ғұламаның идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрi саналады.
Әл-Фараби қазіргі кезде аса маңызға ие болып отырған жаратылыстану ғылымының де негізін салған ғұламалардың бірі екендігін жақсы білеміз. Ол арифметиканы жаратылыстану ғылымының өзегі деп санаған. Біз қазірге дейін техникалық ғылымдарды жаратылыстану ғылымының басты саласына жатқызамыз.
Күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жоймаған ғұламаның еңбектері мен ұстанымдары біздің әлі де болса білім, ғылым саласындағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі және ең бастысы, мемлекет басқарудағы ұстанымымыз бола беретіндігі даусыз.

Ләззат Қабылбекова,
«Желтоқсан – 86» орталығының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.