Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Егер артық сөз айтсам, кешірім сұраймын»: Бекболат Тілеухан Мәжіліспен қоштасты

0 277

Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның депутаттық қызметін мерзімінен бұрын не себепті тоқтатқанын айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Негізгі себеп, жасырмай-ақ қояйын, денсаулығыма байланысты. Біраз демалғым келеді. Кешенді емдеуден өтпекпін. Бұл жөнінде Елбасына, Мемлекет басшысына баяндадым. Мұнда денсаулық мәселесі ғана емес», –  дейді экс-депутат.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестіне жаңа қызметте сәттілік тілеп, алғыс хат табыстады.

«Нұрлан Зайроллаұлы, асыра мақтап жібердіңіз. Осы мақтауға лайықты екеніме күмәнім бар. Дегенмен ағалық ниетіңізге, әріптестік көңіліңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздермен жұмыс істеген сәтім – өмірімнің бір белесі, бір кезеңі, бақытты, жақсы шағым. Тұлпардай болып топқа қосқан Елбасыға рақмет. Нұрағамыздың бастаған жолын ары қарай жалғастырып, мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының  қамқорлығына, жасап жатқан марапаттарына шексіз алғыс білдіремін», – деді Тілеухан.

Экс-депутат әріптестерінен кешірім сұрап, қарапайым сайлаушы ретінде өз аманатын жеткізді.

«Біраз жұмыс істедік, артық айтқан сөзіміз болса, жаза басқан жеріміз болса, әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінемін. Сондай-ақ сөз-түйінді айтарым бар ғой, ағайын. Қазақ шабуылшы жұрт емес, ол –  қорғанушы жұрт, тарихқа есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, жүректеріңіздің түкпірінде, тарихи санамен, мемлекетшіл оймен әрқашан жүректеріңізде тұрса екен деймін. Ендігі жерде депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде айтар аманатым осы, өтінішім де сол», –  деді Тілеухан.

Сондай-ақ депутат өзінің жаңа қызметі туралы пікір білдірді.

«Мен сияқты адамдар бос жүре алмайды. Сонымен қатар бұған дейін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Ердоған мырзаның Орталық Азия этноспорт комитетін басқаруға ұсыныс келіп түсті. Қазір мені Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті етіп тағайындады. Бізде белгілі бір келісімдер бар, мен біртіндеп соған өтемін», – деді ол.

Айта кетсек, мәжіліс отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі тоқтатылды. Енді экс-депутат Дүниежүзілік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті болып қызмет атқарады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.