Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Еңбекші» – сапалы салалық басылым

0 314

Ақпарат айдынында салалық басылымдардың маңызы күн сайын артпаса кеміген емес. Қазақ тарихындағы барлық салалық баспасөздің өзіндік мақсат-мүддесі бар. Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жанынан жарық көріп келе жатқан «Еңбекші» газетінің де өз оқырманына айтары мол.

Арайлы Серікқызы

18 салалық кәсіподақты біріктіретін республикалық кәсіподақтар федерациясына 2 миллиондай адам мүше. Облыстық ұйым 120 мың адамның басын қосады. Әр кез еңбек адамының мүддесін қорғайтын беделді қоғамдық институттың араласпайтын саласы кемде-кем. «Жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп Елбасы сипаттама берген ұйым еңбек қарым-қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаңаша бағытта жұмыс істеп келеді. Ал облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған «Еңбекші» газеті осындай беделді бірлестіктің атқарған істерін ақпарат айдынында айшықтауда маңызды рөлге ие болып отыр.
– Кәсіподақ газеті – кәсіподақ органдарының жалпақ жұртшылықты кәсіподақтық ақпаратпен қамтамасыз ету, өзінің белгілі бір оқиғаға байланысты көзқарасын бүкпесіз білдіру мен бірігудің құралы. Газетке тек қана ақпарат құралы ретінде қарау қате пікір, ол – насихаттаушы, ұйымдастырушы, үйретуші және мыңдаған кәсіподақ мүшелерін біріктіруші, – дейді басылым редакторы Бейбіт Бекназаров.
Бүгінгі таңда газеттің басты оқырманы ұстаздар болып отыр. 7500 жазылушысы бар басылым айына екі мәрте жарық көреді. Басылымның ең басты қаржыландыру көзі жазылушылар екенін газет басшылығы жасырмайды. Бағасы ұстаздардың айлық жалақысына ыңғайластырылған. Басылымның арзан болуының өзіндік құпиясы бар. Мұндағы мақсат – пайда табу емес, ұстаздардың озық тәжірибесін көпке насихаттау. Газет редакторының сөзінше, «Еңбекшінің» бүгінде өз оқырмандар шоғыры қалыптасқан. Олар екі апта сайын жаңа санды асыға күтеді. Кейбір еңбек қатынастарына байланысты заңнамадағы өзгерістермен, адам құқығына байланысты жаңалықтармен осы газет арқылы танысады. Мұндағы байқағанымыз, газет тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, кәдімгі салалық анықтамаға да айналып үлгерген. «Нарық бір орнында тұрмайтын заманда газет өз оқырмандарын жоғалтып алады» деген қасаң пікірге бұл басылым кері жауап қайтара білді деуге толық негіз бар. Өзі басқарып отырған ұжымның қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірген Бейбіт Бекназаров: «Газеттің жарыққа шығуына мұрындық болғандар ауысады, буын алмасады, оқырмандардың талғамы да өзгереді. Алайда бұл газетте кәсіподақтың тарихы қатталып жатқанын ұмытпауымыз керек. Кез келген уақытта бетін ашсаң, қай уақытта қандай мәселе көтергенін көзбен көріп, көңілге тоқуға болады. Осы себепті басылымның артықшылығы көп-ақ», – дейді.
Өңірдегі 120 мың кәсіподақ мүшесінің 68 мыңы ұстаздар. Осындай ауқымы мол кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары атан түйеге жүк болатындықтан, газет жұмысы жандана бермек. Бұл ретте облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өзі басқаратын салада ақпарат құралының маңызы орасан екенін алға тартады.
– 2015 жылы газеттің лицензиясын алатын уақытта басылымға республикалық мәртебе берілді. Қазір соған сай болып, табанды шығармашылық жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Бұл – басылым кәсіподақ ұйымының төл газеті. Салаға арналған газет шығаруда біз алғашқылардың бірі болып көш бастап отырмыз. Жазылушыларымыз аз емес. Әрбір кәсіподақ мүшесі басылым бетінен өзіне қажетті керек ақпаратты ала алады. Сонымен қатар ұстаздар үшін өз мақалаларын республикалық маңызға ие басылымнан оқу да зор ғанибет қой. Бұл олардың санаттан санатқа өтуіне де зор септігін тигізеді. Газеттің жазылымын ұйымдастыратын аудандық филиалдарды жылына бір рет техникалық базасын толықтыру арқылы ынталандырып тұрамыз. Ақпараттық кеңістікте мемлекеттік емес, ірі қоғамдық ұйымның өз газеті болуы – тамаша жетістік, – деді ұйым басшысы.
Расында, жас басылымның алар асуы әлі алда. Оған сеп болатын мықты да жігерлі кәсіподақ ұйымы бар, табанды еңбек ететін ұжым бар. Адал еңбектің жемісі еселеп қайтатыны да заңдылық. Өңір баспасөзіндегі қалың шоғыр оқырманы бар «Еңбекші» газетінің ұжымына осы биіктен төмендемей, уақыт ағымынан алға озып, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жұмысын насихаттауда үздіктер қатарынан түспеуді тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.