Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар қылмысы қайтсе азаяды?

0 194

Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың терең тамырлануы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта саналы адам қалыптастыру елдің басты міндеттерінің бірі болатын болса, оны іске асырудағы мақсат жасөспірімді жаңа рухта, жаңа көзқараста тәрбиелеуден айқын көрінеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір оғаш қадамына селт етпей сергек қараған жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруына байланысты себеп не? Кім кінәлі? Қоршаған орта ма? Әлде мектеп пе? Ата-ана ма? Болашақ өмірі мен тағдырын бейтарап қалдырмайтын кез келген адамның осы сұраққа жауап іздейтіні анық. Жасөспірімдер қылмысының алдын алуда түйткілді түп-тамырымен жойып жібермесе де, баламен жұмыс істеуде қажетті дағдыларға бағыт беретіні анық. Мұндай жұмыстарды жүйелі жүргізуде үкіметтік емес ұйымдардың үлесі орасан. Осыған байланысты өңірде Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру мен жүргізу» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қылмысы 13,4 пайызға артып отыр. Мектеп оқушыларының жүріс-тұрысын қадағалауға қатысты түрлі рейдтер ұйымдастырылғанымен, нәтиже жоқ. Мамандардың айтуынша, күнделікті өткізілген рейдтік және профилактикалық шаралардың нәтижесінде полиция бөлімшесіне 3082 кәмелет жасқа толмаған жасөспірім жеткізілген. Ал олардың ата-аналарына 2796 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты. Алайда бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 496 дерекке артқан. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуі өткір мәселе, өйткені олар ересектерге қарағанда тәжірибесі мен білімінің жеткіліксіздігінен көптеген проблемаларды шеше алмайды. Осындай факторлардың алдын алу мақсатында «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігі табанды түрде еңбек етіп келеді. Ұйым мамандары жасөспіріммен жұмыс істеуде негізгі басымдық ұстаздарға берілетінін ескеріп, Жамбыл облысындағы барлық он ауданындағы мектептерде арнайы семинар-тренингтер өткізді. Аталмыш оқыту семинарларын Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, психикалық сауықтыру орталығының маманы Мейрамгүл Ибашова жүргізіп, ұстаздар арасында өз тәжірибесімен бөлісті.
– Девиантты мінез-құлықтың көбіне жасөспірімдер арасында көрініс табатынын психологтар жақсы біледі. Бұл ретте әр сабақта мұғалімдерге ең бірінші кезекте ата-аналармен бірігіп жұмыс істеуге кеңес беремін. Бала тәрбиесіне келгенде жан-жақты әсер етпесек, жасаған әрекетіміздің бәрі зая кетеді. Көп жағдайда ата-ана мектепке келген кезде баланың тәрбиесіне емес, басқа ұсақ-түйек дүниелерге бола келетінін тәжірибе көрсетіп жүр. Жасөспірімнің қылмысқа баруының ең бірінші себебі баланың психологиялық ерекшелігіне, психологиялық денсаулығына тікелей қатысты, – дейді Мейрамгүл Смағұлқызы.
Дәл осы мәселеге байланысты тренинг барысында жасөспірімдік шақтағы психологиялық өзгерістерді жіті бақылауда ұстап, баланың мінезіне оң жағынан әсер ету үшін ата-ана мен педагогтарға бірлесіп жұмыс істеуге арналған арнайы жоспардың жай-жапсары түсіндірілді. Маманның айтуынша, қылмыстың алдын алудың ең бірінші тәсілі – қарым-қатынас, баланы тыңдау. Сынып жетекшілері балалармен жеке жұмыс жасағанда әрбір оқушыға өз сенімділігін арттырып, қоғамның бір мүшесі екенін түсіндіруі қажет. Жасөспірімдік шақтан ересек шаққа өткен балаға әлеуметтік ортасы тікелей әсер етеді. Сонымен қатар баланың бойында болатын физиологиялық, биологиялық және психологиялық өзгерістер жіті бақылауда болуы тиіс. Өкінішке орай, ата-ана мен ұстаздар осындай жайттарға көз жұма қарап, баланы уысынан шығарып алып жатады. Проблеманың негізі өзегі де осында. Тренингтер барысында ұйымдастырушылар балаға психологиялық көмек көрсету мәселесіне байланысты арнайы сауалнама жүргізіп, көптеген сұрақтарды талқыға салды. Жалпы алғанда, қоғамды қынжылтқан қылмыстардың алдын алу үшін баланың айналасындағы әрбір орта кешенді түрде жұмыс істеуі тиіс. Бұл ретте баланың өз-өзіне сенімділігін арттыру маңызды. Бала қоғам өміріне сәйкес келмейтін, агрессивті мінез-құлық таныта бастаса, ата-ана өзіне «неден қателестім?» деген сауалды қоя білуі керек. Ата-ана баламен тығыз байланыста болуды, сырласуды әдетке айналдыра білуі тиіс. Қазіргі таңдағы ең үлкен мәселе ата-ана балаларын себепсіз көп жазалайды. Әділетті жаза болғанда, бала өзінің кінәлі екенін сезінеді. Кешенді жұмыс істеуде мектептегі педагогтар мен психологтардың рөлі зор. Олар баланы бақылайды. Бөтен қылықтарын байқаса, дереу шара қабылдап, ата-анаға хабар береді. Тренингтер барысында осы мәселенің барлығы ұстаздар мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына егжей-тегжейлі айтылып, түсіндірілді. Түрлі ситуациялық ойындар ойнатылып, балаларға сергіту жұмыстарын жүргізудің артықшылықтары да айтылды. Жуалы ауданында өткен семинардан психологиялық білімін тереңірек жетілдірген Бибігүл Көшербаева мұндай жиындардың педагогтар үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Өз ісінің кәсіби маманымен, нағыз психологпен біз күн сайын сұқбаттаса бермейміз. Ауылдық жерлерде мұндай шаралардың маңызы өте жоғары. Себебі мұндағы тіршілік кейде балалармен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатады. Бала өз бетімен үй арасында жүреді. Осындай тұстарда баланың проблемаларын, тәрбиесін бақылай алмай жатамыз. Әсіресе, мектептердегі ұстаздар психологиялық білімнің таяздығынан оқушылармен жұмыс істеуде үлкен мәселелерге тап болады. Бізге расымен мамандар жетіспейді. Ал мұндай шаралар осындай олқылықтардың орнын толтырады. Ауылдық жерлерге жас мамандар көп келе бермейді. Бір күндік семинардың өзінен біз көптеген мәселелердің басын ашып, баламен жұмыс істеудің, қазіргі ең үлкен проблема жасөспірімдер қылмысының алдын алу жолдарымен таныстық, – дейді Бибігүл Көшербаева.
Жалпы өңірде Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен тренингтерге барлығы 300-ге тарта сынып жетекші, 300 мектеп директорының орынбасары қамтылған. Кәмелетке толмаған жастардың арасында қылмыстың алдын алудың кешенді шарасы ретінде бағаланған бұл тренингтер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.