Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбек Ерінің елге сапары

0 2  594

Жуырда Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, жерлесіміз Ілия Жақанов өңірімізде болып, өзі туып-өскен Сарысу ауданының жұртшылығымен, облыстық ардагерлер орталығында аймақтың ақсақалдарымен кездесу өткізді.

Тараздағы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында сазгердің «Жайлаукөл кештері» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылған болатын. Шараны тамашалаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов дара тұлғаға зор ілтипат көрсетіп, ата жолымен ағамыздың иығына шапан жауып, лайықты сый-сияпат жасады. Ондай жол-жоралғы облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан да болған.
Туған топырағына арнайы ат басын бұрған тума таланттың осы сапарына орай ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері, 85 жасқа келген ақсақал Садық Сәрсенбековтің замандасы туралы естелік мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Садық СӘРСЕНБЕКОВ,
ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері

Ілияға ілтипатым ерекше

Қазақ «Ел іші – өнер кеніші», «Өнерліге өріс кең», «Шебердің қолы ортақ» деген мақал-мәтелдерінде ұлттық құндылықтың асыл қазынасына жоғары баға бере отырып, оның ортақ игілік екенін ерекше ескерткендей. Өйткені рухани байлық адам бойына өнер арқылы дариды. Рухани бай адам барлық мәселеде қабілетті. Еңбекте де, өнерде де, білім-ғылымда да. Ал ол ұлттық өнерден нәр алған болса, халқының нағыз отаншыл азаматы.
Ендеше, ел ішінде ұлттық өнердің ұрығын сеуіп, оны кеңінен насихаттап жүргендер – нағыз отаншылдың отаншылы, нағыз халық қызметшісі. Мен Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановқа осы теңеуді лайық санаймын.
Ілия халықтан осы жоғары бағаны баяғыда-ақ алып қойған. Композитор, жазушы, өнер зерттеушісі сол жоғары бағаға лайық қызмет атқарып, зор еңбек сіңірді. Соған сай алған атақтары да, марапаттары да жетерлік. Дегенмен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың арда азаматы Ілия Жақановқа еліміздің ең жоғары «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Алтын Жұлдыз» айрықша белгісімен және «Отан» орденімен марапаттауы көрегендік болды. Замандасым осындай қошемет, құрметке ие болғанда шын жүректен қуанғандардың бірімін.
Ілияның менен жас жағынан шамалы кішілігі бар. Дегенмен біз студент шағымызда, одан беріде қызмет атқарып жүргенде, яғни өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бері қарай Ілияның сырлы, сазды әуендерін тойларда, отырыстарда айтып жүрген ұрпақтанбыз. Тіпті оны өзіміздің жерлесіміз ретінде мақтаныш тұтатынбыз. Бірақ ол кезде етене таныстығымыз болған жоқ. Оның сәті кейін түсті. Бұл 1988 жылдың көктемі болатын.
Наурыз тойы бүкілхалықтық мереке ретінде тойланатын болып «ақ түйенің қарны жарылып», ауылда соған дайындалып жатқанбыз. Мен ол кезде «Аққұм» совхозының директорымын.
Арнайы алаңқайға 13 киіз үй тігілген. Барлық киіз үй ұлттық көрнекіліктермен безендірілген. Бәрінде де ата-бабаларымыз қолданған тұрмыс-салт бұйымдары, заттар қойылған. Арасында сол кезде-ақ тарихи жәдігерге айналған қолдиірмен, келі-келсап, қоржын, жалғыз тісті атсоқа, т.б. бұйымдар мен еңбек құралдары бар.
Қырықтың бірі – Қыдыр, біздің алғаш өткізген Наурыз тойымызға композитор, өнер зерттеушісі, жазушы, суретші (Ілекеңнің суретшілік қырын мына беріде білдік. Автор.) Ілия Жақанов та қатысып, концерт берді. Ауылдың талантты, өнерпаз жастары да атсалысқан концерт жоғары деңгейде болды деуге лайық.
Мерекеде ат бәйгесі ұйымдастырылған. Ауылда асыл тұқымды аттар ұстайтын атбегілер бар. Солардың бәйгеге қосқан аттары шетінен суырылып тұр. Бәйгеге қосылған 27 аттың ішінен бірінші келген қара қасқа атқа арнайы үйден алдырып кілем жаптым.
Ілекең біздің іс-шарамызға жоғары баға беріп: «Ауылдың өзінде мынадай болса, ауданда бұдан да тамаша шығар?!», – деп таңданыс білдірген. «Жоқ, біздегіден төмен деңгейде өтеді», – дедім мен әркімнің патша көңілі жоғары көңіл-күймен. Мұным рас та еді, ауылдағылар ұйымшыл.
Кешке ферма меңгерушісі Қарсан Батаев Наурыз тойды ұйымдастырушы белсенділер мен Ілекең бастаған қонақтарға арнайы дастарқан жайған. Қарекеңнің өзі де өнерге жақын адам. Өлең де жазады. Әндері де бар. Сол сияқты сатушы Қоқымбай деген жігіт ағасының осы өңірге танымал «Талас аруы» әні отырыстың сәніне айналған. Бұл әндерді көрші Бостандық елді мекеніндегі ауылдық кеңес атқару комитетінің төрайымы Жеңіскүл қарындасымыз өте шебер орындайтын. Сол кісіні арнайы көлік жіберіп алдырдық. Көпшіліктің адамы ғой, бәлсінбей келгеніне рақмет!
Отырыстың сәні артып, ортамыз жайнап сала берген. Осы отырыста Ілия да екі-үш ән орындады. Жап-жақсы дауысы бар екен. Сонда да болса, қасиетті өнердің әрін кетіріп алудан сақтанатын сияқты.
– Мен бұрын ән салмаушы едім. Өткен жазда Қайрат Байбосынов екеуміз Арқаны аралап, әлі ел ішіне тарамаған дәстүрлі әндерді іздестіріп, танымал болғандарының тарихын зерттеп, біраз жүріп қайтқанбыз. Теңіздің тереңінен інжу-маржан тергендей жұмыс қой, ұлттық өнер қорына, оның ішінде дәстүрлі әндер қазынасына біраз олжа салғандаймыз. Оның қорытындысын «Аққулар қонған айдын көл» деген атпен кітап етіп шығарып, өнер сүйер қауымға тарту еттік.
Осы сапардан соң Қайраттың: «Сіздің дауыс-ыңыз ән айтуға келеді», – деген қолпаштауымен оған қосылып ән айтуды әдетке айналдырдым. Әйтпесе, ән салу бақыты әркімге бұйыра бермейді ғой, – деп еді сонда ағынан жарылып. Бұл – киелі өнерге кір жұққызғысы келмеген бекзаттық, өнерге адалдық.
Ілекең ертеңіне талай танымал тұлғалар мен жақсы-жайсаңдар дәм татқан біздің дастарқанның да қонағы болды. Мұнда да ән айтылып, күй тартылды. Студент кезімде институт домбырашылар оркестріне қатысқан мен де үй иесі ретінде бір-екі күй орындағанмын.
– О, өнер деген біздің күйеубалада жатыр екен ғой! – деп қалды Ілекең қошеметтеп. – Бірақ елдің әл-ауқатын арттыруға үлкен үлес қосып жүрген сендей совхоз директорлары керек өндіріске. Өнердің соңына шам алып түспегеннен кейін бекер әурешіліктің керегі не?! Ал енді осындай басқосуларда көпшіліктің көңілін көтеріп, отырыстың сәнін кіргізіп отырудың жөні бөлек. Ауылдардағы осындай отырыстардың бәріне «народный» әртістерді қайдан табасың? «Ел іші – өнер кеніші», ол «народныйлар» орталарыңызда. Соларды бағалай біліңіздер.
Бұл – елді сыйлайтын, халықты бәрінен жоғары қоятын, өнерді байлық ретінде бағалайтын зиялы адамның сөзі.
Ілияның менің жасым үлкендігіне қарап «күйеубала» деп атауы ата салтты сақтауы, ата дәстүрді құрметтеуі. Өйткені біздің үйдің отанасы Орал – кіші жүздің қызы. Ілекеңе қарындас болып келеді. Аттанарда қайын ағаға қазақтың жол-жоралғысымен сый-сияпат жасадық қой.
Айтпағым ол емес, айтпағым – өнердің өрен жүйрігі Ілия Жақановпен таныстығым туралы.
Ілия – қазақтың мақтанышы. Өнер өлкесіне өзінің хан шатырындай ордасын тіккен, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға зор еңбек сіңіріп жүрген Ілия сынды азаматқа мақтаудың қандай түрін арнасақ та жарасымды. Бірақ біз Ілиямызбен мақтануымыз керек.
Жақсымен өткізген әр күнін жылға балаған Лұқпан хакім секілді, Ілиямен болған сол сәт маған өте қымбат әрі ыстық. Кейде сол күндерді сағынышпен еске аламын да, Ілияға деген ілтипатым бұрынғыдан да арта түседі.
Асылды ардақтай білген жөн.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.