Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбегі еленген арулар

0 309

Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер қай салада да белсенді. Бұл сөзімізді еліміздің іскер әйелдері сәт сайын дәлелдеп жүр. Шаңырақтарының шамшырағындай шырайын келтірумен қатар, өз саласында нәтижелі де табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер облыстық форумда бас қосты. Бұл форумға тек өз облысымыздың азаматтары ғана емес, ZOOM байланыс платформасы арқылы үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Іскер әйелдер қауымдастығы мен Қазақстанның әйелдер күштерінің Альянсының өзге өңірлердегі басшылары мен мүшелері де қатысты.

Зере Қуаныш

«Eńbegі jańǵan arýlar» тақырыбымен өткен облыстық әйелдердің форумында ел экономикасын дамытуға негізделген кәсіпкерлік, жас ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі қоғам бейнесі кеңінен сөз болды. Бұл басқосудың басты мақсаты да әйелдер көшбасшылығы мәселелеріне, нәзік жандылар мен балаларды қорғауға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қыз-келіншектердің қосып жатқан үлесіне қоғам назарын аударту, еңбек етуші арулар мен аналарға деген қоғамның құрметін, оң көзқарасын қалыптастыру еді.

Форумға Жамбыл облысының әйелдер күштері альянсының төрайымы Гүлдара Нұрымова төрағалық етіп, ҚР Іскер әйелдер қауымдастығы мен Қазақстанның әйелдер күштері Альянсының президенті Раушан Сәрсембаева еліне еңбегімен еленген ару аналарға алғысын айтты.

– Біздің көпұлтты елде әйелдер көбінде отбасы институтын, гендерлік мәдениет пен саясатты қалыптастыруға жауапты. Бүгінде олар заң шығарушы және атқарушы билік органдарында, партиялық және кәсіпкерлік құрылымдарда жетекші позицияларға көбірек ие болуда. Нәзікжандылар аудандық, облыстық мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы Парламенті деңгейінде шешімдер қабылдауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Көптеген әйелдер күнделікті және өндірістік мәселелерді, әлеуметтік осал топтың мәселесін шешуде де алдына жан салмайды, – деді Раушан Сәрсембаева.

Форум екі бөлімнен тұрды. Алдымен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Эльмира Мырза-Ғали «Әйелдер көшбасшылығы» туралы ашық алаңда тақырыпты жан-жақты ашты. Арнайы шақырылған спикерлер де өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Ал «Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдер қауымдастығының рөлі» туралы қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Амина Қайназарова модератор болып, шақырылған қонақтар да тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Жаны нәзік, жолы жіңішке болса да, ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдерге «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, «СПК Тараз» басшысы Олжас Қаржауов, «Дәмді себет» дүкендер желісінің басшысы Алмаз Төлтаев та ризашылық лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ жиында халқына адал қызмет етіп жүрген азаматшалар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, «Мүбәрак Мөлдір» балабақшасының меңгерушісі Айман Садықова «Аңыз әйел», төрт мүгедек баланы асырап алып тәрбиелеп отырған Шырынкүл Есімова «Ана даңқы», қоғам қайраткері Гүлсін Орынбаева «Үздік тәлімгер», «Берікқожа» шаруа қожалығының басшысы Әселкүл Дайрханова «Ерен еңбек», «Қазфосфат» ЖШС-нің Тараз филиалының бас инженері Надежда Евдакова «Өндіріс үздігі», «Ақ мол» ЖШС-нің бастығы Зағира Мешелова «Халықтық марка», Талас аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Айтолқын Абдибекова «Білікті басшы», Сарысу ауданындағы балалар аула клубының дизайнері Құралай Берік «Жас қолөнер шебері», «Элай Құлан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сәуле Әденова «Үздік әлеуметтік жоба», «Kaz ir Agro» ЖШС бас директорының орынбасары Марина Фетисова «Инновация үздігі», «Роза» шаруа қожалығының бастығы Роза Искакова «Агробизнес аруы», «Наурызбай» ЖШС басшысы Әлия Әубәкірова «Отбасылық бизнес», «Флагман» сауда үйінің басшысы Әйгерім Жылқыбекова «Ел алғысы», «Қара алма» ЖШС жетекшісі Балагүл Махатова «Туризм жанашыры», Тараз қаласының Құрметті азаматы Оразкүл Тастемірова «Мейірімді жүрек», «Әулие Ата Феникс» ЖШС басшысы Фарида Жүнісова «Жылдың жетістігі», ақын Ғайни Абенова «Өнер шамшырағы» аталымдарына ие болды.

Сонымен қатар республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының облыстағы жеңімпазы атанған «Қайырымдылық тарихы» аталымында біздің «Jambyl-Taraz» газеті де Алғыс хатпен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.