Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діни сананың қалыптасуы

0 360

Әлемдегі саналы жаратылыс – адам екенін ескерсек, ол туғаннан бастап дүниені танумен өмір тізбегін құрайды. Сананың қалыптасуы адамның қабілетімен қоса, ортасына, айналасындағы жандармен қадағаланады.

Обьективті дүниенің субьективті бейнесі деп ұғынсақ, сана тек адам миының жемісі екенін көреміз. Адамның рухани дүниесін құрайтын сана-сезім, түйсік арқылы жұмыс істеп, айналадағы жағдаяттарды қабылдау арқылы кері байланыс орнатады. Сана қабылдауы әр жанда өзгешілігімен көрінеді. Ол дегеніміз – өмірді тануы мен адамның мінез-құлқы, қабылдау деңгейі, өзіндік принциптері, ақыл-парасаты, өзін-өзі ұстай білуі, жасаған іс-әрекеттері. Сана – мәңгілік ақиқат, ал діни сана сол ақиқаттың құрамдас бөлігі, адамзат баласына ортақ құндылық. Әлемде бір-бірімен байланысып жатқан қаншама қоғамдық мәселелер бар. Солардың бірі әрі күрделісі – қоғаммен тығыз байланыста әрі адамзатпен бірге жасасып келе жатқан дін.
Діни сана, діни тәжірибе, діни сезім, діни іс-әрекет сияқты ұғымдар қазіргі қоғамда жиі талқыланады. Діни сана қоғамдық сана формаларының ішіндегі ең маңыздыларының бірі саналады. Оның анықтамасы ретінде адамның белгілі бір діни идеялар мен құндылықтарды мойындауы, ұстануы, санасында көрініс табуы деп тұжырымдауға болады. Адамның айналасындағы қоғамдық байланыстар, отбасы, діни тұлғалар, өмірде басынан кешірген жағдаяттар, тағы басқалар – діни сананың қалыптасуындағы негізгі факторлар. Сапалық тұрғыдан рационалды немесе эмоционалды түрде діни сананың көріністері байқалады. Қазіргі біздің қоғамдағы кейбір діни тақырыптардағы талас-тартыстар барысында да осы діни сананың деңгейі мен көріністерін байқап жатамыз.
Діндегі діндарлық, тақуалық, Аллаға жақындық сияқты құндылықтарды мақсат ету барысында адамдардың санасында әртүрлі ұстанымдар жарыққа шығып отырады. Қысқасы, діни сенім бостандығы берілген қоғамда діни сананың қалыптасуы, көрініс беруі – қалыпты құбылыс. Дегенмен «Діни сана деңгейін қалай көтеруге болады?» деген сұраққа бір жақты жауап бере алмайтын шығармыз. Мәселен, елімізде діни атрибуттарға, ғимараттарға, ұстанымдарға қатысты дау болған кезде сана деңгейі маңызды саналады. Қазірде көбінесе эмоциямен қабылдайтын топтар мен азаматтар басымдық танытуда. Әрине, діни тәжірибенің алғашқы кезеңінде бұл мәселеге де түсіністікпен қарауға болар. Алайда қоғамдағы діни сана деңгейі қалыптасатын болса, көптеген таласты мәселелер шешімін табар еді.
Қазір діндарлар қоғамдағы барлық мәселелерге діннің шаблонымен қараса, одан тыс көзқарастағылар дін десе тұра қашар қалыпта тұр. Орамал таққан қыз орамал тақпаған қызға «Сен күнәһарсың, Алланың парызын орындамайсың» немесе тіпті асыра сілтеп «кәпірсің» десе, екіншісі оған «Экстремиссің, радикалсың» деген уәж айтады. Егер бұлай жалғаса берсе, осы мәселе таяу арада шешімін таба қоюы неғайбыл. Мұның шешімі қоғамдағы әралуандықты барлық тарап мойындап, қабылдай білуде жатыр. Қоғамдағы барлық адам бірдей діндар болмайтыны сияқты, дінсіз де болмайды. Олай болса, ортақ мүдде негізінде түсіністік орната білу жетілген діни сананың көрінісін айғақтайды.

Д.Құттыбаев,
«Әбдіқадір» мешітінің имамы, дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.