Қалалық қоғамдық-саяси газет

Департамент басшысы да, дәрігер де айыппұл арқалады

0 516

Жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлері тағы бір қылмыстың бетін ашқан еді. Сот шешімінен кейін пара берген және алған азамат жауапқа тартылды.

Сонымен жедел іздестіру нәтижесінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы М.С.Зейнебековтің ағымдағы жылдың 22 қаңтарында қалалық №5 емхана басшысының орынбасары Р.Е.Аймурзаев арқылы азамат К.А.Шахмановтың әкесі М.К.Шахмановтың мүгедектік мерзімін ұзартуға ықпал ету мақсатында 100 000 теңге пара алған сәтте құрықталған. Бұдан соң қылмыстық іске қатысты жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп,сотқа жолданған. Енді Тараз қалалық №2 сотының үкіміне сәйкес, М.С.Зейнебеков ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 1-ші бөлімі «пара алу» дерегімен кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Мұнымен қоса шенеунік мемлекетке 2 500 000 теңге айыппұл төлейді.
Ал емхана басшысының орынбасары Р.Е.Аймурзаев ҚР Қылмыстық кодексінің 368-бабы 1-ші бөліміне сәйкес кінәлі деп танылып, 100 000 теңге айыппұл өтейді. Осы ретте пара беру дерегі бойынша кінәлі деп танылған К.А.Шахманов жазадан құтылмай, ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-ші бөлімінде көрсетілгендей, 1 000 000 теңге көлемінде айыппұл арқалады. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген батыр Бауыржан Момышұлы. Соны білсе де, қолындағы билігін асыра пайдаланып, мәселесін шешпек болғандар жазаға тартылып отыр. Не десек те, бұл қылмыс лауазымды қызметте отырғандарға және пара беруші мен алушыға себепкер болғандарға үлкен сабақ болғандай.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.