Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әдебиетіміздің алыбы – Әбдіжәміл

0 288

Кеңестік қиын кезеңде өмір сүріп, шығармалары арқылы тәуелсіздікті ту еткен жазушылар ұлтымызда аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Аралда туып, Алаштың абызына айналған, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, соғыс ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі саналатын тау тұлға Әбдіжәміл Кәрімұлы 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ата-бабасы Арал маңында ежелден қоныстанған. Жетінші атасы – Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туады. Осы үшеуі және Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі Ұлы Отан соғысына аттанады. Өкінішке орай, жақындарының бәрі соғыста мерт болып, майдан даласынан аман оралғаны Әбдіжәміл ғана екен.
Әбдіжәміл өзінің балалық шағы туралы жазған естелігінде бала кезінен әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін сүйіп оқығаны туралы: «Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым. Сәбит Мұқановтың «Адасқандар», «Жұмбақ жалау», Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы алғашқы екі кітабы, Сервантестің «Дон-Кихот» романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді», – деп жазады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Майдангер жазушы сол жылдарды: «1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын», – деп еске алған екен.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп, баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Ал 1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1964 жылдан кейін ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданады.
Сыр өңірінде туған суреткер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты.
Сәбит Мұқанов үлкен бір алқалы жиында «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді» деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен Нұрпейісов жайында. Алыптардың алғысы болар, ол ешқашан өз шығармаларына салғырт қараған жоқ. Алаштың Әбесін «Қазіргі заманның Шолоховы» деп жазғандар да бар. Бірі орыс өмірін, енді қазақ өмірін шығармаларына арқау еткенімен, екеуін де біріктіретін бір нәрсе – адам тағдыры. Ал әлеуметтік-психологиялық «Соңғы парыз» роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген болатын.
Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков Нұрпейісов туралы толғамында: «Ол әр шығармадағы ағат кеткен бір сөздің өзіне қадалып, шұқшиып отыратын. Өзінің романдарын қайта-қайта өңдеуден жалықпайтын. «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын жасадым» деп айтып отырғанда, мен сәл ренжіп: «Әбеке, одан гөрі жаңа шығарма жазбайсыз ба? «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын оқитын адам бар ма, жоқ па, қайдан білесіз?», – деп едім, бірақ ол кісіні алған бетінен қайтара алмайсың. Әр жеріне лайықты сөз қосып отыратын. «Бұл баяғыда жазылған шығарма ғой», – деуші еді. «Соңғы парызды» қанша ұзақ жазды. Бұл кісі ұзақ жазады, жұрт сияқты бір шығарманы бітіре салып, екінші шығармаға кіріспейтін. Қазақ қаламгерлерінің көбі қол жеткізе алмаған нәрсеге Нұрпейісовтің қолы жетті. Мен Колумбияда болған кезімде бір оқиға болды. Олар Қазақстан деген елді естіп те көрмепті. Сонда бір адам келіп, орысша сөйлесті. Сол кісі: «Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай жаңа шығарма жазды?», – дегенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Біздің атақты жазушымызды Колумбиядағы біреудің сұрағаны қандай бақыт. Зейнолла Қабдолов «Суырылмайтын қазық» деп ат қойып еді. Негізінде, ол кісі біреуді жақсы көрсе, жек көрсе, пікірін еш уақытта өзгертпейтін. Әр жағынан өзінің пікірі бар адам болды», – дейді.
Сөз басында КСРО Мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған дедік. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев болса, үшіншісі – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ол халқы мен қаламына адал жазушы болды. Сондықтан да кітабы сөрелерде шаң басып тұрмады, оқырман қолында тозды.
– Халық жөнінде бәріміз үлкен-кішіміз жазуымыз керек. Халық жөнінде жазуға шаршамау керек, көп айту керек. Өзім не жазсам да, үлкен шығарма жазайын, орташа шығарма жазайын, кіші шығарма жазайын, соның бәрін өздеріңе арнап жаздым ғой. Соның бәрін жазып, басқызып, содан кейін мына көңіл күпті, «апыр-ай, қалай қабылдар екен?» деп күтетін, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір жазған кітабым дүкенде сөреде жатқан жоқ, – дейді Нұрпейісов.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Нұрпейісовтің «Толғау» атты әдеби-сын мақалалар мен эсселер жинағы 1972 жылы қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Артынан тағы толықтырылып, «Жүрегі толы жыр еді» деген атпен қайта басылды. «Көгілдір көлдер өлкесі», «Ақбидай туралы аңыз» секілді бірнеше очерктер жинағы шықты. «Қасиетіңді қадірле» атты кітабына соңғы уақытта жазған әдеби мақала, очерк, эсселері енді. Ал 1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Сценарий авторлары – Андрей Михалков-Кончаловский мен Родион Тюрин. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медалін алады және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Ал 2008 жылдың 14 қарашасында Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Мүсіндік копозицияда романның негізгі жеті кейіпкері және ит бейнеленген.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисеновтің пікірінше, Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер.
– Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды. Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де, ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі. Ол – қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы ғана емес, мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан дамуына өз үлесін қосқан қоғам қайраткері, – дейді академик.
Шынында, ардақты жазушының өмірі қазақтың басынан күрделі кезеңнің куәсі болды. Балалық шағы аштықтың азабын, бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап, майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Артта қалған азапты күндерді жазушы: «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім. Өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды», – деп еске алады.
«Ағаш бесікке түскен – жер бесікке де түседі, тумақ бар жерде – өлмек те бар» деп бабаларымыз айтқандай, 2022 жылдың 5 ақпанында қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас қазаға душар болды. Алаш даласын ақпанның аязы емес, Әбдіжәміл туралы тараған суық хабар кезіп кетті. Қайталанбас қаламгер 98 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды.
Белгілі жазушы, Сайлаубай Жұбатырұлы аға досы туралы ақтарыла айтқан әңгімесінде: «Қазақ әдебиетінің ғана емес-ау, қазақтың рухани монолитінің тұтас бір қабырғасы сөгіліп, алып бір дәуірі көшіп бара жатқандай. Тұлға еді. Алып еді. Тасқа таңбаланғандай әр сөзі ғана емес, бар болмысы, бітім-тұлғасы қара жердің өзіндей сенімді, қарқара таудай орнықты еді. Соңғы сәтіне шейін сондай заңғар тұғырда тұрды ағамыз. Сонан ба, мына біз сонау алыс жақтарда, Аралдың сортап ұлтанында да өзін ес тұта жүріп, бұл кісінің барлығына марқайып, арқа сүйегендей бір бекем-жарқын ішкі сенім күшін сезіне жүруші едік…
Іні болдым. Кемді күн тіршіліктің кей сәттерінде қасында жүрдім. Ретті жерлерде аз-кем қолғабыс-көмекке жарадым. Бергенімнен алғаным көп. Болмыс туралы асыл-кеніш ойларынан, әдебиет, шығармашылық туралы сарабдал-сарас пайымдарынан, өмірден жинаған қаттаулы қазынадай тіршілік-тәжірибелерінен, тіпті, жай ғана адами тұлғасының өзінен сарқылмастай өнеге-үлгі көзін көру ғанибет еді…», – дейді.
Мақаламыздың нүктесін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің мына сөзімен түйіндеуді жөн көрдім: «Әуезовтен кейін бүкіл әлемге қазақ әдебиетін, қазақ прозасын танытқан Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Әбең өте кірпияз, өз жазбасына да, өзгенің жазғанына да ылғи сын көзбен қарайтын адам болатын. Көп дүние жазған жоқ. Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті дейтін үлкен әлемге өз олжасын салған, қолтаңбасын берген адам. Көп қазақтың жазушысының бірі емес, әлемдік деңгейге қазақ прозасын жеткізген адам. Әуезовті өте жақсы көретін. «Әуезовтей жазушы жоқ» деп өзіне ұстаз тұтатын. «Мұхтар Әуезов біздің қорғанымыз ғана емес, айбарымыз еді» дейтін. Бүгін сол сөзді мен де Әбеңе арнап айтқым келіп отыр. Қазақ әдебиеті дейтін әлемде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жұлдызы әрқашан биік тұратыны сөзсіз. Әбдіжәміл Нұрпейісов өлген жоқ. Ол қазақпен бірге жасай береді».

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.