Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дағдарыстан дамуға бастаған дара жол

0 212

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдап шықтым. Президенттің барлық тапсырмасы еліміздің дамуына бағытталды.

Президент әңгіменің әлқиссасында-ақ жаһанда жаңа жағдай қалыптасқанын, сол кезеңнің күрделілігін, адамзаттың мылтықсыз майдандағы күресі әлі жалғасып жатқанын, сын сағатта жұдырықтай жұмылсақ қана көзге көрінбейтін жауды жеңетінімізді, нақты деректермен дәйектеп, аз сөздің астарында-ақ мұның өзі мемлекет мығымдығының айқын айғағы екенін аңғартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы барлық республикалық деңгейдегі жолдарды 2025 жылға дейін қайта жөндеп шығуды, ұзындығы 24 мың шақырымдық жолдарды сервиспен қамтамасыз етуді жүктеді. Әрине, таңданатындай тапсырма болмауы мүмкін. Себебі жолдар бар ма – бар, көліктер жүріп жатыр ма – жүріп жатыр, жүк тасылып жатыр ма – тасылып жатыр. Алайда осы жолы бұған дейін қанша жыл жөнделмеген жолдардың жұмысы қолға алына бастады. Мемлекет экономиканың күретамырына бес жыл бойы триллиондаған теңгелер таба алады екен, демек, қара аспанды суға алдыра сөйлейтін еш жөніміз жоқ. Бір өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы төрт көршінің ішкі жалпы өнімінің көлемін қосқандағыдан асып түсетін Қазақстанымыздың әлеуеті әлі де күшті, іргесі берік. Әлбетте, Президенттің қазіргідей дағдарысты дәуірде сенімділік стратегиясындай салиқалы Жолдау жасауы жасампаздық жолының жалғаса беретініне кәміл сендіреді.
Ел болу үшін ең алдымен білім мен денсаулық саласын дамыту керек. Дені сау, рухы мықты, білімді ұрпақ қана ертеңіне сеніммен қадам басып, келешегін жарқын ете алады. Сондықтан Мемлекет басшысының басты назарда ұстап отырған келесі мәселесі медициналық инфрақұрылымды дамытып, денсаулық сақтау саласын мықтап қолға алуды қамтиды.
– Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады, – дей келе Президент ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау мақсатында негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс екенін ерекше атап өтеді.
Ал білім саласында, медицинада, жалпы қоғамда алға қойған мақсатқа қол жеткізуі үшін ең алдымен не керек? Бұл сауалдың жауабы да Президентіміздің Жолдауында айтылып өткен. Мәселе шешілуі үшін оған құлақ асу керек. Мұны дұрыс аңғарған Мемлекет басшысы: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», – деп әділдік болған жерде ғана Үкімет халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, елдің мүддесіне жұмыс істейтінін баса айтқан болатын. Иә, сот болсын, прокурор болсын, тіпті қарапайым қызметкер болсын, айналасындағылардың ісін әділ бағалай алуы керек. Мәселен, мектеп өмірінде де әділдік болса ғана балаға лайықты білім мен тәрбие берілетіні анық. Біз еліміздің ертеңі әділдікті сүйетін, әділет жолында жанын қия алатын қоғам тәрбиелеу үшін ертеңгі азамат, бүгінгі оқушыға дұрыс бағыт беріп, мектеп қабырғасынан бастап әділдікке құштар етіп баулуымыз қажет. Сонда ғана еліміз кемел болашаққа ұмтылып, келешек өмірдің жарқын сәулесін көре алады.
– Демократия бізде қилы-қилы қиындықтар туғызбай қоймауы да мүмкін, оларды шешуге де бізге демография көмекке келуі ғажап емес, – дегенді зиялылардың кезінде жетіскеннен жазбағаны анық. Айналамыздағы ағайындарға, шешілмеген мәселесі бізден артық болмаса, кем түспейтін туысқандарымызға қарағанда халқымыздың табиғи өсімі сын көтермейтінін ашық айтатын кез келді.
Жолдауда ең әуелі мемлекеттік басқару саласын реформалау ісіне көңіл бөлінуі тегін емес. Себебі қолға алған жаңғыртуларды мемлекеттік аппараттағы өзгерістерсіз жүзеге асыру мүмкін емесі тағы бар. Бұл әсіресе пандемия кезеңінде анық байқалды. Мемлекеттік аппарат негізсіз мақсаттарды көздемей, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді шешуге жұмылу керек. Өз кезегінде қазақстандықтар қабылданған шешімдердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет. Қазіргі таңда қоғам түсінікті және тиімді мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды талап етуде. Сондықтан ұтымды ұлттық жобалар форматына көшу дер кезінде қолға алынып отыр.
Президент Жолдауы жан-жақты пысықталған, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат деп айтуға толық негіз бар. Жолдауда экономиканы қалпына келтіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін тиісті заңдар қабылданады. Бұл жаңа сессияда депутаттар жұмысының негізгі басымдығы болып саналады.
Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі – Жер кодексіне өзгеріс енгізу. Президент өз сөзінде: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек», – деп мәлімдеді. Көп өтпей-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған өзгерістер мәтінінде: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмай- ды», – деген нақты талап енгізілді. Бұл өзгеріс арқылы халықтың көкейінде жүрген маңызды сұраққа жауап берілді.
Сондай-ақ құнды құжатта айтылған өзекті мәселенің бірі салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тапсырма болатын. Аталған Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға Президент 2021 жылғы 24 маусымда қол қойды. Бұл өзгеріс аясында кәсіпкерлерді тексеруді барынша автоматтандыру, «Е-SalyqBusiness» мобильдік қосымшасы арқылы арнайы салық режимін енгізу, 6 АЕК (17 502 теңге) көлемінен асатын салық берешегі бар тұлғалардың шоттарын бұғаттап, банк операцияларын тоқтату, пандемиядан зардап шеккен 114 қызмет түрі үшін екі жыл мерзімге арнайы бөлшек салық режимін енгізу сияқты бастамалар бар.
Экологиялық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу, әсіресе қоршаған ортаға зиян келтірген жеке және заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемін айтарлықтай арттыру немесе кінәлі тұлғаны белгілі бір мерзімге қамаққа алу сынды шарттардың пайда болуы да осы Жолдауда айтылған тапсырманың негізінде іске асып отыр. Президент аталған Жолдауда жануарларды қорғау бағытында заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл да қоғамда жиі көтерілетін өзекті мәселе қатарынан. Ел азаматтарының жан-жануарларға зәбір көрсету немесе қинап өлтіруі ара-тұра кездесетін және азаматтардың наразылығын туғызатын жағдайға айналды. Сондықтан бұл өзгерісті де гуманистік қоғам қалыптастыру жолындағы оңды қадам деп бағалауға болады. Елдің экономикалық әлеуетін көтеру, мәдени- рухани дамуын жетілдіру, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелеріне барынша назар аударылды. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылып, еліміздің жақсы өркендеп, дамуының көрсеткіштерін нақтылап жасау жүзеге асырылды.
Мемлекеттік қызметкерлердің санын екі жыл ішінде 25 пайызға қысқартып, олардың жалақысы көтеріліп, жауапкершілігін арттыру мәселесі де қозғалды. Қазір экономикалық қызмет кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатқан кезде жаңа шындық жағдайында экономиканы тұрақтандыру жөніндегі стратегиялық сипаттағы шараларды қабылдау маңызды. Ол үшін бұрынғы жеткізу тізбектерін қалпына келтіру, тоқтатылған жобаларды қайта іске қосу, шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету, ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды дәйекті жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар аталған Жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес, «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды. Бұл сәби сүйе алмай жүрген көптеген отбасыға үміт сыйлады. Президент осындай жеті мың отбасыға жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру мүмкіндігін беретін арнайы мемлекеттік квота бөлуді тапсырды. Бұл көрсеткіш бұған дейін бір мың ғана болғанын және жаңа тапсырмаға сәйкес квота көлемі жеті есеге артқанын айта кеткен жөн. Бұл сәби сүйе алмай жүрген отбасылар үшін дұрыс шешім болды деп есептеймін. Президент барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пунктілермен және дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл өз кезегінде Қазақтан халқы санының өсуіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар құнды құжатта халықтың әл-ауқатын көтеру, еңбекпен қамту, үй-баспанамен қамтамасыз ету, жемқорлықпен күресу, электронды қарым-қатынасты арттыру жолдары нақтыланды. Ауыл шаруашылығын субсидияландыру, өнеркәсіпті жан-жақты дамыту жолдарын белгілеп, көлеңкелі бизнестің және кредит алудың құйтырқы жолдарын ауыздықтау керектігі туралы Үкіметке тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесін жедел түрде өзгерту керектігін де айқындады. «Билікке тың ойы бар, жалындап тұрған жастарды тарту қажет. Шенділердің жұмысы енді балдық жүйемен бағаланады. Осалдық танытқаны қызметінен кетеді. Ал белсенділерінің айлығы көбейеді», – деп жалынды жастарға тағы үлкен серпін берді. Жолдау жастардың бойында азаматтық позицияны арттырып, патриоттық сезімді оятты, жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бейжай қарамай, оған өзіндік үлесін қосуға шақырды. Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты деп халыққа жылылық пен сенім сыйлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіліп, құқық қорғау және сот саласында реформалар жүргізу қылмыстың алдын алу, бұзақылыққа жол бермеу мақсатында полиция, прокуратура, сот қызметкерлерінің міндеттерін нақтылау туралы айтылды. Білім және медицина саласын рефор-малау, материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызметкерлердің жалақысын жоғары деңгейге көтеру дұрыс шешім деп ойлаймын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты Әлеуметтік кодекс қабылдау қажеттілігін айтып өтті. Жолдауда қоғамдық кеңестерінің жұмыстарын жетілдіру заң жүзінде мәртебесін бекіту туралы айтылып, жергілікті жерлерде тұрғындардың кез келген мәселесінің дұрыс шешуіне белсенді қатыстыру сөз болды. Көптен көтеріліп келе жатқан жергілікті әкімдіктер бүкілхалықтық сайлауды келесі жылы жүзеге асыру мәселесін көтерді.
Жолдау – бір жағынан, дағдарысқа қарсы шаралардың теңдестірілген жоспары, екінші жағынан, орта мерзімді перспективаға арналған реформалардың дәйекті бағдарламасы. Түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін осы Жолдау жария етілген жағдайды түсіну қажет. Әлемдік валюта қорының болжамы бойынша жаһандық ЖІӨ 2020 жылы 5,2 пайызға қысқарып, дағдарыстың салдары ұзақ мерзімге созылды. Сарапшылардың пікірінше, жаһандық экономиканы қалпына келтіру 3 жылдан 5 жылға дейін жалғасады. Пандемия кезінде Қазақстан басшылығы мемлекет пен экономиканы басқаруды қолға алуға мәжбүр болды. Сонымен қатар «қателіктермен жұмыс» ұдайы жүргізіліп, реформалар жалғасуда. Мұндай жүйелі өзгерістердің бағыттары Президент Жолдауында нақты көрсетілген. Сондықтан аталған құжатта мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, өңірлердегі өмір сапасын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру мәселелерін шешу, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу деңгейін арттыру сияқты маңызды тезистер қайтадан өзектендірілді.
Жолдауда қойылған міндеттер – бұл келесі бес жылға арналған міндеттер. Осылар мемлекеттік жоспарлау жүйесі-нің құжаттарында, қоғамдық өмірдің аясы мен салаларын дамыту жөніндегі тұжырымдамаларда нақтыланбақ. Осылайша Үкімет қабылдаған Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады. Оның ішінде «мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі» – 10 тармақ, оның ішінде, мысалы, оған сәйкес тармақ 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерге ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Жалпыұлттық жоспардың көптеген тармақтары Президент Жолдауының «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму», «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында», сондай-ақ «Қолжетімді әрі сапалы білім» сияқты бағыттарына жататыны өте қисынды. Қазақстандық білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты тармақтар қатарында толыққанды оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай білім беру онлайн-платформасы әзірленбек. Оның қажеттілігі білім беру жүйесінің қашықтан оқытуға көшу кезеңінде ерекше көрінді. Жолдаудың «цифрландыру – барлық реформалардың негізгі элементі» сияқты бағытын іске асыру үшін 8 тармақты көздейді.
Жолдаудың «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты» және «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» сияқты маңызды бағыттарын іске асыруға тиісінше 10 және 7 тармақ бөлінген. Олардың арасында қоғамда жоғары қолдау мен мақұлдауды тудырған жағдайлар да бар. Оларға сәйкес азаматтарға тұрғын үй сатып алу, емдеу немесе қаржы ұйымдарының басқаруына беру үшін өз жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, сондай-ақ халықтың ауыл әкімдерін сайлауын енгізуге мүмкіндік беріледі. Құнды құжаттың азаматтар тарапынан барынша қолдауға ие болып, оң қабылданған бағыты ретінде Мемлекет басшысының еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, атап айтқанда, медицина кадрларын даярлау туралы мәлімдемелерін атауға болады. Бұл жөнінде Президент: «Пандемия сирек кездесетін мамандықтардың дәрігерлерін: эпидемиологтарды, инфекционистерді, реаниматологтарды, пульмонологтарды, кардиологтарды даярлау туралы мәселесін көтерді. Үкіметке медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамын жасауды тапсырамын», – деді. Шынында да, біз пандемия кезінде сирек кездесетін мамандықтағы жоғары мамандандырылған дәрігерлерді даярлау қажеттілігі күрт өскенін көрдік. Тар көлемді мамандандырылған дәрігерлердің тапшылығы әлі де өзекті. Ұзақ мерзімді кезеңде халық арасындағы медициналық-демографиялық үрдістерді, халықаралық интеграцияның әсерін ескере отырып, ұзақ мерзімді болжамдау негізінде денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамытудың стратегиялық пайымын енгізу қажет.
Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге деген бетбұрысын айқындап берді. Әрбір адамның ойында жүрген көкейкесті мәселені шешу жолына арналған бұл Жолдау еліміздің дамуында оң өзгерістердің және өмірімізде біршама жаңалықтардың болатындығын көрсетіп бергендей. Президент Жолдауында ауыл тұрғындарының, жұмысшылардың, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау саласында еңбек ететін адамдардың жеке міндеттері мен қызметіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді жеке-жеке айтып өтті. Сонымен бірге денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегінің бағалануы керектігін, оларға әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Шынында да, әлемді жайлаған пандемия кезінде медицина саласының маңыздылығының зор екендігі айқын байқалды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Пандемия туындатқан дағдарыс бізге көп нәрсені үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – деген еді. Бұл сөздің өзі денсаулық күзетінде жүрген ақжелеңділерді үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясы елімізде алғаш тіркелген күннен бастап уақытпен санаспай қажырлы еңбек етті. Әсіресе карантин кезінде бала-шағасын, отбасын көрмей, ауруханада қона жатып еңбек еткендер де сол дәрігерлер мен медбикелер еді.
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша денсаулық сақтауды кадрлық қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамы үшін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету стандарттарын енгізу және олардың орындалуын бақылау, тұрақты нормалаудан икемді жоспарлауға көшу кезеңінде медициналық персоналға қажеттіліктің есебін жетілдіру керек. Медициналық және фармацевтикалық білім мен ғылымды модернизациялау шетелдік жетекші университеттермен стратегиялық серіктестікті дамытуды, медицина қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз арттыруды, дәрігерлер мен фельдшерлерді лицензиялауды көздейді. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан көрініп тұрғандай, 2018 жылы дәрігерлер тапшылығы жұмыспен қамтылмаған штат бірліктері бойынша 2 482-ні құрады. Ең көп тапшылық анестезиология-реаниматология, психиатрия, жалпы дәрігерлік практика, акушерия және гинекология, педиатрия мамандықтары бойынша байқалады. Дәрігер кадрларға қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті үш жылдық жұмыспен өтеу енгізілді. Соған орай республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырыстары бөлінуде. Орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысында 2020-2021 жылдары 19 медициналық колледжде 400 грант үлестірілген. Бұған қоса «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлауға – 225 грант, 2021-2022 жылдары – 300 грант, ал осы күзде 325 грант бөлу жоспарлануда. Жолдауда қойылған міндеттерді шешу экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторына айналды. Мемлекет басшысы жаңа шындыққа сәйкес келетін мемлекеттік және экономикалық саясатты уақытында жасау бойынша нақты іс-шаралар жоспарын белгіледі.
Аттың жалындағы, түйенің қомындағы әңгіме ғой дегеннің өзінде, Жолдауда ертеңге қалдырмайтын, арнайы айтпай тұра алмайтын тағы бір тақырып бар. Ол – ұлттың жаңа болмысы. Президент халықтың алдындағы қазіргі мәселенің мәнісін осылайша түйіндеді. Ерінбей еңбек етсек, темірдей тәртіпке бағынсақ, әділеттің ақ жолынан айнымасақ, адалдықты, адамдықты ту етіп ұстасақ, ұқыптылықты ұмытпасақ, тиянақтылықтан танбасақ, ысырап-шылдық пен даңғазалықтан, боссөзділік пен мақтаншақтықтан арылсақ, біз алмайтын қамал да болмайды, біз таппайтын амал да болмайды. Мемлекет басшысы осыны жете түсініп, халықты жаңа жағдайда, жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге шақырды. Осылайша еліміздің ең күрделі міндеттерді шеше алатынын ашық айтып отыр. Ендігі сөз – елдің өзінде. Ол сөздің бірліктің сөзі боларына сенеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.