Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәуірдің дария құрдасы

0 396

«Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» дейді қазақ. Мақалдың мәйегіне бара білсек, қарияларымыздың қадірін ұға түсетініміз анық. Шаһарда жүз жасап, тұтас дәуірдің құрдасына айналған 9 қарт бар. Солардың бірі – жуырда ғана ғасырды еңсерген Бибіжаһан Абдулина апамыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Әзиз ананың шаңырағына әлди үні әлемді тербетіп, дүние есігін ашқан күнімен құттықтау үшін қала әкімінің орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы арнайы ат басын бұрды. Туған-туыстарымен қатар 100 жасаған анаға шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов арнайы құттықтау хатын жолдады. Бұл құттықтауды мерейтой иесіне Кенжебек Мамашбайұлы оқып, шоқ гүлдерімен бірге иығына қамзол, ақ жаулық жауып, сый-құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдірді.

Бибіжаһан Абдулина Қазақстанға өткен ғасырдың 30-жылдары Кеңес үкіметінің Орта Азия халықтарын сауаттандыру науқаны жүріп жатқан шақта арнайы бағдарламамен қоныс аударған. Оңтүстік Қазақстан облысында АХАЖ бөлімін басқарып жүрген Бибіжаһан ана сол кезеңдегі аудандық КСРО Ішкі істер халық комиссариатының басшысы қызметіндегі Бектен Олжабековпен танысып, табысады. Сұм соғыстың оты маздап тұрған 1943 жылы тұңғыштары дүниеге келіп, ары қарай ұрпақ сүйіп, кейініректе Жамбыл облысына қоныс аударады. 6 құрсақ көтерген кейуананың көзі тірі 5 перзенті бүгінде түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүр. Тістің бейнеті болмаса, әженің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Соғыс жылдарында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген 6 перзентін ешкімнен кем қылмай бағып-қағып жеткізген. 9 немере, 18 шөбере, 1 шөпшек сүйген ғасыр құрдасының ендігі тілегі – елдің өсіп-өркендеуі, халықтың амандығы. Аузынан «айналайыны» түспейтін, бүгінде ұрпағының ортасында асқар таудай болып отырған Бибіжаһан әжеміз күйеу баласын ұлындай, келінін қызындай көріп, оларға да тәрбие, өнеге беріп отыр. Сондықтан да болар, көп жылдар бойы бір сөзге келмей, бір үйде жарасымды өмір кешіп жатыр. Туған-туыстары әженің ұзақ жасауын оның адалдығымен, кеңпейілдігімен байланыстырады.

Қазыналы қарттың ақ батасын алып, бабын тауып отырған келіні Балжан Құрамысова қарт енесінен көп тәлім алғанын, әулеттің ұйытқысы болып отырғанын тілге тиек етті.

– Апамыз екеуміз ене мен келіні емес, жастары қатар құрбылар сияқтымыз. Бір-бірімізге жақсы серікпіз. 100-ге келді демесеңіз, анамыз әлі де тың. Денсаулығы жақсы. Бүгінде әулетіміздің ұйытқысы болып, ағайынның ортасында жарқырап отырған жайы бар. Сүйегі асыл енемнен келер ұрпақ ең ізгі қасиеттерді үлгі тұтса деймін. Бұл кісі қызметтегі жарының бар жағдайын жасап, көзінің қиығынан бәрін ұғып, балаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, үлгілі отбасын құра білді. Құдай қуат беріп, берекемізді кіргізіп, арамызда әлі жайнап жүре тұрса деген тілегіміз бар, – дейді келіні Балжан.

Тірліктің шырмауына шырмалмай, түзу жүріп-тұру көбімізге керек-ақ қасиет. Бұл тұста жүздегі анадан үйренеріміз көп. Ғасыр жасаған дария жүрек әзірге соғысын тоқтатпаса деген тілегіміз бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.