Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сұлулықтың сұрмергені

0 272

Уақыт шіркіннің қаншалықты қымбат екенін сарғайған көне фотоларға көз тігіп білесің. Тіршілік үнемі қозғалыста тұратын алып дөңгелектерімен адамның әрбір адымын тарих қойнауына қарай лақтырып, қызыққа толы тәтті өмірін өткен шақтың еншісіне ендіргісі келеді. Шыр айналған уақыттың сіз бен бізді күтпейтінін кеш байқайтынымыз өкінішті. Тек мұндай механизмді бір сәтке жарқ еткен шап-шағын фотоаппарат қана тоқтатады. Бүгінгі өмірді, қазіргі қоғамды келешекке қаз-қалпында жеткізетін суреттер жайында облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабаймен сырластық.

Арайлым Шабденова

Фототілші болуды өнер деп бағалайтын Алтынбектің осы салаға келуіне бала кезгі арманы сеп болған. Ол 28 жасында фотоаппаратты қолына алғаш рет ұстаған. Содан бергі уақытта құралын қолынан еш тастаған емес.

Қазіргі таңда ақпараттық сарындағы фотоларды түсіріп жүрген белгілі фототілшінің өзінің жанына жақын тартатыны – табиғатты түсіру екен. Соның ішінде Меркінің көк тіреген таулары мен әсем табиғатын суретпен бейнелеу.

Сондай-ақ Алтынбек Қартабай түсірген сұлу қыздардың суреті әлеуметтік желіде кең таралымға ие болып, талайдың таңдайын қақтырады.

Бүгінде Арай, Аружан, Ақерке, Кәусар есімді арулардың әкесі қызғалдақтарына көктемнің алғашқы күнінен бастап естелік сыйлықтар сыйлап, жылына бір рет келетін мерекені отбасымен ұмытылмастай етіп өткізеді екен. «Алтеке, сен тек қыздарды суретке түсіресің» дегендерге: «Жоқ. Менің бар тынысым табиғаттың аясында, оның сұлулығын түсіруде ашылады. Ал қыздар – сұлулықтың символы» – деп жауап беремін деген фототілші жақында көрме ұйымдастыруды жос-парлап отыр.

– Көктем – тіршіліктің бастауы. Ал тіршілік көзі анадан бастау алады. Менің фотоаппаратымның объективіне әуелде қыздарымның бала күніндегі қызықтары мен жылдар бойына есейген бейнелерін түсіруден бастадым. Сұлулықты көре білу – үлкен өнер. Ер адам, әйел адам болсын, кез келген жанның сан түрлі қыры болады.

Соны көріп, сезініп түсіру оңай жұмыс емес. Бүгінде архивімде 2 мыңнан астам қыз-келіншектер мен аналардың фотосуреттері бар. Бірақ уақыт өте келе ол суреттерге кәсіби көзбен қарап, көбінің жарамайтындығын түсіндім. Суретшілердің туындыны жасау барысында бірнеше рет түзетуге мүмкіндіктері болса, фотограф қас қағым сәттің сәулесін қағып үлгереді. Ал ол туындының кемшілігі уақыт өте көрінеді, – дейді Алтынбек Қартабай.

Наурыз-сәуір айларында жеке шығармашылық көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырған фототілші көрме жанрын да ерекше етіп алыпты. Ол Жастар жылына орай «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп жергілікті жас ақын-жазушылардың жырлары арқылы фото-поэзияны ұйымдастырмақшы. Алтынбек Қартабайдың объективіне ілінген хас сұлуларды дүйім жұрт әдемі өлең шумақтарымен дала төсінде тамашалай алады.

Ел ағасының пайымынша, фотоға түсіру – үлкен өнер. Әсіресе, қазіргідей жаңа технология қарыштап дамып, барлық сала сандық жүйеге көшкен ақпараттық заманда фотоөнерге сұраныс арта түспесе, кемімейді. Сондықтан фотоаппараттың көзмергені көп жылғы түйгенін жастарға үйретуден жалықпайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.