Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәнекерлеуші болу – арланатын емес, мақтанатын іс

0 430

Қоғамда өзінің қолға алған жұмысына үлкен жауапкершілікпен кірісіп, көптің көңілінен шығып жүрген азаматтар баршылық. Газетіміздің «Журналист мамандық өзгертеді» айдарында біз бұған дейін қала тіршілігіне етене араласып, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген маман иелері жайында жазып келдік.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Осы жылы да сан саланың мамандарымен жолығып, оқырмандарды қызықтыратын маман иелерінің қызу жұмысы жайында толығырақ тарқатамыз. Бұл жолы біз «Қайрат» пәтер иелерінің кооперативіне барып, ондағы дәнекерлеушілердің жұмысымен танысып қайттық.

Жұмысқа бел сыбанып кіріспес бұрын аталмыш пәтер иелері кооперативінің төрағасы Дүйсенбай Асатұлымен кездесіп, ПИК жайында аз-кем ақпарат алдық. Кооперативте 20 жұмысшы болса, соның ішінде 2 дәнекерлеуші маман бар екен. Олардың міндеті – өздеріне бөлінген 35 үйдің шатырын, ауласын және жертөлесін күтіп ұстау. Осы ретте негізгі жұмысшы күші дәнекерлеушіге түсетіні рас. Мұндағы екі маман да жұмысқа қысқа мерзімді, үш айлық оқыту курсы арқылы жолдамамен келген. Оқу курсын бірі 2012 жылы бітірсе, екінші дәнекерлеуші 2019 жылы тәжірибеден өтіп, сертификат алған.

Рас, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қысқа мерзімді оқу курстарына айрықша қолдау көрсетілуде. Тіпті оқу барысында азаматтарға 21 787 теңге шәкіртақы төленеді. Осындай мүмкіндіктен құр қалмау үшін жұмыссыз азамат ең әуелі электронды еңбек биржасына тіркеледі, кейін қалада мамандарға тапшы мекемелердің келісімімен ғана оқуға жолдама алады. Мәселен, былтыр қала бойынша осы мүмкіндікпен 50 дәнекерлеуші оқып, барлығы да жүз пайыз жұмысқа орналасқан екен. Бізді үлкен жауапкершілікті, қырағылықты талап ететін дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырымен таныстырған Анатолий Батухин мен Александр Каралев те қысқа мерзімді оқыту курсында оқып, тұрақты жұмыспен қамтылған.

Алдымен біз 5-ші мөлтек аудандағы 15-ші үйдің жертөлесіне түсіп, ондағы құбырлардың жайын бақыладық. Бірер жыл бұрын жөндеуден өткен үйдің құбырлары жаңа. Осы ретте мамандардың көмегімен арнайы киізден жасалған киімді қымтап киіп, қолғап пен қорғаныш каскасын да іліп алдық. Мамандар көбіне жұмыс барысында газбен және электрмен дәнекерлеуге жүгінеді екен. Әсіресе, электрмен дәнекерлеу аса қауіпсіз әрі жұмыс істеуге де қолайлы екен. Біз жертөлеге түскенде, жылу желілерінде ақау жоқ екенін анықтап, кейін сол қолайсыз аймақта екі темірді электрлі аппаратпен балқытып, біріктіріп көрдік. Жертөленің іші тар. Сондықтан еркін жүріп тұру қолайсыздық тудырады.

Біз ең алдымен балқытып біріктіретін темірдің бетін тазалап, артынша қысқыш тәрізді құралды қолға алып, онымен электродты қысып ұстадық. Кейін дәнекерлеуге берілген темірге иілген сымды ыңғайлап қойдық. Дәнекерлеу жұмысының негізгі бөлігі де – осы. Сонымен дәнекерлеуге арналған аппаратты қостық, енді темір бойында тоқ бар. Біз алдымен ыңғайланып жайғасып, оң қолға электродты, сол қолға арнайы касканы көтеріп ұстап, жұмыс барысына тағы бір көз жүгірттік. Артынша электродты темірге тигізер тұста қорғаныш каскасымен жүзімізді бүркеп, жұмысқа кірісіп кеттік. Дәл осы жұмыс процесімен көп ұзамай бізге берілген тапсырманы орындадық.

Онда да қасымызда өз ісін жақсы білетін мамандар қимылымызды жіті бақылап, ескерту жасап отырды. Түйгеніміз, дәнекерлеушіге қандай жағдай болмасын барынша сабырлы болған ләзім. Жас болса да жұмыстың мән-жайын толық білетін Анатолий Батухин де осы күнге дейін бірнеше рет жоғары қысымның әсерінен құбыры жарылып, салдарынан жертөлесін су басып қалған үйлерге барған. Мұндай кезде ең әуелі сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн дейді маман. Себебі электрмен дәнекерлеу кезінде аппарат сымын суға жақындатпау қажет.

Бұдан бөлек, жарылған құбырды бас салып дәнекерлеу де мүмкін емес. Бірінші, сол жертөледе орналасқан кранды жабу керек. Яғни су тоқтамайынша, жұмыс бастауға болмайды. Дәнекерлеушілердің жертөледе атқаратын жұмыстарымен толық танысқан соң, аулаға шығып, балаларға арналған ойын алаңындағы темірден жасалған бұйымдарды дәнекерлеуге қолғабыс еттік. Тыстағы жұмыс пен жертөледегі жұмыстың айырмашылығын осы кезде жете түсіндік. Әрине, сырттағы жұмыс әлдеқайда жеңілірек, бұл жайлы әңгіме де бөлек.

Дәнекерлеушілер кейде ауыр темірлерді балқытып, біріктіретін кезде бірлесіп жұмыс істейді. Мұндай жағдайда мамандар бір-бірін жазбай түсіну керек. Бір маманның қателігі бүкіл жұмысты желге ұшырып немесе арты қайғылы жағдайға әкеп тіреуі бек мүмкін. Түсінгеніміз, әр мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Бастысы, өз ісіңе адалдық танытып, мәртебелі міндетіңе жауапты болуың қажет. Шебер маманға тән қасиет те – осы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.