Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бюджетті жоспарлау – жүйелі жұмыстың кепілі

0 390

Мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды қызмет атқаруы көп жағдайда бюджет саясатын тиімді жүргізумен сабақтас. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың аталған салаға жауапты бөлімшелеріне айрықша міндет жүктеледі. Ел Президентінің соңғы Жолдауында мемлекет қаржысын жұмсау тиімділігін арттыру жөнінде атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берілген болатын. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет саясатына реформа жасалатынын айтып, бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажеттігін тілге тиек еткен еді.

«Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс.
Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет», – деген еді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Бұл ретте Тараз қаласының қазынасының ортаймауын, жұмсалған әр тиын діттеген жеріне жетіп, мемлекет қаражатын жаратуда шашау шықпауына қала әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі жауапты. Жалпы VII шақырылған Тараз қалалық мәслихаты кезекті жиырма бірінші сессиясында Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 9-бабына және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына сәйкес, 2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджетті бекіткен болатын. Аталған шешімге сәйкес, бюджет кірістері – 52 972 385 мың теңге, оның ішінде салықтық түсімдер – 21 954 581 мың теңге, cалықтық емес түсімдер – 350 000 мың теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер – 15 644 314 мың теңге, трансферттер түсімі – 15 023 490 мың теңге болып отыр. Ал шығындар – 39 038 342 мың теңге, таза бюджеттік кредиттеу – 0 теңге, бюджеттік кредиттерді өтеу – 0 теңге, қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо – 402 000 мың теңге, бюджет тапшылығы (профициті) – 14 532 043 мың теңге, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) – 14 532 043 мың теңге, қарыздар түсімі – 1 000 000 мың теңге, қарыздарды өтеу – 14 532 043 мың теңге, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары – 0 теңге көлемінде есептелді. Сондай-ақ 2023 жылға арналған қала әкімдігінің резерві 588 692 мың теңге сомасында бекітіліп, шешім 2023 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді.
Жоғарыда атап өткендей, бюджет саясатын тиімді жүргізу мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды қызмет атқаруына тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, өткен жылы бөлім тарапынан атап айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қалалық бюджетке 74,8 миллиард теңге түсім түсіп, жоспар 104,3 пайызға орындалды. Оның ішінде салықтық түсімдер 19 миллиард теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артты. Нақты көлем индексі 103,2 пайызға өсті. Салықтан тыс түсімдер 372,3 миллион теңге немесе 109,8 пайыз, негізгі капиталды сатудан 11,1 миллиард теңге немесе 106,1 пайызға орындалды. Трансферттердің түсімі 44,3 миллиард теңгені құрады.
2022 жылдың қорытындысымен қалалық бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі 99,9 пайызға жетті. Төлемдер жоспары 98 миллиард 335 миллион теңге болса, игерілуі 98 миллиард 214 миллион теңгені құрады.
Бюджетті жоспарлауда инвестициялық салымдардың ерекше орын алатынын айтып өткен жөн. Бұл ретте өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 147 миллиард 388,6 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 107,5 пайызды құрады. Оның ішінде бюджеттік салымдар – 51 миллиард 70,7 миллион, шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары – 89 миллиард 354,6 миллион және банктерден несиелер және басқа да қарызға алынған қаражаттар 6 миллиард 963,3 миллион теңгеге жетті. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 345,3 мың теңгені құрады.
Осылайша индустрияландыру саласында едәуір нәтижеге қол жеткізілді. Мысалға, 2020-2025 жылдарға Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылы «Alina Group» ЖШС-нің өндірістік базасын кеңейту және жаңарту» жобасы іске асырылды. Құны 7,3 миллиард теңгені құрайтын жоба жылына 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруға қауқарлы.
Ал биыл жалпы құны 10,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске асырылғанда, 855 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Атап айтқанда, жалпы құны 1 миллиард 870 миллион теңге болатын «KISC» ЖШС-нің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы аясында кәсіпорынның бүгінгі күнгі 3,5 мың тонна металл құю қуаттылығын жылына 24 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде 150 жұмыс орны ашылмақ. «Дәмді себет» ЖШС «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасын қолға алып отыр. 320 миллион теңгенің жобасы жылына 2 160 тонна ұн өнімдерін өндіруді көздеуде. Осы жылдың ІІ жартыжылдығында іске қосылатын кәсіпорында 105 жаңа жұмыс орны пайда болады. Сондай-ақ «СП Taraz pet» ЖШС 3 миллиард 860 миллион теңге қаражатқа «Полиэтилентерефталат рециклингі бойынша зауыт салу» (қолданыста болған пластикалық бұйымдарды қайта өңдеу) жобасын жүзеге асырмақ. Жылына 6 мың тонна пластикті қайта өңдеуге қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 64 адамға жұмыс табылады. Сол секілді, «Alima Delux» ЖШС-нің газ плита өндірісімен айналысатын «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы да жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жоба құны – 3 миллиард 354,0 миллион теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 100 мың дана газ плита шығаруға жетеді. Онда 500 жамбылдық екі қолға бір күрек таппақ. Сонымен қатар «Оргэлитстройсервис» ЖШС-нің «Қант қызылшасы мен мелассаны терең өңдеу арқылы қант өндірісі» жобасының құны 880 миллион теңгені құрап отыр, Зауыт іске қосылғанда жылына 6 120 тонна қант өндіріліп, 330 тонна қант мелассасы өңделмек.
Бұдан бөлек, артта қалған жылы өнеркәсіп орындары 520 миллиард 178,7 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 151,4 миллиард теңгеге өсіп отыр. Оның ішінде өнеркәсіп құрылымының салалары бойынша көрсеткіштер төмендегідей:
– өңдеу өнеркәсібінде 417 миллиард 516,1 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 105,6 пайызды құрады;
– кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде 2 миллиард 898,6 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 110,2 пайызға орындалды;
– электрмен жабдықтау, газ беру саласында 95 миллиард 383,9 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 122,9 пайызды құрады;
– сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 4 миллиард 380,1 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 107,1 пайызды орындалды. Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 миллион теңге болып қалыптасты.
Қыруар қаражаттың бір бөлігі сауда және шағын, орта бизнес саласында айналатыны белгілі. Экономиканың аталған бөлігінде 2022 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 313,6 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 98,7 пайызды, ал көтерме сауда тауар айналымының көлемі 300,2 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 104,7 пайызды құрады. Өткен жылы қалада 33 419 кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде 32 394 жеке кәсіпкер, 6 887 шағын, 32 орта кәсіпорын және 570 шаруа қожалығы бар. Тіркелген субъектілердің ішінде 33 419-ы нақты жұмыс істеп келеді.
Бұл саладан түсетін салықтық түсімдердің көлемі артуы үшін кәсіпкерлердің ісін дамытып, кеңеюіне, өсуіне жағдай жасау керек. Бұл мақсатта жұмыс істеп келе жатқан «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Тараз қаласында 2022 жылы бағдарламаның бірінші бағыты – субсидия тетігі бойынша 12,7 миллиард теңгеге 821 жоба, екінші бағыты – кепілдендіру тетігі бойынша 7,1 миллиард теңгеге 1 138 жоба, үшінші бағыты – өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 49,7 миллион теңгеге 1 жоба қаржыландырылды.
Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында Тараз қаласы бойынша Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасымен 9,8 миллиард теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. Олар: «Мейірім Тараз» медициналық орталығы ЖШС – 2,3 миллиард теңге, «Alina Group» ЖШС – 6,9 миллиард теңге, «Исмаилова» ЖК – 12,5 миллион теңге, «Тараз-Ғасыр» колледжі» ЖШС – 13 миллион теңге, «Нұржігітова» ЖК – 11 миллион теңге және «Садыхан» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы 500 миллион теңгеге қаржыландырылды.
Шаһар аумағында қызмет ететін ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің де осы санатқа енетінін ескерсек, бұл бағытта да атқарылған бірқатар жұмысты осы қатарға қосып кетуге болады. Осылайша, 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында 13 миллиард 988,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103 пайызға орындалды. Мал шаруашылығы бағытында 2 миллиард 356 миллион теңгенің және өсімдік шаруашылығы бойынша 11 миллиард 140,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Сүт өндіру 11 тоннаға, ет өндіру 9,1 тоннаға және жұмыртқа өндіру 4,7 мың данаға өскенін де айта кету керек.
Қазіргі таңда қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 98 цех пен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Оның ішінде шұжық өндіретін цехтар – 27, сүт өңдеуші кәсіпорындар – 5, кіші наубайханалар – 7, тандыр нан цехы – 17, макарон өнімдерін өндіретін цех тар – 3, ұн өнімдерін өңдейтін кәсіпорын- дар – 3, кондитерлік өнім өндіретін цехтар – 9, бал өндіруші- лер – 10, қымыз цехы – 1, қант шығаратын зауыт – 1. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 2 158 адамды құрайды.
Соңғы жылдары азық-түлік пен өзге де тауарлардың бағасы өсіп келе жатқанын байқап келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар да бөлімнің бақылауында. Толығырақ тоқталар болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұтыну тауарларының бағалары мен қызмет көрсету тарифтері бойынша инфляция деңгейі 19,8 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары – 26, азық-түлік емес тауарлар – 18,2, ақылы қызметтер тарифі 12,5 пайызға өскен.
Инфляция деңгейін тұрақтандыру аясында қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 4 жұмысшы топ құрылып, қызмет атқаруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Империя» жеке кәсіпкерлігімен бірлескен қызмет туралы шарт негізінде 16 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр.
Қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында өткен жылы қаланың «Grand Bazaаr» сауда кешенінің алдында және орталық алаңда 30 жәрмеңке өткізіліп, 2,1 миллиард теңгеге 2 646 тонна азық-түлік тауарлары нарықтағыдан 10-20 пайызға төмен бағамен сатылды.
Сонымен қатар облыс орталығында тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Осылайша бюджеттік қаражаттың бір бөлігі аталған бағытқа бөлініп отыр. Нақтырақ айтқанда, өткен жылғы кезеңде жұмыссыздық деңгейі 5,7 пайызды, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 902 теңгені және орташа номиналды айлық жалақы 243 930 теңгені құрады. Нәтижесінде жыл ішінде 1 миллиард 777,6 миллион теңгеге 6 254 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жекелей тоқталар болсақ, 2 578 отбасына 112 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі, 3 676 отбасының 18 030 адамына 1 миллиард 665,6 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығына ресми түрде жұмысқа орналасуға 20 697 адам өтініш білдіріп, оның 9 870 адамы жұмыспен қамтылды. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның аясында 16 726 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен тартылса, оның ішінде жастар тәжірибесімен – 326, әлеуметтік жұмыс орындарымен – 29, ақылы қоғамдық жұмыстармен 999 адам қамтамасыз етілді. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке оқытуға 5 486 тұрғын жолданып, жұмыссыздарды оқыту ұйымдарында және жұмыс орнында оқытуға 374 азамат жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 51 жас жұмысқа орналасып, мемлекеттік гранттар беру арқылы – 429, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясын- да – 9,«Күміс жас» жобасымен 51 тараздық жұмысқа жолданды. Сондай-ақ онлайн оқыту арқылы 446 және 8 516 азамат тұрақты жұмыс орындарымен адам қамтылды.
Жоспарланған бюджеттік қаражаттың едәуір бөлігі құрылысқа, оның ішінде шаһар тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында көпқабатты үйлер салуға жұмсалып келеді. Осының нәтижесінде өткен жылдың ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 354,5 мың шаршы метрді құрады. Жалпы 2022 жылы 71 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, қалған 17 үй биылға өтпелі. Сонымен қатар 29 жаңа тұрғын үй бойынша сараптамадан оң қорытынды алынды.
Дәл осындай жұмыстар транспорттық инфрақұрылымды оңалту бағытында да жүргізіліп отыр. Аталған бағыттағы нысандары бойынша өткен жылы 22 жоба бойынша көше жолдарын орташа жөндеуге 1,1 миллиард теңге және қала көшелерінің шұңқырларын қалпына келтіру жұмыстарына 55,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Қала көшелерін сыртқы жарықтандыру үшін 2022 жылы 180 миллион теңге қаржы қарастырылып, 50 көше мен бұрылыстарға жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы қала бюджетінен 102 миллион теңге қаржы қарастырылып, 5 мекенжай бойынша аулаларды абаттандыру жүргізілді. Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша тұрғын үй қорына кіретін 1 406 көппәтерлі тұрғын үй бар. Өткен жылы «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 3,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 54 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет және қайтарым қаражаты есебінен 14 тұрғын үй жөндеуден өткізілді.

Жандос ОРДАБАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік
жоспарлау бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.