Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болмысы бөлек қайран Болат!

0 317

Көп жылдар замандас ретінде қатар жүріп, ұзақ жылдар араласып, дос болған, әр кез ой-пікір бөлісіп, сырлас болған жан туралы өткен шақта қалам тарту жеңіл емес екен. Күні кеше ғана сардар мінезімен салиқалы, байыпты пікір айтып, мына өмірдің қиындығы мен жақсылығын, жетістіктеріміз бен қуаныштарымызды бірге бөлісіп жүрген аяулы азамат, қарымды қаламгер-журналист, шебер публицист Болат Мәуленовтен кенет көз жазып қаламыз деп кім ойлаған?! Сенгің келмейді! Өткен өмір көрген түстей екен ғой…

Адамның өмірінде «дос» деген ұғым бар. «Тегіңді, жынысыңды, туысыңды Алла Тағала маңдайыңа жазып береді. Ал сенімді дос таңдау әркімнің өзіне беріледі» дейді білгіштер. Әркім өзінің мына қызылды-жасылды беймаза өмір жолында мыңдаған адамды ұшыратады. Солардың арасынан досты өзің таңдайсың. Ол, әрине, жеңіл емес. Балалық бал дәурен, студенттік жалындаған жылдар, еңбек жолдары бізге достар ұсына білді. Әр досыңның адамдық асыл қасиеттері: мінезі, ой-орамы, сана-түйсігі, талғамы, түсінігі, рухани байлығы сенімен үйлесім табуы керек. Достардың да достары бар. Біреу сені үлкен қызметің үшін, екіншісі сені қалың қалтаң үшін жақындасып, дос болғысы келеді. Уақыт келе өмір сынағынан өтіп, біреуі нағыз досқа айналса, екіншісі уақтынша амал дос болады. Сондай нағыз достардың бірі мен үшін Болат Мәуленов болды.

Болат облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне 1976 жылы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап келді. Оның алдында бірер жыл ол ауылы Сарысу ауданының «Түгіскен» (қазіргі Тоғызкент) совхозында, одан кейін әскер қатарында үш жыл қызмет етіп, біраз өмірлік тәжірибе жинап, еңбекке ысылып, Алматыға оқуға түскен. Көп уақыт өтпей-ақ ол облыстық газеттің қызметкері ретінде, шымыр, қарымды журналист ретінде тартымды, ойлы мақалалар, очерктер жазып көпшіліктің көзіне түсті. Баттал Жаңабаев, Бахтияр Әбілдаев, Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Елен Әлімжанов, Арғынбай Бекбосынов, Сағат Арынов сынды сақа журналистер Болаттың қабілетін танып, қамқорлықтарына алып, әрдайым қолдап, қанаттандырып отырды.
Қызметтен қолым қалт еткен сәттерде қолыма қалам алып, ойда жүрген дүниелерді қағазға түсіретін әдетім бойынша газет қызметкерлерінің біразымен таныс болатынмын. Сол кезде «Еңбек туы» газетінде бір шоғыр жас журналистер болды: Мұса Рахманбердиев, Мұрат Сыздықов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Мақұлбек Малдарбеков, т.с.с. Редакцияға бас сұғып жүріп, әлгі жас журналистердің біразымен таныстым. Солардың арасында көңілдері мен ой-пікірлері, талғамы мен түсінігі, ішкі рухани дүниелерімен маған жақын Болат пен Доқтырхан болды. Болаттың жанып сүйген жан жары Шолпанға үйленген бақытты кезінде де, ұлы Думанның өмірге келген қуанышын да және де басқа айтулы отбасылық шараларын, тойларын бөлісіп едік. Келе-келе олардың отбасымен етене араласып, сыйласып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, жақын, нағыз жарасымды дос болып кеттік. Балалары да көз алдымызда өсіп-жетілді. Тіпті анда-санда бас қосып, бірге табиғат аясына демалысқа да шығып тұрдық.

Шамамен өткен жүзжылдықтың 80-ші жылдарының басында болар, мен достарымды май айында өзімнің кіндік қаным тамған қасиетті Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбасқа «маевкаға» шақырып, Болат-Шолпан, Қалжан-Света және бала-шағаларымызбен барғанымыз есімде. Ол өңірдің құлпырған керемет табиғатына, таза саф ауасына, мөп-мөлдір, таза сулы бұлақтарына, теңіз толқынындай құлпырған даланың әсем қызғалдақтарына, тағылымды тарихы мен аңыз әңгімелерге қаныққан Болат досым: «Ту, мына сенің өскен өңірің қандай керемет, табиғаты бай, тарихы мол. Тектен-тек заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов осы өңірді аралап, табиғатына сүйсініп, тың игерушілер жайында «Түркістан солай туған» деген көркем очерк жазбапты», – дегені есімде. Содан кейін де Болатпен талай сапарлас болдық, кездесулер мен тойларды бірге өткердік. Ол қай тақырыпқа әңгіме қозғамасын, оны бос көпіртпей, асықпай-аптықпай, қызбалыққа салынбай, негізге сүйеніп байыпты айтатын, салмақты, дәйекті ойларын жеткізетін. Әр кездесуіміз, басқосу мәнді де сәнді, мазмұны терең әңгімелерге жалғасатын. Оның білімінің терең екенін, көп оқып, көп ізденетінін көпшілік мойындайтын.

Болат досымыздың азаматтық болмысы, өмірлік ұстанымы, адамгершілік қасиеттері бөлек, дара еді. Ол адамдықтың биік үлгісі бола білді. Бұл, сірә, табиғаттың, Құдайдың оған берген тектілігінің көрініс болу керек. Әдебиет, өнер, қоғам тынысын терең білетін, өмірін ізгілікке арнаған сауатты, өз ортасында беделді қаламгер еді. Бәзбіреулер сияқты жалпақтауды, жағымпаздануды жаны сүймейтін, өтірік-жалғанға жоқ еді.

Облыстық газетте біраз жыл беріле жемісті еңбек етіп, қаламы төселгеннен кейін ол облыстық телевидение және радио комитетіне ауысып, бас редактор болып қызмет етті. Облыс жаңалықтары мен қордаланған көкейкесті проблемаларды көпшілікке жеткізіп, өңірдің дамуына, экономиканың өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Бірер жыл республикалық «Ауыл», «Дала дидары», «Айқын», «Заман-Қазақстан» газеттерінің облыстық тілшісі болып, өңір тіршілігін көпшілікке көрсете білді. Әріптестері оның қаламынан шыққан тартымды, ойлы дүниелерді тамсана оқып, «біздің Болат мықты стилист-журналист» деп сыртынан мақтап отырғанын талай көрдім. Ол өзіне қаламгер-журналист ретінде үлкен талаптар қойып, әр мақаласын өзегіне жеткізе пісіріп, илеуі мен иіруін келтіріп пысықтайтын. Өткір сюжеттер, детальдар, шымыр ой орамдары, тартымды сөз тіркестері кімді болмасын қызықтыратын. Замандастары мойындаған журналистика шеберінің біріне айналып еді біздің Бөкең. Ол аз жазса да саз жазатын, үлкен жауапкершілікті сезініп, кірпияз болатын. Көптеген жас журналистер оны өзіне ұстаз тұтты, одан жазу шеберлігін үйренді.

Зейнеткерлікке жеткеннен кейін қол қусырып үйбасты болып отырып қалмай, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Университет тынысы» газетінің бас редакторы болып беріле қажырлы еңбек етті. Сөйтіп, қаламы қолынан түспей жастардың білімді, саналы, тәрбиелі, еңбексүйгіш болып өсуіне, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерінің мол болуына барынша үлес қосты, шама-шарқына қарай қоғамдық істерге белсенді қатысты.

Кейде маған телефон шалып, жұмыс аяғында жұмысыма келетін. Өмірде кездесіп жатқан түйткілдер жайлы емен-жарқын әңгіме айтып, ой-пікір бөліскенді ұнататын. Жаны таза азаматпен көптеген мәселелерді талқылап, ой таразысына салатынбыз. Көп сөйлеп кісіні мезі етпейтін. Неге болмасын байсалдығы ерекше еді. Кетіп бара жатып: «Әңгіме-дүкен құрып, ой, шіркін, бір жеңілдеп қалдым-ау», – деп ризашылықпен күлетін. Болаттың жаны да, ойы да, ісі де таза болатын. Ар алдында әрқашан беті ашық еді. Ол туған топырағын, кіндік қаны тамған жерін, өскен ортасын, жалпы тұтас елін жан-тәнімен қалтқысыз сүйді. Талантты журналист болды. Қаламынан талай зерделі, ойлы, мәнді, әсерлі, жарқын дүниелер туды. Санай қалсаң, сірә, сан жетпес. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа, жарқылдаған алмас па!» деген сөз осы біздің Болаттай дегдар азаматтарға айтылғандай.

Соңғы бір кездескенімізде: «Таяуда Қарағандыға барып, курстас досым, көрнекті журналист Мағауияны жерлеуге қатысып келдім. Жыл өткен сайын курстас достарымның саны сиреп барады. Сол өкінішті. Әнеу бір күні жазушы досым Мұса Рахманбердиев түсіме кірді. Газетке ол туралы естелік мақала жазсам деп ойлап жүрмін. Жерлесім, көп жылдар облыс білім басқармасын басқарған Жатай Жұмәділов жайлы да қалам тербеу ойымда бар…», – деген болатын. Көп уақыт өтпей-ақ облыстық «Ақ жол» газетінде Мұса Рахманбердиев туралы оның көлемді, мөлдіреген, әдемі естелік мақаласы жарық көрді. Онымен танысып болып, телефон шалып, мақала жайлы өз пікірімді білдірдім. Әңгімеден әңгіме жалғасып, өткен-кеткен өміріміз жайлы әңгіме қозғадық. Мына уақыт деген дүниенің ешкімге дес бермей, уыстағы құм секілді сусып өтіп бара жатқанын күрсіне еске салды. Қайдан білейік, мына тынымсыз тіршілікпен алысып жүріп, өмірдің асау сәйгүліктей зулап өте шығарын. Кейде сол уақыт шіркіннің қай сәтте аяқталарын, өмір қоңырауының соңғы соғуы қашан боларын кім білсін?! Бір күндік жалғанда «Әттең, әттең…» деп санымызды соғып, өзегіміз өртеніп, өкініп жүреміз. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Ұмытпа! Сен мына өмірдің тұрғыны емес, жолаушысысың», – депті. Онысы шындық екен. Ерте ме, кеш пе фанилік өмір таусылады. Өмір мәңгілік емес. Ол хақ.

Болатты да тағдыр өз ықпалына көндірді. Оны алдына қойған мақсаттарына жеткізбей, тіпті қоштасуға мойын бұрғызбай, кенеттен келген ажал деген қасірет 72 жасқа қараған шағында ортамыздан жұлып алып кетті. Өкінішіміз өлшеусіз. Болатты орта жолда өмір бәйгесінен шығып қалғаны қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді ауыртты. Соңғы ақтық сапарға шығаруға келген қарақұрым ел-жұртты көріп, досымыздың үлкен жүректі, сыйлы азамат болғанына көзіміз жетіп «тәуба!» дедік.

Досымызды қасиетті қара жер құшағына тапсырғанымызға санап отырсақ, міне, 40 күн болыпты. Тағдырға талас бар ма? Болат мәңгі өмірге аттанды. Оның алдына қойған мақсаттары аз емес еді. Соның бірі – өз қамқорлығына алып, балабақшаға, мектепке жетектеп апарып жүрген немерелерінің болашағы жарқын, парасатты, мәдениетті, білімді, ойлы, рихани бай болып өскенін көргісі келетіні еді. Немересі Нарбұланды шахмат клубына беріп, ойлау қабілеті, логикасы дамысын дейтін. Әттең, амал не?! Қолдан келер қайран жоқ. Өлім алдында дәрменсіздігімізге жан-дүниең құлазиды. «Орнында бар оңалар». Көңілді демеу ететін – Болат досымыздың артында қалған жарқын істері, қағазға түскен шығармалары, жаққан отын өшірмей отырған жанұясы, өмірін жалғастырып жатқан ұлағатты ұрпағы. Осыны ойлап, сәл болса да марқайып, еңсе көтереміз.

«Жақсы әкеден жаман ұл тумайды» дейді қазекем. Рас болу керек. Бөкеңнің ұлы Думан кішкентайынан зерек болып өсті. Жастайынан қолына қоңыр домбыра алып, мәнерлеп ән салды. Тіпті республикалық «Әнші балапан» жарысына, студенттік кезінде институттың атынан КВН-ге (тапқырлар клубына) қатысқаны күні кешегідей есімізде. Бұл күндері ол облысымыздағы белгілі заңгер, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Болат досымның отбасына біткен қадір мен қасиет, кісілік пен парасаттылық ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне кәміл сенемін.

…Бәзбір сәттерде қолыма Болат Мәуленов досымның 2019 жылы баспадан шыққан «Мұз бен гүл» деген кітабын алып, көз жүгіртемін. Оның көп жылдар бойы там-тұмдап, тірнектеп жиған, көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген, оқушыларының жүрегінен орын алған, дәуір шындығын арқау еткен шығармаларын оқи отырып, көңілге медет табамын. «Қайран, Болат! Артыңда жазған мына кітабың қалды, өзің жоқсың. Көңілді шер басады, ауыр ойлар жан-дүниеңді әлем-жәлем етеді. Шерхан ағамыз айтқандай «Бір кем дүние…» деп досымды еске алып, терең күрсінемін.

Халық арасында «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөз бар. Егер олай болса, Болат досымыздың жарқын өмірін сүйікті жары Шолпан, парасатты ұлы Думан мен жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек немерелері Нарбұлан, Шахмардан өмір сабақтастығының эстафетасын абыроймен жалғастыра бергей!

Өмір көші еш үзілмесін деп тілейміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.