Қалалық қоғамдық-саяси газет

Карантиндегі киносеанс

0 293

Әлемді жайлаған коронавирус індеті бұқараға үйде оқшауланып, уақытты тиімді өткізуді үйретті. Көптеген мамандар зерігіп кетпес үшін халыққа тәулігіне ең болмаса бір фильм көруге кеңес береді. Қазіргі таңда ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлардың жабылып қалғаны да көпшілікке теңдессіз туындыларды үйде, жайлы атмосферада отырып көруге мүмкіндік береді. Әлемнің кино қазынасы шым-шытырық сценарийлі фильмдерге бай. Ендеше, оқырман назарына жыл басынан бері жарық көрген кинотуындылардың қысқаша аннотациясын ұсынамыз.

Бәтес ШАПАҒАТ

«Қиял қайда апарады?»

Бұл – Винсент Уордтың 1998 жылы шыққан фильмі. Басты рөлдерде: Робин Уильямс, кіші Кьюба Гудинг, Аннабелла Шиорра, Макс фон Сюдов, Джессика Брукс Грант, Джош Пэддок, Розалинд Чао, Люсинда Дженни, Мэгги МакКарти, Уильма Бонет.

Крис Нилсен автоапаттан қайтыс болғаннан кейін, оның мәңгі өмірге ие болған рухы жан жары Эннидің жанында қалғысы келеді. Оның серігі ретінде қасында пайда болған жаңа рухтың көмегімен жұмаққа ұқсас әлемдегі жаңа өміріне үйрене бастайды. Бірақ оның жалғыз қалған әйелі құсалықтан өзіне қол салып, Тәңірдің қарғысына ұшырайды. Оны мәңгіге тозаққа айдайды. Крис бар күшін салып жарын таппақ болады, алайда күнәлі жанды жазадан құтқару әлі ешкімнің қолынан келмеген. Жоғарыдағы достарының көмегімен Крис өзінің өміріндегі, дәлірек айтқанда, о дүниелік өміріндегі ең қауіпті де қатерлі сапарға аттанады.

Фильм Ричард Мэтисонның кітабы бойынша түсірілген. Аталған жазушы фильмнің сценарийін жазуға да атсалысты. Фэнтези, драма, мелодрама элементтері араласқан туынды шынайы махаббатты, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты көрсетуге тырысқан. Күйеуінен айырылған әйелдің қиналысы, о дүниелік болғанына сенгісі келмейтін, шынайы өмірге бар жан-тәнімен оралғысы келетін адамның әрекеттері, олардың эмоциялары барынша шеберлікпен беріледі. Адам баласы өлгеннен кейін ғана өткен ісіне есеп жасап, сараптай бастайды. Қалай дегенмен де, фильмнің көрсеткен дүниелері осындай қорытындыға әкелді. Егер фильмдегідей өрбитін болса, біздің о дүниелік өміріміздің алғашқы күндері қайғырумен өтер еді. Өйткені істеген жақсылығымыздан гөрі, теріс әрекеттеріміз, тіпті болмаса жақындарымыздың көңілін қалдырған сәттеріміз ойымызға өкініш болып оралары анық. Бірақ уақытты кері қайтару мүмкін емес. Бар қолыңнан келер нәрсе – рухыңды «тазарту» және бұ дүниедегі қымбат адамдарыңа жақсылық тілеу. Робин Ульямс жалпы осындай пәлсапалық, ой саларлық мағынадағы рөлдерді тамаша сомдауымен ерекше ғой. Аталған фильм де оның жарқын рөлдерінің бірі. Әрине, динамикаға үйренген кейбір көрермен үшін фильм созылыңқы, кейбір сәттері ауыр болуы мүмкін. Дегенмен соңын күтуге кеңес береміз.

«Қиял қайда апарады?» фильмі визуалды эффектілері мен декорациялары үшін «Оскар» жүлдесіне ие болған.

«Таусылмайтын хикая»

Отбасы болып көруге арналған кезекті кинотуындыны ұсынамыз. «Таусылмайтын хикая» (Die unendliche Geschichte) деп аталатын фэнтези драмасы 1984 жылы шығарылған. Ескі фильм екеніне мән бермеңіз, өйткені сізді қызықты оқиғаларға толы таң қаларлық ертегі әлемі күтіп тұр.

«Таусылмайтын хикая» – неміс жазушысы Михаэл Энде 1979 жылы жазған балалар повесі. Кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып шығарылды. Повесть балаларға арналған әдеби ертегі жанрына жатқызылғанымен, сыншылар оны ересек оқырмандар үшін де қызықты әдеби дүние деп бағалады. Бірнеше жылдан кейін кинематографшылар осы кітап негізінде фильм түсіруге бел шеше кірісіп кетті. Экранизация нәтижесін өздеріңіз бағалай жатарсыздар. Дегенмен көңіліңізден шығатынына сенім жоғары.

Фильм анасы қайтыс болған бала жайында. 10 жасар Бастианға мектептегі тентек балалар күн бермейді. Бірде ол пәлеқор сыныптастарынан қашып келе жатып, ескі кітап дүңгіршегіне тығылып қалады. Сол жерден ою-өрнекпен безендірілген тартымды бір кітапты тауып алады. Оны аша салысымен Бастиан тылсым фантастикалық әлемге тап болады. Бұл әлемде ертегіде ғана кездесетін неше түрлі тіршілік иелерімен кездеседі.

Фантазияның сиқыр әлеміне және оның билеушісі Император-қызға үлкен қауіп төніп тұрған еді. Қатер төндіруші – «орындалмаған армандары» көп қатыгез кейіпкер. Фантазия әлемін құтқару Атрейо есімді жас қаһарманның ғана қолынан келеді. Ал оның жеңіске жетуі кітапты оқып отырған Бастианның ой жетпес арман-қиялына ғана тәуелді.

Фильмге қатысты қызықты деректер:

  • Осы атпен картинаның тағы 2 жалғасы түсірілді. Дегенмен бұлар айтарлықтай жетістікке жете алған жоқ. «Таусылмайтын хикая 3» көрермендер тарапынан үлкен сынға ұшырады.
  • «Таусылмайтын хикая 3»-тің сюжеті кітапқа негізделмей, бөлек сценарий бойынша түсірілді. Ондағы кейіпкерлердің есімдері ғана Михаэл Энде повесінен алынды.
  • Михаэл Энденің өзі «Таусылмайтын хикая» фильмін көргеннен кейін, кинотуындының атын өзгертуді талап етіп, түсіру тобын сотқа берді. Жазушы бұл әрекетін экранизацияның кітап желісінен тым ауытқып кетуімен түсіндіреді. Бірақ сот Михаэл Энденің шағымын қанағаттандырған жоқ. Кинокомпания жазушының аты-жөнін титрдан алып тастауға ғана келісті.
  • Фильмнің бюджеті 27 миллион долларды құрады. Бұл Германияда түсірілген фильмдердің ішінде сол кезеңнің бюджеті ең жоғары картина атанды.

«Тұңғиық»

Фильм 1989 жылы жарыққа шықты. Джеймс Кэмерон әдеттегідей бұл жобасына да көп күш пен қаржыны сарп еткен. Нәтижесі фильмнің өзінен де көрінеді. АҚШ-тың әскери-теңіз флотына қарасты «Монтана» атты атом сүңгуір кемесі ядролық қарумен бірге апатқа ұшырайды. Флот министрлігі кеме батқан орынға жақын маңда жұмыс істеп жатқан су асты зерттеу станциясының мамандарынан көмек сұрайды. Төрт әскери барлаушының көмегімен зерттеушілер апаттың себебін анықтап, ядролық қаруларды істен шығарулары қажет. Бірақ мұхиттың түбінде олар бұрын-соңды болмаған тылсым құбылысқа тап болады. Фильм визуалды эффектілері үшін 1990 жылы «Оскар» сыйлығына ие болды. Сюжет толық дерлік судың астында өрбиді. Қап-қараңғы тұңғиықта кейіпкерлермен бірге жүргендей әсер береді. Мұхит түбіндегі станцияның атмосферасы көрерменге ерекше бір көркемдікпен берілгендей болады. Ерекше есте қалар фильмдер санатына кіруі де сол себептен шығар. Дегенмен кішкентай балалардың түсінуі үшін ауыр болуы мүмкін. Сондықтан 13-15 жастан жоғары киносүйер көрермендерге көруге кеңес берер едік. Әрине, ересектердің қатысуымен.

Жанры: шытырман оқиғалы, драма, триллер, боевик, триллер. Тағы бір ескерте кетер жайт, фильм өте ұзақ – 170 минут. Сіздерді үш сағаттық мұхит тұңғиығы күтіп тұр. Бұл су астындағы жай ғана саяхат емес, тамаша, таңғажайып тіршілік иелерімен кездесу деуге болады.

«200 жылдық адам»

Жаңа мыңжылдықтың басы, жаһандық технологияда серпінді жұмыстар іске асады. Адам үйде енді ит пен мысық ұстамайды: олар өздеріне құлтемірлер сатып алады. Мартиндер отбасы да өздеріне таңғажайып сыйлық алады: жаңа кезеңнің NDR-114 құлтемірі, ал қарапайым өмірде жай ғана Эндрю. Үй жұмыстарын жасауға арналған аспап Эндрю кенеттен тосын нәрселерді сезіне бастайды. Бірақ ол бұл құбылыстардың сезім деп аталатынын әлі білмейтін еді. Адамдар мен роботтың қарым-қатынасын тамашалай отырып, өзіміздің бойымызда байқала бермейтін кейбір кемшіліктер мен түйткілдерді көре аламыз. Қайырымдылық, кешірімді болу, адал болуға ұмтылу секілді қасиеттер кейіпкерлердің, әсіресе басты кейіпкер – робот Эндрюдің образы арқылы тамаша берілген. Робин Уильямстің тағы бір тамаша ойынын көре аласыздар. Оның кейіпкерінің құлтемірден адамға айналуға деген ниеті көп оқиғаларға ұрындырады. Дегенмен ол мақсатынан еш қайтпайды. Арманына жету үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Жай сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, адамға тән мінез-құлық, адамгершілік қасиеттерін де игереді. Адамдар оны «адам» ретінде ресми мойындауы үшін бәріне барады. Фильм кез келген жас шамасындағы көрерменін бейжай қалдырмайды.

«Хардбол»

kinopoisk.ru

Фильмнен кейін шынымен спортпен шұғылданғың, болмаса жақыныңды спорт секциясына бергің келіп кетеді. Әңгімеге арқау болғалы отырған картинамыз – «Хардбол» (Hard Ball) спорттық драмасы.

Түрлі матчтарға бәс тігумен айналысатын және ұсақ-түйек алаяқтықты кәсіп қылған Конордың жолы болмай, қарызға белшесінен батады. Ақша табу жолында бәріне дайын ол кедей ауданда тұратын тәртібі қиын балаларды бейсболға үйрететін жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады. Басында қарызынан құтылған соң, бұл кәсіпті тастайтынына күмәні болмаған еді. Дегенмен уақыт өте келе Конор балалармен жақындаса бастайды. Құмарына айналған бәс тігу кәсібін де тастап, бар күшін балаларды баптауға арнайды. Басты рөлдегі Киану Ривстің бұл жарқын рөлдерінің бірі десек қате болмас. Немесе керісінше Киану Ривсті актер ретінде аша түскен картина десек те артық айтты демеңіздер. Сюжет геттода тұратын қара нәсілді балалар төңірегінде. Олардың өмірінде жалғыз мәнді нәрсе бар болатын болса – ол, әрине, бейсбол. Олар өміріндегі түрлі қиындықтарға қарамастан, күнде кешке жаттығуға келеді. Балалар жаттыға жүріп, бір-бірін жақыннан тани түседі. Команда дегеннің мәнін ұға түседі. Балалар өз аудандарының чемпионатына да қатысады.

Фильмді қайғы мен қиын тұрмысты суреттейтін ауыр көріністерден құралған деп қабылдап қалмаңыздар. Балалардың қылығы мен айтқан сөздері еріксіз күлкі шақыратын тұстары жетерлік. Жалпы фильм оптимистік рух береді. Ал кейбір сәттерінде көзге тіпті жас та келеді. Ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттер кездеспейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.