Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің қыздар – жеңіс тұғырында!

0 306

«Тараз-Арена» спорт сарайында өткен волейболдан әйелдер арасындағы жоғары лига ойындарының бесінші кезеңі өз мәресіне жетті.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.КИМ

Бұрымдылар арасындағы ХХVII ел чемпионаты қараша айында Шымкент шаһарында бастау алған болатын. Дуы басым додаға Шымкент, Тараз, Орал, Қостанай, Теміртау қалаларының үздік құрамалары қатысты. Бес кезең бойы кім мықтыны анықтаған жарыстың шешуші кезеңінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков спортшыларға сәттілік тіледі. Ресми бөлімнен соң, Қостанай мен Тараз құрамасының қыздары алаңға шығып, ойынды бастап кетті.

Өткен жылғы ел біріншілігінде екінші орын биігінен табылған жерлестер құрамасы қостанайлықтар үшін мықты қарсылас болғаны белгілі. Бұған дәлел – қос құрама арасындағы тартыстың 4 кезеңге созылуы. Сайыстың алғашқы кезеңінде қостанайлықтардың айы оңынан туып, есеп 24:26 болып аяқталды. Әйтсе де, бар-жоғы екі ұпай үшін тараздықтардың тауы шағылмады. Талай бәсі жоғары бәсекелерде топ жарған жерлестеріміз екінші кезеңде ойынға белсене кірісіп, қарсыластарынан басым түсті. Есеп әзірге тең. Тап осылай соңғы екі кезең бойынша тараздық қыздардың шапшаң әрі ширай түсуінің арқасында жеңіс жерлестерге бұйырды. «Тараз» волейбол клубы директорының орынбасары Темірхан Бізбаевтың айтуына қарағанда, алғашқы 4 кезең бойынша жерлестер құрамасы жоғары нәтиже көрсеткен екен. Міне, бесінші әрі шешуші кезеңнің көрсеткішіне сай «Тараз» волейбол клубының сылқымдары тұғыр биігіне көтерілді. Ал құраманы жеңіске жетелеген «Тараз» волейбол клубының жаттықтырушысы Кристина Башкатованың қосқан үлесі зор. Жоғары лигада жеңістің туын желбіреткен құраманың ойыншысы Кристина «Үздік ойыншы» атанды.

Төрешілер алқасының шешімімен жалпы есеп бойынша әйелдер арасындағы биылғы жоғары лига жеңімпазы «Тараз» құрамасы болса, ІІ орын Орал қаласының «Грация» командасына бұйырды. Ал былтырғы ел чемпионатында жеңімпаз атанған шымкенттік «Қазығұрт» құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.