Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің өнім қашан брендке айналады?

0 747

Соңғы жылдары өңірлерде жаңа кәсіпорындар ашылып, ірі кәсіпорындар өндіріс көлемін арттыруға күш салып жатқаны байқалады. Кәсіп ашып, нәсібін көремін дейтіндерге де жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл мемлекетіміздің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған соны серпіліс деп білеміз. Әсіресе, сонау тоқырау жылдарында жабылып, егемендік алған тұста қайта құрылған кәсіпорындардың жетістігі қуантады.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК

Жамбыл облысының тарихы жайында сөз бастап, өндірістік әлеуетіне тоқталсақ, сонау 1961 жылы негізі қаланған былғары өнімдерін өңдейтін комбинат жайында айтпау мүмкін емес. Иә, Әулиеатада жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде аяқ киім өндірісі уақытында жақсы дамығанын көпшілік біледі. Сол кезеңдерде жеңіл өнеркәсіпке бағыт бұрған жастар да аз емес-тін. Қазір сол шеберлерді іздестіретін болсақ, аяқ киім жөндейтін шағын дүңгіршектерден кездестіріп жатамыз. Бұл да орынды. Себебі аталмыш өндіріс ошағы Кеңес дәуіріндегі үш негізгі ірі комбинаттың қатарында болған және 5 мыңнан астам жұмысшы жылына 6 миллион жұп аяқ киім шығарған. Тіпті Кеңес үкіметі тұсында комбинатқа Д.А.Қонаев, Н.Назарбаев, кейінірек Иманғали Тасмағамбетов те ат басын бұрып, КСРО ыдырағанда еңселі комбинат жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал 2002 жылы аяқ киім өндіруде мүмкіндігі жоғары өндіріс «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Серіктестіктің 1,2 гектар алқапта орналасқан толық инфрақұрылыммен жабдықталған 100 000 шаршы метрден астам өндірістік-әкімшілік ғимараты бар. Бүгінгі таңда зауыт кеңестік кезеңдегі қуатында жұмыс істемесе де, жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Өндіріс орнында былғарыдан жасалған 70 түрлі аяқ киім шығарылады. Олар негізінен әскерилерге, жұмысшыларға, ерлер мен әйелдерге арналған. Мұнымен қоса, соңғы жылдары балаларға арналған аяқ киімдер шығару да қолға алыныпты. «ТаразКожОбувь» серіктестігі директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусовтың айтуынша, егер тапсырыс көп болса, өндірістің әлеуеті жылына 500 мың жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы екен.

– 2009 жылы аяқ киім өндіру ісінде озық үлгідегі «Desma» деп аталатын екі құрылғыны Германиядан сатып алдық. Бұл жұмысты біршама ілгерілетіп, өнімнің көлемін арттыруға пайдасын тигізді. Расында, мұндай технология Алматы мен Қарағанды қаласында болғанымен, олардың қуаты жоғары емес. Сәйкесінше өнімнің көлемі де аз. 2002 жылы кәсіпорында 50 адам жұмыс істеп, жылына 9 мың ақ киім шығарса, бүгінде жылына 180-200 мың жұп аяқ киім өндірілуде. Әрине, бұл сұранысқа, тапсырысқа тікелей байланысты. Сол үшін де заман талабына сай сәнді аяқ киімдер өндіру үшін Ресейден дизайнер алдырдық. Тиісінше, жарнама жасауға да ерекше көңіл бөлінді. Жамбылда былғарыдан аяқ киім шығаратын бізбен деңгейлес кәсіпорын жоқ. Бірақ зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне тұсау болып тұрған – нарықта Қытайдан келетін тауардың көп болуы. Әрине, ол аяқ киімдер сапасы жағынан бізге тең келмейді. Бірақ халықтың талғамына қарсы шыға алмаймыз. Сол үшін де жылдан-жылға жаңа үлгідегі аяқ киімдер шығаруға күш саламыз. Әйелдер мен балалардың аяқ киімін шығаруға кірісудің өзі – өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған жоспарлы қадамдар. Бәсекеге қабілетті болу үшін барымызды саламыз, – дейді Шамухтар Қарабайұлы.

Жеңіл өнеркәсіптің ішінде аяқ киімге қашанда сұраныс жоғары. Сондықтан негізгі мәселе – сапалы өнімге халықтың қызығушылығын арттыру. Жоғарыда Шамухтар Қарабайұлы атап өткен «Desma» құрылғысы аяқ киімнің табанын балқытып құюға арналған. Оның көмегімен жұмысты біршама жеңілдетуге болады. Мысалы, бұрын аяқ киімнің табанын бекітуде 20 адам атқаратын жұмысты қазір 5 адам істейді. Осындай құйылмалы табанның ерекшелігі – беріктігінде. Жалпы серіктестік аяқ киім өндірісінде отандық өнімге басымдық береді. Нақтырақ айтсақ, аяқ киімге жұмсалатын құралдардың 90 пайызы өзімізден шықса, қалған қосалқы бөлшектері Германия, Италия, Қытай, сондай-ақ Ресейден жеткізіледі. Осы ретте зауыттың елдегі бірқатар ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасасқанын айта кеткен жөн. Сол үшін де әскерилердің және қарапайым жұмысшылардың аяқ киіміне сұраныс жоғары болып тұр. Серіктестіктің басты мақсаты өнім көлемін ұлғайту болған соң, тұтынушылардың үдесінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда. Зауытқа жетіспейтіні – тек тапсырыс қана. «ТаразКожОбувь» серіктестігінің облыс аймағында 14 дүкені ашылған. Оған қоса, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қарағанды қалаларында да нүктелері бар. Биыл зауыт басшылығы 160 мың жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр. Бұл, әрине, мүмкіндігі әлдеқайда жоғары өндіріс үшін аздық етеді. Өткен жылы карантин талаптары да жұмысты баяулатуға түрткі болған. Алғашында зауытта 20 күнге дейін жұмыс тоқтап, кейін санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өндірісті қайта қосуға мүмкіндік алыпты. Серіктестік басшылығының айтуынша, зауытта барлығы 200 адам жұмыс істесе, олардың 70 пайызын әйелдер құрайды екен. Көбісі егде жастағылар. Сол себепті жұмысшылар бетперде тақпай, іске кіріспейді. Олардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Наурыз айында жұмысқа 4 мүмкіндігі шектеулі азамат тартылып, олардың саны 12-ге жеткен. Қызметкерлер ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мұның жалпы құнының 50 пайызы кәсіпорын есебінен субсидияланады. Бұған қоса, ай сайын қоғамдық көлікпен қатынауға арналған төлем карталарының шығынын кәсіпорын көтереді. Жұмысшылар құқықтарының қорғалуын кәсіподақ қадағалайды.

Кез келген жұмыста негізгі күш жастарға артылады. Бірақ жеңіл өнеркәсіпке, соның ішінде аяқ киім өндірісіне келетін жастар азайған, тіпті жоқ десе де болады.

– Иә, жұмыста санаулы ғана жас бар. Олар келмейді деп кесіп айта алмаймыз, келеді, бірақ жарты жолдан кері қайтып жатады. Бұрын оқу орындарында жеңіл өнеркәсіптің ішінде аяқ киім өндіретін мамандарды даярлайтын. Ол заман өтті. Қазір қиын. Жұмыспен қамту орталығы ашық есік күнін өткізеді. Оған да бардық, көрдік. Бірақ ешкімнің келгісі жоқ. Телеарналарға да жарнама береміз. Иә, қазір қоғам өзгерді. Мамандар жоқ болған соң, жұмыс іздеп келген адамды әуелі үйретеміз. Бұл аз уақыт алмайды. Олар осы аралықта тұрақты жалақысы мен үйренгені үшін 3-4 ай қосымша үстемақы алады. Бізде басқа таңдау жоқ, – дейді Шамухтар Қарабайұлы.

«ТаразКожОбувь» серіктестігінің аяқ киім өнімдері нарықта өз бағасын алып жатыр десек те қате айтпаған болар едік. Өңірде аталмыш өндіріс орнының тауарларын білмейтіндер кемде-кем. Бірақ осы жетістікпен тоқтап қалуға да болмайды. Бағалары шамамен 5 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін жететін аяқ киімдердің сапасы жақсы. Мұндай қасиетке ие болуына өндірісте қолданылатын тауар мен озық үлгідегі технологиялар тікелей әсер етеді. Балаларға арналған аяқ киімдерді шығару тиімді болмаса да, нарықта өзіндік орнын қалыптастыру үшін батыл қадамға барып отырған серіктестіктің жұмысын оң бағалауға болады. Биыл елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, кәсіпорын 60 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр. Бұл – іргесі қаланған тұстан күні бүгінге дейін түрлі кезеңдерді өткерген жамбылдық кәсіпорын үшін тарихи сәт.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.