Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таңжарықты танимыз ба?

0 219

Халық уақыттан да бұрын, тарихтан да ертерек бағалап, өз жүрегінен орын беретін тұлғалар болады. Міне, сол тұлғалардың бірі Таңжарық Жолдыұлын халық арғы бетпен де, бергі бетпен де байланыстырып қарайды. Оған себеп – Таңжарықтың сонау бір зұлмат жылдарда Кеңес Одағының қарамағында болған Қазақ мемлекетіне қашып келіп, серілік құрып, Нарынқол жерінде Қойдыммен айтысып, өлең-жырлары кең таралып, еліне өзінен бұрын сөзі жетуі. Әрі кейбір естелік деректерде оның Алашорда үкіметімен де байланысы болғаны еміс-еміс айтылып жататыны сондықтан.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Біз бірақ Таңжарық Алашордамен қаншалықты байланыста болды, ол туралы нақты тарихи дерек таппадық. Бірақ оның осы жаққа келіп, қайта барғанда, алашшыл идеямен сусындап, еліне алашордашылардың шығармаларын апарып насихаттағанын жоққа шығаруға болмайды.

Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы Қытайдың Іле облысы, Күнес ауданы, Телқара деген жерде дүниеге келген. 1920-шы жылдары Кеңес Одағына өтеді. Шапшал-Қалжат шекарасынан Нарынқолдағы Бөрібай ауылына келеді (Бөрібай ауылы 1916 жылы Қытайға көшіп барып, кейін қайтадан бері өтіп кеткен. Таңжарықпен құдандалы байланыста, яғни Таңжарықтың жесір жеңгесі Айжанның ағасы). Сөйтіп, кедейлерді қолдайды деген Кеңес үкіметіне өзін мәлімдеп, оқығысы келетінін айтады. Кейін жекжат-жұраттарының көмегімен Алматыда үш ай болып, қайтадан Нарынқолға барады да, Бөрібай ауылында үш жылға жуық тұрады. Сол кезде Кеңес Одағында баспадан шыққан кітаптармен танысып, Абайды да құныға оқып, Қойдыммен де сол кезде айтысады. 1928-ші жылдары Қытайға қайта барады. Міне, осы кезде ақын Міржақыптардың шығармаларын апарады. Бірақ барғасын ел «қызылдасып келді» деп елге сыйдырмай, түрмеге қаматады. Кейін қазақтың мансапты адамдарын салу арқылы ел-жұрты оның қамалуына қарсы болып, түрмеден шығарып алады. 1935 жылы қазақ-қырғызға басшы болған Мақсұт деген адам Таңжарықты Құлжаға ауыстырып, оны осындағы газеттің әдеби редакторы етіп, ойын-сауық, театр жұмыстарын ұйымдастыруға басшылық ететін қызмет береді. Міне, дәл осы кезде ол Міржақып, Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары мен идеяларын насихаттағаны анық. Ол туралы Ербол Алшынбайұлының «Аңыз адам» журналына берген мына бір сұхбатына назар аударып қарасақ, мынадай деректер келтіреді: «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №45 санында «Қазақ» газетін 10 облысқа қараған киіз туырлықты Қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі көрсетілген мақала жарияланады. Сол мақалада Қытай қазағы 10 газет жаздырып алып тұрғаны туралы мәлімет бар. Міне, сол он адамның бірі Таңжарық ақын жақын жүрген Күнестегі Сасан ауылы болатын. Ал екінші зиялы – Қорғас өңіріндегі Қызайдың (ру аты) атақты биі Жабықбай болыс. Таңжарық осы кезде он жастағы бала. Демек, аузында ана сүтінің дәмі бар бозым бала кезінен-ақ Алаштың ұлы мұраттарымен таныс болды. Екінші бір дерек, тағы да сол «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №222 санында «Баспахана туралы» деген атпен Іле қазақтарынан келген хат жарияланған. Сол хатта ұлтым деген адамның жүрегін ерітер сөздер бар. «Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз?!», – дейді. Осы екі деректен-ақ Таңжарық ақынның Алаш идеясымен тым ерте кезден таныс болғанын аңғарамыз. Сонымен бірге қазақ санасына дауылдай тиген, ел арасына ерекше қарқынмен тараған сол кездегі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы мен Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағын да Таңжарық Жолдыұлының жастанып оқығаны өлеңдерінен аңғарылып тұр.

Ахмет, Абай, Әсет, Міржақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкәрім, Әріп пенен Мұрын, Омар,
Көмбеге олар шапса, тың барады, – деп жазады Таңжарық ақын.

Кеңес үкіметі орнаған соң, Шығыс Түркістанға ауған Алаш арыстары бұл өңірдің әр аймағына өтсе де, отызыншы жылдардың басына қарай ептеп бәрі Құлжа қаласына жинала бастады. Бұл басқосуды Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Шәуешек сапарының жалғасы деп қараған абзал. Шәуешек арқылы өткен Райымжан Мәрсекұлы, Құлжаға келген Жетісу Алашордасының басшысы Ыбырайым Жайнақов, Иса Тергеусізов, Молдағали Бектұрұлы, Мейірман Ермектасов сияқты Алаш асылдарының басы қосылып, Шығыс Түркістан қазағының рухани-мәдени дамуы мен оқу-ағарту мәселелерінде жетекшілік етіп, азаттық рухын оятты. Иса Тергеусізов пен Таңжарық Жолдыұлы «Іле өзені» газетін бірге шығарды. Иса Таңжарықтың орынбасары болды. Сонымен бірге Қытай қазақтарының алғашқы сахналық қойылымы ретінде Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналайды. Бұл 1935 жыл болатын», – дейді.

Сонымен қатар Ербол Алшынбай осы сұхбатта мынадай деректерді де келтіреді: «Таңжарық Жолдыұлы бастаған «арғы беттегі» қазақ зиялылары Шығыс Түркістанға «қоныс аударған» қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақов сынды Алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Алашорданың Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескені жайындағы әңгімелер ел арасында айтылады. Жұрт аузындағы осы сөздерде шындықтың сілемі жатқан секілді. Бұл ақын шығармаларында да із қалдырған. «Тұтқындалу» атты ұзақ толғауында тергеушінің аузынан берілетін шумақтарда:
…Алып тұр Алтай жақтан Әбеу хабар,
Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар.
Құсайын Үрімжіден саған келген,
Кісің көп сенің мұнда елге шабар.
Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,
Бір қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас.
Бастап жүр ол кеткен соң Жәйірбегі,
Олардың қайсы қазақ тілін алмас.
Білесің оның бәрін ішінде өзің,
Қай қазақ саған келіп ақыл салмас.
Таратып жатасың сен ұйымшадан,
Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас, – деп айтылады.

Таңжарықты зерттеуге өмірін арнаған ғалым Оразанбай Егеубаев 2001 жылы Үрімжіден шыққан Таңжарық шығармаларының екі томдық толық жинағына жазған алғы сөзінде: «…Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстандағы Алашорда партиясының Шинжаңға келген адамдары, Шинжаңда өздерінің құпия ұйымдарын құрып, бұрынғы қимылдарына кірісе бастайды», – деген дерек келтіреді. Осының бәрі де бұл сөздің растығына меңзейді. Тіпті тергеуде ашынған ақын «Түрме халі» атты толғауында:
«Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,
Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз», – деп ашық айтып тұрған жоқ па?!» – деп сөзін түйіндейді Ербол Алшынбай.

Ал енді Сәлима Әсейінқызының дерегінде 1912 жылы Шуетаң деп аталатын моңғол-қазақ мектебіне оқуға түседі Таңжарық. Сәлима бұл туралы өз естелігінде: «Әкем Ташкентте оқып жүргенде досы Таңжарықтан «жақында Бәти деген жесір әйелмен жұлдызым жарасып, үйлендім» деген хат келіпті», – дейді («Ұлттар ынтымағы», №5 сан, 1994 жыл). Демек, Ташкентте оқығандармен хат алысса, қалайда ақынның сыртпен байланысы үзілмеген деуге болады. Бұл да жоғарыдағы сөзімізді растай түсуге аз да болса сеп сияқты. Мейлі қалай болмасын, ол өз ұлтын қараңғылықтан құтқаруға, өз елін азаттыққа жетсе екен деп армандаған тұлға. Оның:
Ұқпасаң ұғар күнің келді, қазақ,
Көрдің бе өзің сынды елді, қазақ.
Қайратың қара сойыл қайда қалды,
Күшіңмен тоқтаттың ба желді, қазақ?
Таста да надандықты, кел қатарға,
Ел болып есіңді жи енді, қазақ, – дейді немесе:
Қазақ жүр елпек қағып көшіп-қонып,
Сорлының бір ісі жоқ тұрған оңып.
Өзеннің өрім талын кесіп алып,
Жасайды кереге-уық кесіп-жонып.
Кірпіштен жаңа рахат үй сала алмай,
Отырар киіз үйден қыстай тоңып, – деген өлең жолдарынан-ақ Міржақыптармен мүдделес, Абаймен тамырлас болғанын аңғару қиын емес. Ел-жұртын оянса екен, ғылым-білім игерсе екен деген ниетін білу қиын емес. Міне, осыдан біз Таңжарықты әлі де тереңдей зерттеу керек екенін түсінеміз. Ол туралы нақты тарихи зерттеулер заманның ағымына қарай сәті түскенде жазылады деп сенеміз. Біздің мақсатымыз – сондай бір ақынның болғанын елге паш ету, аз болса да ол туралы айту және есімін болса да ел құлағына жеткізу.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.