Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біз тек қазақ тілін қолдануды міндеттейміз»: Дәурен Абаев ресейлік депутаттарға жауап берді

0 322

Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог 2.0» бағдарламасына берген сұхбатында тілдерді қолдану мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсінік берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Желтоқсан айының басында Қазақстан парламенті жарнама тақталарының қазақ тілінде жазылуын қарастыратын заң жобасын мақұлдаған.

«Бүгінгі таңда сыртқы жарнамаларда, маңдайшаларда, мейрамханалардың ас мәзірінде қазақ тілі мүлдем қолданылмайды немесе дұрыс емес қолданылады, қателіктер орын алады. Біздегі ғаламтор белгілі бір атаулардың немесе ұран сөздердің бұрмаланған аудармасын күлкіге айналдырған мемдерге толы. Нәтижесінде мүлдем ақылға сиымсыз дүниелер болады. Сондықтан заң жобасында түпнұсқа аударма мен емле нормаларын сақтау талаптары нақты көрсетілген», — деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Ол сонымен қатар кейбір ресейлік БАҚ заң жобасы туралы ақпаратты бұрмалап бергенін айтты.

«Кейбір басылымдар «Қазақстанда орыс тіліндегі жазулардан арылып жатыр» деп жазды. Бұл құдды біз орыс тілін жарнамада қолдануға тыйым салатын заң қабылдап жатқан сияқты естілді. Ең жаманы – көп адам сол дұрыс емес тақырыпты ғана көреді де, әрі қарай жаңалықты оқымайды. Сол тақырыпқа қарап пікірін қалыптастырады. Шын мәнінде ешкім орыс тіліне тыйым салайын деп отырған жоқ. Біз тек қазақ тілін пайдалануды міндеттегіміз келеді. Жарнама екі немесе үш тілде бола берсін, мәселе жоқ», — деді Абаев.

Айта кетейік, парламент қабылдаған, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға жіберілген көрнекі ақпарат туралы заң хабарландыру, жарнама, белгі және өзге де көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу мәселесін қарастырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.