Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биыл Жамбылда 32 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады

0 1  544

Салалық басқармалар мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктері өзара тығыз байланыста, бірлесіп, нақты нәтижеге жұмыс істеуге тиіс.

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі қаралған кезекті аппараттық кеңесте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осылай деді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің баяндауынша биыл облыс бойынша 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 46 942 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде, 31 746 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру міндеті тұр.

Биыл 15 197 адамды субсидияланатын жұмыс орындары үшін 13,5 млрд теңге қаралған десек,  жыл басынан 9 762 адам (64,2%) жұмысқа тартылған.

Ағымдағы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына қайтарымсыз грант беру үшін 1,4 млрд теңге қаралуда.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл жастарға  2,5 пайызбен микрокредит беру жалғасады.

Жиында жұмыспен қамту көрсеткіштері төмен Жуалы, Сарысу аудандарының және Тараз қаласы әкімдерінің есептері тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев қайтарымсыз грант және несие берудің шарттарын облыс тұрғындары арасында насихаттау мен түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

– Қайтарымсыз несие, грант беру кезінде тұрғындар арасында дүрбелең тумауға тиіс. Қаржыны мақсатты пайдалану, кәсіптің жоспарға сәйкес жүруі басты шарт. Азаматтарды қабылдау барысында басым бөлігі осы мәселеге қатысты өтініш білдіреді. Грант бөлу шараларының барысында заң талаптары қатаң сақталып, ашықтық қамтамасыз етілуге тиіс, — деді облыс әкімі.

Сондай ақ аймақ басшысы әлеуметтік жұмыс орындарын құру шаралары да назардан тыс қалмауға тиіс екенін атап өтті. Салалық басқарма мен қала және аудан әкімдіктері жауапкершілікті бір-біріне итермей, өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі керектігін ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов облыс аумағындағы табиғи өрттің алдын алу жөнінде қолға алынған шаралар туралы хабарлады.

Басқосу барысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев, Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтің баяндамалары тыңдалды.

Облыс әкімі орман және дала өртінің алдын алуда жеке құрамның, өрт сөндіру техникаларының сақадай сай болуы қажеттігін талап етті.

Сондай-ақ, өрт қауіпін алдын алу мақсатында тұрғындарға кең көлемде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырып, орман шаруашылығы мекемелерінің де әзірлігі жіті тексеріліп, жанар-жағармайдың жеткілікті көлемінің болу керектігін баса айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.