Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биыл Таразда 53 үй жаңғыртылуда

0 235

Бүгінде Таразда тұрғын үйлерді жаңғыртуға баса ден қойылуда. Айталық, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша биыл 53 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарлануда. Бұл бойынша бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылып, биыл тиісті қаржының бөлінуі қарастырылған болатын.

Қазіргі таңда аталған нысандарда жалпы саны 23 мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін толығымен аяқталады деп көзделуде. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарына жұмсалған қаражатты қайтару, кондоминиум объектісінде орналасқан пәтер ауданына сай, әр пәтер иесіне пропорционалды түрде есептеліп, қайтарым мерзімі он бес жыл болып белгіленген.
Биыл бұған қоса «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» ЖШС-нің мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуатын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы №5, 8, 12, 14, 31, 39 үйлерге «Арқас-А», «Юг-ТехСнаб» ЖШС мердігерлігімен жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ағымдағы жылы тек ықшамаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС мердігерлігімен Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59, жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары күрделі жөндеуден өтуде.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.