Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенбілікке салғырт қараған кімдер?

0 672

Жыл сайын Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен шаһарда абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша күзгі екі айлық өтеді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, сенбілікке шаһардағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, ұйым мен кеңес мүшелері шығып, тонналап күл-қоқыс шығаруда.

Айталық, өткен сенбі күні тазалық шарасына 12 арнайы техника жұмылдырылып, 167,5 тонна қоқыс шығарылған. Аталған сенбілікке жалпы саны 3 673 адам қатысты. Дегенмен сенбілікке шаһардағы кейбір мекемелер немқұрайлы қарап, салғырттық танытып отырғаны жасырын емес. Мәселен, №50 орта мектеп, Оқу-әдістемелік мекемесі, Көші-қон мекемесі, облыстық офтальмологиялық орталығы, «Нұралы» базары, «Парасат» колледжі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «КазСуШар» РМК Жамбыл филиалы, «Арзу» ЖШС, «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС, облыстық мемлекеттік кірістер, әділет, ішкі істер басқармалары, №24 гимназия, ХҚКО, «Дос-нар» сауда үйі, «Тараз аяқ киім» ЖШС, «Автогид» базарының басшылығы қала тазалығына қатысуға құлықсыз екенін айқын аңғартқан. Өкінішке қарай, ЦОН №3 бөлімшесі, «Фиркан» сауда үйі, №43 «Еркеназ» балабақшасы, №28, №43 орта мектептер, обаға қарсы станция, ШЧ-32, ЭЧ-21, КЭГОК мекемелерінің ұжымдары да осы қатардан табылып отыр. Алайда №1, №5, №8 және №11 аумақтық округтерде орналасқан барлық мекеменің қызметкерлері бір кісідей сенбілікке атсалысып, көпке үлгі көрсеткенін де ерекше атап өткеніміз абзал. Мұның барлығы түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілгенінің нәтижесі екені даусыз.
Тағы бір айта кетерлігі, шаһар аумағында құрылыс қалдықтары, стихиялық қоқыстың тиісті орынға тасталынуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде, былтыр 1 392 тұрғынға ескерту беріліп, 35 адамға айыппұл салынған болатын. Ал ағымдағы жылдың 15 тамыз бен 5 қыркүйегі аралығында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 264 заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 221 азаматқа ескерту берілсе, 43-іне айыппұл салынды.
Тазалық сақтамаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген. Жалпы жыл басынан 612 нысан иесіне ескерту берілсе, 121 адам айыппұл арқалады.
«Тазалық таза ұстаған жерде орнайды». Бұл – ешқашан өзектілігін жоймайтын тәмсіл. Сондай-ақ мәдениеттілік пен тәртіптің де бастауы осы – тазалық. Сондықтан әрбір тұрғын, мекеме, ұйым басшылары осыны жете түсініп, көне шаһар Тараздың айнадай жарқырауына үлес қоса білсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.