Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірнеше пәтер тонаған баукеспелер қолға түсті

0 1  186

Жыл сайын Қазақстанда он мыңдаған пәтер тоналады. Ал тонаушылардан қорғанудың кең таралған әдістері кейде жеткіліксіз болып жатады. Өйткені тәжірибелі ұрылар бірнеше минут ішінде пәтерге кіріп, жылан жалағандай тазартып кете алады.

Сондықтан пәтерді қараусыз қалдырсақ, біз оның қауіпсіз екеніне әрдайым сенімді бола бермейміз. Ал тонау статистикасы кейде жұмыс орнынан немесе демалыстан үйге оралғаннан кейін пәтердегі барлық нәрсенің орнында екендігіне сенімділік бермейді.
Пәтер ұрлығы – қылмыстың ең кең тараған түрі. Осыған дейін белгілі бір аудандар ұрлық жиі жасалатын аумақ саналса, қазіргі уақытта ондай қылмыстар қаланың қақ ортасында, тапа-тал түсте жасалып жатыр. Бүгінде тіпті бір үйдің бірнеше пәтерін тонайтындар да пайда болған.
Осындай қылмыскерлер күні кеше облыс орталығында қолға түсті. Тараз қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына ықшамаудандардың бірінде тұратын пәтер иесінен белгісіз адамдардың үйіне ұрлыққа түскендігі туралы хабарламасы келіп түскен. Дәл осындай шақыртумен сол күні тағы бір қала тұрғыны хабарласты.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығының 36 және 25 жастағы тұрғындары анықталып, ұсталды. Олардың үйінен барлық айғақ заттар – 5 дана жылытқыш батареялары, жеке заттар салынған чемодан, теледидар, ноутбук, 15 үстел және өзге де мүліктер табылып, тәркіленді. Күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Екі үйге келтірілген шығынның көлемі 1 миллион 375 мың теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) тергеу амалдары жүргізілуде.
Пәтер ұрылары бірінші кезекте ақша, зергерлік әшекей бұйымдары, былғарыдан жасалған бұйымдар мен ішіктерді алып кетеді екен. Ал техникадан олар көбіне кішігірім ғана және үйден байқатпай алып шығуға болатын ыңғайлы планшеттер мен ноутбуктарды алады. Осының барлығын 10-15 минутта-ақ жасайды. Бұрынғы замандағыдай үлкен жүйелі блоктардан тұрған компьютер мен мониторларды, теледидарларды немесе қысқа толқынды пештерді тасымайды. Бүгінде ірі қалалардағы үй ұрылары көлемі үлкен техникаларды алмайтын көрінеді.
Осы орайда пәтер ұрыларынан сақтану жолдарын пысықтаған жөн:
– Кіреберіске бірнеше құлыппен жабдықталған күшейтілген темір немесе ағаштан жасалған кіретін есік орнату керек, құлып неғұрлым күрделі болғаны жақсы;
– Үйге келген бөтен адамдардың (коммуналдық қызмет өкілдері, тұрмыстық техника жөндейтін шеберлер) емін-еркін жүруін шектеу қажет;
– Пәтер кілттерін, ақша, құжаттарды көзге түсетін жерде қалдырмау қажет;
– Газ құбырлары мен өрт сатысына шектескен балкон және лоджияларға темір тор орнату қажет;
– Үйдің ішіндегі жағдайды бөтен біреу көрмеуі үшін терезенің пердесін түсіру қажет, әсіресе кешкі уақытта;
– Қорғау дабылын орнату керек, қорғау агенттігінің өкілдері оқиға орнына 5-7 минутта келеді.
Мамандар заңда «пәтер ұрлығы» немесе «пәтер ұрылары» деген ұғым жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, ол «бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру» деп аталады. «ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабында бөтеннің мүлкін – пәтерін, үйін тонауға түскен адамға қатысты жаза қарастырылған. Әдетте пәтер ұрылары жасаған қылмыс орташа ауыр деңгейдегі қылмысқа жатқызылады. Оған 3 000 айлық есептік көрсеткіш (7 215 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына салынады. Бұдан бөлек, заң бойынша ұрлық жасаған адамның мүлкін тәркілеп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады», – дейді тәртіп сақшылары.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.