Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлігі жарасқан жаңарған Қазақстан!

0 288

Тараз қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні бар салтанатымен аталып өтті. «Бірлігі жарасқан жаңарған Қазақстан!» атты атаумен «Жастар» аллеясында түндігін түрген шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Еліміз үшін бұл мерекенің орны бөлек. Ынтымағы жарасқан елде ғана тұрақтылық сақталып, болашақтың дамуы баянды болатыны белгілі. Елдегі ұлтаралық татулықтың үлгісі де осының негізі.
Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі бола білді. Мемлекетіміздің жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен негізіне айналды.
Ынтымағы жарасқан Жамбыл жерін мекен еткен сексеннен астам этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуда. Экономиканың қай саласында болмасын елеулі еңбектің үлгісін көрсетуде.
Өңірде барлығы 75 этномәдени бірлестік бар. Облыстағы түрлі этнос өкілдерінен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясына 39 мүше енгізілген.
2020 жылы басталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы нәтижелі жұмыс жүргізуде. Жоба аясында 300-ден аса елді мекенде кездесулер мен қабылдаулар өткізіліп, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелері көтерілді. Сондай-ақ түрлі сала мамандары өз бағыттары бойынша көмек көрсетті.
Еліміздің басты қорғаушы күші саналатын қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз, – деген аймақ басшысы бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті екендігін айрықша атап өтті.
Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов қоғамның бірлігі мен дамуы жолында елеулі еңбек етіп жүрген азаматтарға марапаттар табыстады.Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен «Вайнах» Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рамзан Магомадов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктес- тігі «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің бөлім бастығы Николай Гусев, Шу аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Ауесхан Келгенбаев, «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Гүлмира Қоңқашева, «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблінің мүшесі Ольга Попова марапатталды.
Бұдан бөлек, бірқатар азаматтар ҚР Құрмет грамотасына, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаліне және Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
Мерекелік шара этномәдени бірлестік өнерпаздарының және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ аллеяда түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер шеберлерінің көрмесі, қызықты спорттық жарыс- тар ұйымдастырылды.
Дәл осындай бағдарламалар Тараз қаласының басқа да аймақтары мен облыстың барлық аудандарында да өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Лаура Абайқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.