Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлігі бекем елді жау алмайды

0 2  847

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы Білім күнімен тұспа-тұс келді. Бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпаған бірқатар мәселелер айтылған Жолдауды ерекше ықыласпен қабылдадық.

Мемлекет басшысы ең төменгі жалақының күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас деңгейінде белгіленді. Бұған қоса 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі бір жарым жылға дейін ұлғайып, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшері орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін артады. Әрі жеңілдетілген түрде 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл дегеніміз еліміздің әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің бірқатар түйіні тарқайтынын айғақтайды. Сондай-ақ Президент жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін атап өтті.
Президент Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталғанын, алда қиындықтар кездескенімен, бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызды баса айтты. Енді ел келешегі – жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас жұмысқа орналастырылмақ. Бұл бос жұмыс орындарының тамырына нәр жүгіртіп, саланының дамуына серпін беріп, жастардың дамуына мүмкіндік туады деген сөз.
Отанымыздың дамуы ел тыныштығына байланысты. Бабалар аңсаған Тәуелсіздік таңына бірлігіміздің арқасында жеткеніміз анық. Бірлік – ел дамуының басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек», – деген болатын. Әрі бұл құжатта: «Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек. Салық төлеушілерді салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету керек. Сондай-ақ салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет», – делінген. Бұл өз кезегінде салық режимдерін жеңілдету мен жаңа кодекс кәсіпкерлердің салықты уақытылы төлеуіне ықпал етеді деген сөз. Жалпы Жолдауда айтылған бастамалар қолға алынысымен, халық олардың игілігі мен оң өзгерістерін сезінетіндігіне сенімдімін.

Айнұр Бердіқұлова,
№55 орта мектептің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.