Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттің тұтастығы берекелі қоғамнан басталады

0 1  324

Бүгінде әлем тұрақсыздық пен күрделі кезеңді бастан өткізіп жатыр. Ұрпағымыз аңсаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жету жолында бабаларымыз ғасырлар бойы күресіп өтті. Бұған бірліктің арқасына ие болдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында халқымызды берекелі коғам құруға шақырып келеді.

Қазіргі кезеңде кең-байтақ қазақ даласында 140-тан астам этнос өкілі бай-қуатты ғұмыр кешуде. Өткен ғасырда түрлі тарихи жағдаймен жер аударып келген түрлі этностарды бауырына басқан халықпыз. Олар бұрыннан ел экономикасының өркендеуіне аянбай тер төгіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. «Әділетті Қазақстан» құру жолында біз, баршамыз ұлтқа бөлінбестен, біртұтас ел болып, бағыт-бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді де. Бұл бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы», – деген болатын. Осы себепті, мемлекеттің баянды дамуы үшін тұрақтылық ауадай қажет. Бірлік пен келісім кемеліне келген елдің болашағы жарқын болмақ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігі үшін өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуде елеулі жұмыс атқарып келе жатқан институт. Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Диалог пен азаматтық қатысу дәстүрін дамыту, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге негіз болатын озық құндылықтарды дәріптеу біз үшін маңызды. Біз бірге болсақ қана теңдессіз елдік бірегейлігімізді нығайта аламыз. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз», – деп атап өткен болатын. Сонымен қатар: «Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күші-міз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз», – деген еді.
Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Яғни қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Күннен-күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. Президент кезекті Жолдауында тіл мәселесіне де арнайы тоқталды. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорыта айтқанда, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің Жолдауын қолдай отырып, еліміздің әрбір азаматын берекелі қоғам құруға шақырады.

Бибігүл Шахзада,
облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.