Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірінші Мадонна ол енді

(Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рахымжановаға)

0 456

Сахна. Шымылдық ашылды,
Жарқ ете қалды да бір бейне.
Түнекті теріскей жасырды,
Көлеңке айналды күнгейге…

Ей, адам, өмір де – театр,
Осынша кірледің сен неғып?!
Мойныңды өнерге бұра тұр,
Арылып күйбеңнен пенделік.

Ойыңмен тұра тұр осында,
Ойынын ойнап жүр хас әртіс.
Қойылым ғаламат расында,
Болмайды ол жерде осал тұс.

Ойнап жүр хас әртіс басты роль,
Образды құбылтып жан сала.
Сахнамен сан қиыр, асты бел,
Кейпімен ой салып баршаға.

Сахна – самғайтын аспаны,
Ораған үлдемен, бүлдемен.
Мұң менен наланы бастағы,
Бораған бейнелер бүркеген.

Өзіңді табасың сен одан,
Танисың сен оны досым деп.
Көргенмен театр, кинодан,
Көрсетпес ол саған жасын кеп.

Жымияр әдемі жанармен,
Тағдырдан алса да сан соққы.
Үйренген күлуге ол әбден,
Қайғысын қайта ол шаршатты.

Шалса да шаужайдан тұсауы,
Тірліктің өзін де жеңді ол.
Даладай кең байтақ құшағы,
Елінің еркесі енді ол!

Көзайым қуанып көрермен,
Еңбегі ерен боп еленді.
Корифей ол енді өнерден,
Бірінші Мадонна ол енді.

Сахна. Шымылдық ашылсын.
Режиссер, қимылмен белгі бер.
Өнерге адамзат бас ұрсын,
Құдайға бас исін шенділер.

Өйткені қасиет өнерде,
Құдайсыз қонбайды бұл дарын.
Қанеки, Мадоннам, дәлелде,
Әлдилеп ғайыптың құндағын.

Қанеки, Тараздың Мәкені,
Жамбылдың жырындай құйылшы.
Жетпісің – жылдардың өтеуі,
Сұрай бер халқыңнан сүйінші!

Жасай бер Оразхан жарыңмен,
Ойнай бер бұйырған роліңді.
Бақ-ырыс кетпесін төріңнен,
Ұлтыма мәңгілік бол үлгі!

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Талас ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.