Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарттарым қайғы-мұңын ұмытсын, Мейіріммен бірін-бірі жылытсын…

0 426

Қазақ халқы ежелден «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп ерекше құрмет көрсеткен. Дау-дамайлардың шешімін таппағанда, соңғы сөзді ақ сақалды аталарымызға қалдырған. Қазағымыздың ерекше дәріптейтін салт-дәстүрлерін, көркем мінезін ақ жаулықты әжелерімізден үйренген. Ата-әженің тәрбиесін көріп, өнегесінен сусындаған бала да зерек, ел мақтаған азамат болып есейген.

Қариямызды қадірлейтін ел болғасын бұрындары бізде Қарттар үйі деген атымен болмаған еді. Ал қазір осы бір мекеннің көбейіп бара жатқаны кімді болса да қынжылтады. Әу баста бұл егде жастағы, қараусыз қалған, денсаулығы сыр беретін қариялар мен әжелерді әлеуметтік қорғау мен көмек беру мақсатында құрылған мекеме болатын. Сонау аласапыран соғыс кезінде болмаған Қарттар үйінің қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда саңырауқұлақтай қаптауы менің де жаныма батады. Жоғарыда айтқанымыздай, әу баста жасы егде тартқан, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі қариялардың үйі болады деп жоспарланған мекеме бүгінде ұлы мен қызы бола тұра, оларға керексіз болып қалған ата-әжелеріміздің де мекеніне айналып барады. Осындайда «Баласы үшін барын беріп, ақ самайынан иіскеп, тапқанының бәрін өз аузынан жырып перзенттеріне әкеліп, мейірімге бөлеген адамдарды бір шаңырақтың бір бұрышына да сыйғызбай, Қарттар үйін паналатқызған қандай мейірімсіз жандар еді?» деген суық ой санаңды қариды. Көпшілігі «бізге көнбейді», «барып тұрамыз» деген жаттанды сылтауларды алға тартады. Алайда артынан іздеп келіп, жағдайын сұрап жүргендері шамалы. Қарттар үйін паналаған қариялармен әңгімелескенімізде, олардың ұл-қыздарына еш ренжімейтіндерін, тіпті бұл үшін кінә артпайтындықтарын да айтты. Қанша жерден қиянат көрсе, ата-ана жүрегі мейірімнің алтын кені ғой қашанда.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қанша көсілгенімізбен, бүгінгі қоғамның шындығы осындай болып тұр. Естіген сәтте-ақ тұла бойың түршігетін Қарттар үйінде ата-әжелердің ақ батасы мен аялы алақаны бар. Сарғайған сағынышқа, өзекті өртейтін өкінішке, мұңлы жанарларға толы бұл мекеменің мүлдем болмағанын қалаймын.
Дәл осындай санаңды сансырататын тағы бір мекен Балалар үйі деп аталады. Жетімін жылатпаған қазақ едік. Қазір қандай күйге түстік?! Қарап отырсақ, осының бәрін адамдар өз қолдарымен жасап жатыр. Сонда бұл қоғамда шынымен жылулық пен жанашырлықтың ұшқыны да қалмағаны ма? Бала деген анасының мейірім шуағына шомылып, қорған болар әкесінен пана таба алмаса, тіпті көбелек қуып ойнаудың орнына терезеге телміріп, сарылумен күнін өткізсе, оның балалық шағының не маңызы қалды?
Сол қаракөздерді асырап алып жатқан отбасылар қаншама. Олардың қатарында шетелдіктер де кездеседі. Деректерге сүйенсек, 1999 жылдан бері шетелдік азаматтар 8169 қазақстандық бүлдіршінді бауырына басыпты.
Кез келген Балалар үйіне бас сұға қалсаңыз, тағдыры тәлкекке толы түрлі бүлдіршіндерді көресіз. Олар тағдырдың тауқыметіне ұшыраса да, өмірден көңілі қалмаған, көздері сондай ыстық ықылас пен жылулыққа толы балғындардың бар аңсайтыны – аялы алақан мен тарыдай ғана мейірім. Сол көрініске куә болғанда, көзіңе еріксіз жас келеді.
Жалпы Қарттар мен Балалар үйлерінде барлық жағдай жасалған. Олар жылы төсек, ыстық тамақ сынды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Тек жандарына жақын ең аяулы адамдары жоқ қасында. Жүрекке жетпейтіні де – осы. Бір жағынан, олар жалғыз, денсаулықтарына да қарауға шамасы келмей күн кешкенше, өз тағдырластарымен бірге қауіпсіз әрі жайлы жүргендері де дұрыс шығар.
Бұл мәселе дамыған мемлекеттерде де бар. Бірақ олар бұл түйткілдің шешімі ретінде екі үйді біріктіруді жөн деп тапты. Сол арқылы балғындар қарияларға ермек болса, бүлдіршіндер ата-әженің тәрбиесін көріп өседі. Әрине, бір-бірінің жүректеріндегі бос орынды толтыратындай жылулық сыйлай алатын болса, оның несі айып? Шетелдік дәрігерлердің сөзінше, осы бастама жүзеге асқалы бері қариялардың денсаулығы жақсарып, өздерін күтуге деген талпыныстары арта бастапты. Тіпті сондағы бір кейуана: «Бұған дейін бұл жер қу мазар сияқты еді, қазір жаңа өмір бастағандаймыз», – деп жауап беріпті. Шынында да, осы шешімнің нәтижесінде біз екі жақтың да бақытына куә бола аламыз. Сондықтан елімізде осы бастаманы іске асырса, ұтылмасымыз анық. Сөзімнің соңын өзімнің мына бір өлең жолдарыммен түйіндегім келіп отыр:
Тым болмаса екі мекен біріксін,
Қарттарымыз қайғы-мұңын ұмытсын.
Туған ұл мен ата-ана бермеген,
Мейіріммен бірін-бірі жылытсын.

Айнура Сейділдаева,
Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.