Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім беру бизнеске айналып кетті

Қосымша оқу орындарының сапасы қандай?

0 2  151

Бүгінде қосымша білім беру орталықтары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені жасырын емес. Ал ата-ана перзентінің жарқын болашағы жолында барды беріп, жоқты табатындығы тағы ақиқат. Баланың білімі бір сабақтан төмендесе, ата-ана алып-ұшып арнайы репетитор жалдайды немесе қосымша оқу орталықтарын жағалайды.

Қазір қосымша білімге бәрі құмар. Осы күні қала аумағында жеке оқу орталықтары да өте көп. Әрине, олардың бірінен соң бірінің ашылуы сұраныстың артқандығынан да болса керек. Жамбыл облысында білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің айтуынша, бүгінде өңірде 26 жекеменшік оқу ордасы тіркелсе, олардың 11-і Тараз қаласына тиесілі.
– Жекеменшік білім беру мекемелері Білім және ғылым министрінің №391 бұйрығына сәйкес тіркеледі. Әрине, оның өзіндік заңдылықтары бар. Айталық, ең әуелі жүйелі оқу-жұмыс жоспары болуы тиіс. Сондай-ақ әр пән бойынша бекітілген мұғалімдерінің де болуы шарт. Олардың 25 пайызы педагог-сарапшы, педагог-шебер сынды түрлі біліктілік дәрежелерін иеленіп, 10 пайызы сол жерде тұрақты жұмыс істеуі де аса маңызды. Бұдан бөлек, оқу ғимараты жекеге тиесілі немесе 10 жылдан кем емес уақытқа жалға алынуы, асханасында санитарлық талаптардың сақталуы, кітапханасы, спорт залы қажетті құралдармен жабдықталуы, әжетханасының тазалығы, бейнебақылау камераларының орнатылуы, компьютерлердің жеткіліктілігі, тіпті бастауышта білім алатын әр баланың өзінің жеке шкафының болуы сынды қатаң талаптардың негізінде олардың жұмысын бастауға рұқсат етіледі. Себебі қазір барлық білім беру ұйымдары мемлекет тарапынан жан басына қаржыландырылады. Сондықтан да оларға осындай шарттар қойылған. Бірақ олардың оқу ақысына мемлекет араласа алмайды. Әр жекеменшік оқу орны сұранысқа сай өз бағасын белгілейді. Оған шектеу жасау – жеке кәсіпкерлікке тосқауыл қою. Ал бұл мемлекеттің саясатына қайшы келеді, – дейді департаменттің лицензиялау бөлімінің басшысы Қуаныш Көпбаев.
Рас, бәсекелестік сапаны тудырады. Дегенмен осы орталықтардың барлығы сапалы білім бере ме? Бұларға сенген ата-аналардың үміті қаншалықты ақталуда? Біз осы сауалдарға жауап табуға тырыстық. Мәселен, облыс орталығында кеңінен танымал «125» жекеменшік білім беру ордасы бар. Мұнда Назарбаев Зияткерлік мектебіне, қазақ-түрік лицейлеріне оқуға түсуге және ҰБТ-ға дайындайды. Мұнда балаңызды беретін болсаңыз, айына 69 мың теңге төлеуіңізге тура келеді. Ал шалғай ауылдардан келіп, жатып білім аламын десе, жатақхана бағасы ұлдарға 43 мың, қыздарға 33 мың теңгенің төңірегінде. Ал ағылшын тілін жан-жақты меңгертетін IELTS курсының бағасы 29 мыңға жетіп жығылады. Бүгінгідей нарық қос бүйірден қысқан кезеңде бұл сома ата-аналарға әжептеуір салмақ екені айтпаса да түсінікті. Алайда бұл қосымша білімге ұмтылғандардың қарасын арттырмаса, кемітіп отырған жоқ. Айталық, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «125» мектебінің 11-сыныбын 414 оқушы аяқтаған. Осы орайда олардың барлығы жоғары нәтижеге қол жеткізді ме деген заңды сұрақ туындайды. Тараздағы аталған білім ордасының директоры Ерғали Егембердиевтің сөзіне сенсек, ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 98-ді құрап, оқушылардың 95 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған екен.
– Былтыр бізде грант ала алмаған 23 оқушының басым көпшілігі ҰБТ-дан 118-ден жоғары балл жинаған болатын. Біз жыл соңына дейін шәкірттерімізге қандай мамандыққа тапсырған жағдайда грант алудың мүмкіндігі мол екендігі жайлы мәлімет береміз. Алайда кейбір оқушылар біз ұсынған мамандықтарды емес, өздерінің қалауы бойынша таңдап, грантқа ілікпей қалып жатады. Кейін оларды мейлінше әкімшілік гранттарға іліктіруге тырысамыз. Осы орайда бізге келіп білім аламын дейтін ешқандай балаға шектеу қойылмайтынын айта кеткім келеді. Тек олардың ілгерілегенін немесе кері кеткенін аңғару үшін арнайы тест алынады, – дейді мектеп директоры.
Қазіргі таңда тек оқушылардың ғана емес, білікті ұстаздардың да жекеменшік оқу орталықтарына ауысып жатқаны айдай ақиқат. Басты себеп – мұнда еңбекақы жоғары, барлық жағдай жасалған. Қоғам белсендісі Ақерке Рахымбердінің айтуынша, бұған көптеген жайттар әсер етуде.
– Мен осы мәселе бойынша әлеуметтік желіде арнайы сауалнама жүргізгенмін. Сонда бұл жағдайға негізгі себеп ретінде көпшілігі – мемлекеттік мектептердегі қағазбастылық, бітпейтін жиындар, одан қала берді ақша жинау, сырттай білім алып, тамыр-таныспен жұмысқа орналасқан мұғалімдердің кесірінен сағат жетіспеушілігі сынды жайттарды атады. Оның үстіне мемлекеттік оқу орындарында оқушылармен жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді және сол үшін қосымша ақы төленбейді. Ұстаздардың жекеменшікке кетуінің бір себебі осында жатса керек. Менің де біраз танысым балаларын жекеменшік орталықтарда оқытты. Алайда олардың белгіленген бағасын ай сайын төлеуге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Былайша айтқанда, «Байдың баласы молдадан сабақ алса, кедейдің ұлы керегеден сығалайды» дегеннің кері келіп тұр, – дейді А.Рахымберді.
Директор Ерғали Мұхтарұлының сөзінше, орталыққа жұмысқа орналасқысы келетін мұғалімдерге қойылатын талаптар да бар екен.
– Әуелі тестілеу әдісімен маманның білімін анықтаймыз. Содан соң олар сабақ өткізеді. Өйткені кейбір мұғалімнің білімі өте терең болғанымен, оқушыларға жеткізуі қиын болуы мүмкін. Жоғары білімнің де болуы шарт. Бірақ кейде оған қарамаймыз. Себебі бізде оқуын әлі аяқтамаған студенттер де дәріс береді. Алайда олар міндетті түрде педагогикалық жоғары оқу орнында оқуы және өзінің таңдаған мамандығына қатысты пәндерден бағаларының жақсы болуы шарт, – дейді Е.Егембердиев.
Ал ардагер ұстаз Нұркен Қасымова жекеменшік орталықтардың көбеюіне біржақты баға беруге болмайды деген пікірде.
– Бұған екіжақты қарау керек. Баланы қосымша сабаққа беруді мектепке деген сенімсіздік деуге келмейді. Баланың ынтасының төмендігіне, оқуға құлшынысының жоқтығына байланысты қосымша оқуға берген дұрыс. Сонда «индивидуальный подход» болады. Әрине, ол жақсы білім бере алатын орталық болса. Бірақ қазір екінің бірі сондай орталық ашып алған. Екі аттасаң оқу орталығы, білім академиясы… Меніңше, барлығы орталықтың тәжірибесіне байланысты сияқты. Бала мектепте бәріне бірдей үлгере алмай жатуы мүмкін. Мысалы, өзім балаларымды қосымшаға оқытар едім. Қосымша болғанда, көшбасшылық, сөйлеу мәнері, тіл үйрену, сурет салу секілді курстарға берген жақсы, ал мектептің бағдарламасын тереңдетіп оқытатын курстардың керегі жоқ секілді. Жалпы қосымша білім беретін орталық баланың болашағына пәлендей зиян тигізеді деп ойламаймын. Мәселен, мемлекеттік білім ордасында 2 мың, 3 мың балаға дейін оқиды. Тіпті бір сыныпта 30-40 оқушыға дейін бар. Әрине, мұндай кезде бір мұғалім олардың бәрін игеріп, пәнді толық меңгерте алмайды. Ал жекеменшік нысандарда оқушы саны санаулы, сол үшін әр баламен жеке жұмыс жасалады. Олардың бір артықшылығы осында деп ойлаймын. Сондықтан барлығы тек қоғамның сұранысына байланысты, – дейді Нұркен Нұрмаханқызы.
Қалай десек те, білім бизнес көзіне айналып, қосымша орталықтардың дәурені жүріп тұр. Мұны мемлекеттік мектептер баланың қажеттілігін толық өтеп беріп жатқан жоқ деп қабылдауға әсте болмас. Дегенмен бұл осы саланың олқы тұстары бар екенін айқындап-ақ тұр. Бір шындығы – қосымша білім баланы негізгі білімге бастап бара жатқандығы. Бұрын ұстазға «етін беріп, сүйегін өзі алатын» ата-ана қазір бұған қосып қыруар қаржысын да беруге мәжбүр.
Болашақта білім беру орталықтарының саны көбеймесе, азаймайтыны белгілі. Бастысы, олар нан табудың ғана амалын жасамай, жер жарған жарнамасына сай болып, ойы ұшқыр, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды шығарып жатса игі.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.