Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облысқа бір боулинг орталығы жете ме?

0 163

Тараз қаласы – мегаполис болмаса да, 2000 жылдық тарихы бар көне шаһар. Алайда облыс орталығында жастар баратын орындар некен-саяқ. Кинотеатр мен «Мега» сынды сауда орталығы болмаса, кейінгі буын бос уақытын қайда өткізетінін білмей жүргендері жасырын емес.

Әрине, қалада спорт алаңшалары мен жаңғырған саябақтар баршылық. Алайда бүгінгі жастардың жаны жаңашылдықты қалайды. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, спорттың тың түрлерін таңдайды. Киноға барып, рухани әлемді дамыту бір басқа болса, бір-бірімен сайысып, күш сынасып, жеңіске жету – бір бөлек дүние. Осы орайда қалада жастар баратын орындарды зерделеп көрген едік. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын елге қызмет еткен «Еуразия» кинотеатры болған орталықта кино, боулинг, кішкентай балаларға арналған аттракцион болатын. Алайда кейіннен оның жұмысы тұралап, нысанның қаңырап бос қаңқасы қалды. Бірнеше жылдан бері қараусыз қалған нысанның бүгінгі жағдайымен танысу мақсатында ғимаратқа арнайы ат басын бұрдық. Сыртындағы «Калибр» пейнтбол орталығы» деген жазуға көзіміз түсіп, ішке бас сұқтық. Өзін аталмыш клубтың директоры ретінде таныстырған Нұрлан Ниетбаев есімді азамат қала бойынша пейнтболды ұйымдастырып, орталықты жалға алып отырғанын айтты.
– Аталмыш ойын танымал болғанымен, күрес, бокстың қасында атақты емес. Бұл – өте белсенді спорт түрі. Әркім өзінің тактикасын таңдайды. Бірі – шабуылдаушы, бірі – қорғанушы, бірі тығылып, тұспалдан оқ атушы болса, енді бірі тыныш тұра қалады. Көп жағдайда бұл командалық ойын болғандықтан, стратегияны қажет етеді. Қала бойынша үш жерде пейнтбол ойнауға болады. Бірақ біздің орталық қаланың орталығында, «Жеңіс» саябағына қарама-қарсы орналасқандықтан, келушілерге бар жағдай жасалған. Ойынға қажетті барлық құрал-жабдықтар, киімдер, ең бастысы, кең аймақ қамтылған. Мұндағы жерді компьютер ойынындағыдай етіп жасадық. Көпшілік табиғатта ойнап үйренген ойынның біз тас джунглидің нұсқасын ұсынамыз. «Ashyq» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатырмыз, – дейді «Калибр» пейнтбол орталығының директоры Нұрлан Ниетбаев.
Осылайша бірер жылдан бері қараусыз қалған «Еуразия» кинотеатры бүгінде жастар қызығып ойнайтын пейнтбол орталығына айналғанын білдік. Мамыр айынан жалға алып, маусым айында өз жұмысын бастаған аталмыш орталықтың иесі о баста бұл мекемеден 8 камаз қоқыс шығарғанын жасырмады.
– Өздеріңізге белгілі, о баста мекемені жалға алғанда, ішінің жағдайы қорқынышты еді. Қоқысқа толған, есік-терезесі сынған, қараусыз жатып қалған. Бүгінгі қалыпқа келтіру үшін талай тер төгілді. Әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Нұрлан.
Қала әкімдігінде бұл нысанға байланысты талай тартыс болғаны белгілі. Бір жиында аталмыш мекемеде «Жастар» орталығы ашылатындығы айтылған. Бірақ бүгінде «сақалды құрылыс» тізіміне енбей, кәдеге жараған мекеменің жұмысына сәттілік тіледік.
Жастар құмарта ойнайтын ойындардың бірі – боулинг. Кезінде «Еуразия» кинотеатрында ғана болған боулинг орталығы жабылғаннан кейін араға 10 жыл салып, Әл-Фараби көшесінің қиылысында «Страйк» клубы бой көтерді. Жалпы мұндай орталықты салу қомақты қаржыны талап етеді ме? Бұл сауалмен клуб директорына қайырылдық.
– «Страйк» клубы маусым айының 1-ші жұлдызында ашылды. Бұл отбасылық ойын-сауық орталығы болғандықтан, келушілердің саны күн санап артуда. Бізде 3 жастан бастап балаларға арналған жолақтар да бар. Жалпы клубта сізге арнайы шұлық пен аяқ киім беріледі. Нұсқаушы ойын ережесін түсіндірген соң, бір жолаққа кемі 5-6 адамнан орналасады. Негізі бұл клубты Арын Жүнісәлиев екеуміз бірігіп аштық, – дейді клуб директоры Александр Ким.
Директордың сөзіне сүйенсек, боулинг ашу үшін елімізде қажетті жабдықтар жоқ екен. Оны арнайы көршілес Ресей елінен алдырту қажет. Тіпті елімізде боулингтің тілін білетін механиктердің жоқтығы таңғалдырды. Клубтың басшылығы барлық құрал-жабдықты Ресейден алып келуден бөлек, механиктерді де оқытып, арнайы курстардан өткізіпті. Боулинг клубындағы 8 жолақты орналастыру үшін 100 миллион теңгеден астам шығын шыққан.
– Атап өткенімдей, елімізде мұндай құрылғылар жоқ. Барлығы шетелден алдырылатындықтан, шығыны қомақты. Болашақта қала орталығынан үлкен боулинг, бильярд және үстел теннисін ашу жоспарда бар. Оның ішінде балаларды да қамтысақ деп отырмыз. Қазір боулингтің сағаты – 4000, демалыс күндері – 5000 теңге, – дейді Александр Ким.
Иә, қалай десек те, қаладағы жастар баратын нысанның басым бөлігі ақылы және жекеменшік кәсіпкердің қолында. Ал мұндағы бағаны мекеме басшысы өз қалауымен қоятыны анық. Шындығына келгенде, сағатына 5000 теңгені екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық. Сондықтан жеке кәсіп иелеріне бәсекелестік орта тудыру керек. Ол үшін жылда шағын және орта бизнесті дамытуға беріліп жатқан гранттарды тиімді пайдалану қажет. Бір жылдары жанданған «Zhas Project» жобасымен не ұттық? Тек тігін цехы мен шаштараз ашумен шектелдік. Ал олардың бүгінде дені жұмыс істемей тұр. Бәлкім, мемлекеттік қаржыландыруды басқа бағытқа бұратын кез келген шығар. Егер Үкімет тарапынан беріліп жатқан гранттарды осындай жастар мен қала тұрғындарына қажетті жобаларды ұсынған азаматтарға берсек, бәсекелестік орта туып, баға да қолжетімді бола түседі. Оған қоса бұл шаһарда жастарға арналған демалыс орындарының санын арттыратындығы тағы сөзсіз.
Біздікі сынға байланған шын. Ал одан байлам шығару билік өкілдерінің еншісінде.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.